Қала күні қарсаңында Ақсуда жастар аллеясы ашылды
26 қазан — қала күні қарсаңында ақсулықтардың сүйікті демалыс орнына айналған қалалық мәдениет және демалыс саябағында жастар аллеясы ашылды. Бұл туралы Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Мереке қарсаңында аумақты абаттандыру және санитарлық тазалау айлығы басталған. Осыған орай өткізілген сенбілік барысында саябақтар мен демалыс орындары тазартылып, жиналған қоқыс арнайы техникалармен қала сыртына шығарылған.
Көпшілікпен бірге Ақсу әкімі Николай Дычко да қолына күрек алып, көшет отырғызды.
— Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында келесі жылы Жастар жылы болатыны туралы айтып өткені белгілі, — дейді облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Санира Жүсіпова. — Сонымен қатар, облыс әкімі Болат Бақауов биыл өңірде Экология жылын жариялағаны мәлім. Осыған орай аймақта 600-ден аса ағаш отырғызылған. Ал, бүгін Ақсу қаласында 30 түп емен және қарағай көшеттері егілді. Қала әкімшілігіне жастар аллеясына орын бөлгені үшін алғыс білдіреміз. Болашақта бұл жасыл желектерді күтіп баптауға жасотандықтар жауапкершілікпен қарайды деген үміттеміз.
Сонымен қатар, қалалық жастар бастамасын дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Жастар таза қала үшін» экологиялық акциясы өткізілді. Қаланың белсенді жастары, қара металлургия және Жаяу Мұса атындағы колледждің студенттері №19 балабақшаның айналасын ретке келтірді. Еске сала кетейік, өткен аптада қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Новый путь» газетінің 80 жылдық мерейтойына орай 80 түп ағаш отырғызылды.
Әлихан Рахметоллаұлы