Павлодарға «Арқаның алтын адамы» жеткізілді
Облыстық Г. Потанин атындағы тарихи-лкетану мұражайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Арқаның асыл мұрасы» атты көрмесі өтудеі. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов көрмеде қола дәуірінен бастап қазіргі заманға дейінгі заттарды тамашалауға болатынын атап өтті.
— Көрме Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналады, — деді Ержан Нұрмағанбетов. – Жырауымыз екі облысқа да ортақ тұлға. Бұқар жыраудың араб жазуымен қағазға түсірілген жыр жолдарын әкелдік. Сарыарқаның қола заманнан бергі тарихымен танысуға болады. Оған қоса, биыл «Қоянды» жәрмеңкесінің 170 жылдығы болғандықтан, аталмыш тарихи жәрмеңкеге де қатысты экспонаттар бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша киелі орындардың республикалық тізіміне Қарағанды облысынан 21 нысан енген. Сол орындар жайлы да біле аласыздар.
Көрмедегі айтулы экспонаттардың бірі – 2010 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан табылған алтын адамның көшірмесі. «Арқаның алтын адамы» атанып кеткен тарихи жәдігер Қазақстаннан табылған 4-ші алтын адам. Түпнұсқасы Астана қаласындағы ұлттық мұражайда сақталып тұр.
Ержан Нұрмағанбетов Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне Қарағанды облысы мәдениет басқармасы басшысының көрмені ұйымдастыруға және облыстар арасындағы тарихи-мәдени кеңістіктерді нығайтуға атсалысқаны үшін алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай Қарағанды ғалымдары шығарған тарихи тұлғаның еңбектері мен сол кездегі айтқан сөздеріне талдау жасалған «Ұрпаққа ұлағат» кітабын сыйға тартты.
Айта кетейік, «Арқаның асыл мұрасы» көрмесі 1 айға созылады.
Әлихан Рахметоллаұлы