Павлодарда «Жасыл ел» сарбаздарының күнделікті өмірі көрмеде көрсетілді

Ертіс өңірінде «Жасыл ел» жасағы пайда болған 13 жылдың ішінде 20 мыңнан астам жас аталмыш қозғалысқа қатысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмені «Жасыл елдің» мерейтойына орай көрсетуді ұйғарған.

Облыстық көркемсурет музейіндегі экспозиция 50 суреттен тұрады. Суреттердің авторлары – қозғалыстың қатысушылары және жергілікті фотографтар. «Жасыл ел» Павлодар студенттер және жастарының тобы» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Айғожинаның айтуынша, көрмеге жобаға қатысу деңгейі, республикалық байқауларда алған жүлделері, облыстың дамуына қосқан үлестеріне қарай жоғары бағаланған топтардың фотолары қойылған.

— Биыл біз Павлодарда Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық арнайы бағдарламасы бойынша 407 адамды жұмысқа орналастырдық, — деді Нұргүл Айғожина. – Әдетте 600-700 адам қамтылатын. Ішкі саясат бөлімі қаржы бөлгеннен кейін тағы 200 адамды жұмыспен қамтыдық. Осы жылы жеке бюджет болған жоқ. Біз Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевке жағдайды түсіндіріп, жобаларымызбен таныстырдық. Қала басшысы қолдау көрсететінін білдірді. Келер жылы бюджеттен 10 миллион теңгеге жуық қаржы бөлетінін айтты.

Көрменің ашылу салтанатында 17 топтың командирлеріне шаһарды көріктендіруге және Екінші Павлодарда жерасты сулары басқан үйлердің тұрғындарына көрсеткен көмектері үшін алғыс хаттар табысталды.

2005 жылдан бері «Жасыл ел» сарбаздары өндірістік кәсіпорындардың және әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарына қатысуда. Қазіргі кезде жастар демалыс күндері күздік егін өнімдерін жинауға араласып, жалғызбасты зейнеткерлерге көмектесуде.

Павлодарлық «Жасыл ел» штабы еліміздегі үздік штаб болып саналады. Екінші жыл қатарынан жасылелдіктер жыл бойы жұмыс жасап келеді. Ағымдағы жылғы 14-ші еңбек маусымы қараша айында жабылады.

Әлихан Рахметоллаұлы