Павлодарлық еріктілер 94 жастағы ардагердің үйінің шатырын жөндеп берді

 

Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс даласында санитар болған 94 жастағы Евдокия Попованың жағдайы туралы «Павлодар мейірімділер клубы» ҚҚ-ның мүшелері кездейсоқ білген. Олар қарияға көмектесуге ыңғайлы уақытты таңдау және азық-түлік әкелу үшін телефон шалған. Евдокия Попова азық-түліктен бас тартып, басынан түскен қиындық туралы айтып берген.

Зейнеткер Естай көшесі, 83/1 мекенжайы бойынша көпқабатты тұрғын үйдің ең үстіңгі қабатында тұрады.

— Мерекеге орай әкімдіктен құттықтап келді, — дейді ол. – Мен оларға айтқанымда көмектесуге уәде берген. Пәтери иелерінің кооперативіндегілер де уәде берді. Алайда ешкім келмеді.

Қарияның айтуынша, шатырды жөндеу жұмыстары сапасыз орындалған. Жаңбыр жауғанда кіреберіске, асүйге, балконға ыдыс қоюға тура келеді. Дегенмен жасы келген адамның жиналып қалған суды сыртқа шығаруға қауқары жоқ. Сондықтан көрші-қолаңды шақыруға тура келеді.

— Евдокия Ивановна шатырды жабатын адам тауып беруді өтінді, — дейді Меруерт есімді ерікті. – Ақшасын төлейтінін де айтты. Алайда біз смета құру үшін маманды шақырдық. Сосын өзіміз қажет құрылыс материалдарын сатып алдық. Құрылыс материалдарын он екінші қабатқа көтеру оңайға түспеді. Әйел адамның жағдайы туралы білген меценат барлық шығындарды өз мойнына алды.

Еріктілер шеберге үш күн бойы көмектескен. Шақырылған маман да мейірімділік танытып, 50 пайыз жеңілдікпен жасап берген. Евдокия Ивановна жұмысшыларға түскі асты өзі дайындайтыны туралы шарт қойған. 94 жастағы ардагер әлі күнге дейін джем және тосапты өзі қайнатады. Ол майдан даласына 17 жасында тап болған. Жеке сапер батальонында дала санитары болып қызмет еткен.

— Көптеген жауынгерлер жеңіл жарақат алғаннан кейін бірден қатарға қосылды, — деп еске алады майдангер. – Кейбіреуін бөлімшеге сүйретуге тура келетін. Будапешт үшін күресте ауыр жарақат алдым. Екі ай бойы тілсіз сөйлей алмадым. Бұдан кейін запастағы полкке ауыстырды. Үйге 1945 жылы оралдым.

«Павлодар мейірімділер клубы» ҚҚ алдағы уақытта Евдокия Ивановнаның пәтерін жөндеп беруді жоспарлап отыр.

 

Әлихан Рахметоллаұлы