Павлодар облыстық балалар ауруханасында тұңғыш компьютерлік томограф орнатылды
Облыстық балалар ауруханасында америкалық «Revolution EVO» компьютер томографы өз жұмысын бастады. Медициналық мекеменің директоры Ардақ Күзеков жаңа құрылғымен балаларға толық диагностика жасауға болатынын атап өтті.
— Бұл құрылғы арқылы балалардың денсаулық жағдайына уақытылы және сапалы диагностика жасауға мүмкіндік туып отыр, — деді Ардақ Күзеков. – Құралдың мүмкіндігі зор. Пациенттің ағзасындағы кішігірім өзгерістерді анықтай алады. Бұрындары бұндай тексерістен өткізу үшін өзге клиникаларға баруға тура келетін. Енді кез келген уақытта жедел диагностика жасай аламыз. Әрі дұрыс диагноз қоюға септігін тигізеді. Мұндай жабдық еліміздің кей өңірлерінде ғана бара. Томограф алдын ала тексерістен өткізіліп, жоғары сапалы суреттерді шығарып берді.
Құрылғымен жұмыс жасау үшін үш маман арнайы оқытылды. Компьютерлік томограф диагностика жасаудағы зор мүмкіндігімен және өте ыңғайлылығымен ерекше. Екі минутқа созылатын тексеріс кезінде балалардың назарын аудару үшін мультфильм қосуға болады. Сонымен қатар процедура кезінде баланың қасында ата-анасының болуына рұқсат етіледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-профилактика жұмысы бойынша орынбасарының м.а. Нариман Шахмардан компьютер томографтың құны 394,9 млн теңге екенін айтады.
— Заманауи томографтан облысымыздың кез келген тұрғыны, облысымызға келген қонақтар, өтініш білдірген барлық адамдар диагностикадан өтуіне болады. Құрылғының қызметін тегін пайдаланады, — деді Нариман Шахмардан.
Айта кетейік, облыстық балалар ауруханасы ең үлкен емхана болып саналады. Мұнда 460 жатып емделуге арналған орын және 20 бөлімі бар. Жылына 15 мың бала стационарлық, 30 мың бала түрлі кеңес бойынша көмек алады. 15-16 мың бала тәулік бойы жұмыс жасайтын травматологиялық пункттің қызметіне жүгінеді.
Әлихан Рахметоллаұлы