Павлодар облысында білім алған серпіндік түлек өзі қызмет ететін ауылда өз кәсібін ашуды көздеп отыр
«Серпін-2050» бағдарламасы аясында биылғы жылы жоғары оқу орнын аяқтаған Иманбек Әл-Фараби Шарбақты ауданының Александровка ауылында суретке түсіру және компьютерлік техникаға қызмет көрсету орталығын ашуды көздеп отыр.
Жас маман Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Аққұм ауылында туып өскен. Мектепті аяқтаған соң ол аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында физика және информатика пәні бойынша білім алған. Қазіргі таңда Александровка ауылындағы мектепте қазақ және орыс сыныптарында физика пәнінен сабақ береді.
— Бұл бағдарламаның жастар үшін берері мол, — дейді Иманбек. – Оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу бойынша ешқандай қиындық болмады. Бұған қоса, үкімет тарапынан алдымен 83 мың теңге бөлінді. Енді 160 мың теңге көлемінде көтермеақы аламын. Жақсы оқыған жағдайда шәкіртақы беріледі. Арасында азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Тиімді шарттармен баспана алу үшін құжаттарды жинауға көмектеседі.
Иманбек Әл-Фарабидің айтуынша, ауыл тұрғындарына суретке түсу және компьютер катриждеріне бояу құю үшін қалаға баруға тура келеді. Сондықтан алдағы уақытта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында бастапқыда 250 мың теңге несие алмақ.
— Басында қиындау болатынын білемін, — дейді маман. – Бірақ алға қойған мақсатыма жету үшін бар күшімді саламын. Қазіргі таңда мектепте 25 сағатым бар. Шарбақты ауданын өзім таңдадым. Негізі оңтүстікте де көптеген жұмыстар ұсынды. Дегенмен Павлодар облысында білім алған соң осы жақта қалуға бел будым. Ауылдық жерде мал және егін шаруашылығымен айналысу үшін де жақсы жағдай жасалған.
.
Әлихан Рахметоллаұлы