РЕСПУБЛИКАДА ӨНДІРІЛГЕН ЖҮЗІМНІҢ 72,5 ПАЙЫЗЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЕНШІСІНДЕ

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Абай ауыл округінде жүзімдік алқабы 280 гектарға жетіп отыр. Қазір Абай округінде жүзім жинау науқаны аяқталуға жақын. Өңірдегі ең ірі «Махарам» шаруа қожалығы егіс алқабының әр гектарынан 25 центнерге дейін өнім алуда. Жүзімнің «Тайфы» сортынан жиналған өнімнің басым бөлігі Ресейге жөнелтіліп жатыр.
Жалпы аталған қожалықта 42 гектар жерге жүзім егілген. Соның 26 гектары өнім берсе, қалған 16 гектары алдағы екі жылда жемісін бере бастайды. 
Қожалық төрағасы Махарам Нифталиевтің айтуынша, 1 гектарға шамамен 2 миллион теңгеге жуық шығын кетеді екен. 50 жылға жуық өнім беруге қауқарлы жүзім бақтары жалпы кеткен шығынды 5-6 жылда толығымен ақтайтын көрінеді. Қазіргі таңда ондағы жүзімнің бір келесі 120 теңгеден саудаланып отыр. Жүзімдік алқабында 30 адам жұмыс істейді. 
Жалпы соңғы 3 жылда Түркістан облысы бойынша жеміс-жидек пен жүзімнің егіс көлемі 1,8 мың гектарға артып, егіс көлемі 30 мың гектарға жеткен.  Оның ішінде жеміс – 19,5 мың гектар, жүзім – 10,5 мың гектарды құрайды.  Ағымдағы жылы 85 мың тонна жеміс-жидек  және 70 мың тонна жүзім  жинау жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, республикада өндірілген жүзімнің 72,5 пайызы Түркістан облысының еншісінде. 
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі