Атырау қаласында «Өзбек мәдениет күні» өтті
2018 жылдың 7 қазан күні «Ретро» саябақта «Ынтымақ» өзбек этно-мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Өзбек мәдениет күні» өтті. Мерекелік шара «Ынтымақ» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Амиров Акмаль Абдулхамидовичтің сөзімен басталды. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының меңгерушісі Г.Шәкірова «Ынтымақ» өзбек этно-мәдени бірлестігінің алғашқы өткізіп отырған мерекелік шарасының сәтті шығуына тілегін білдірді. Концерттік бағдарлама келген қонақтарға, көтеріңкі көңіл – күй сыйлайтын әуенмен басталды. Өзбек халқының түрлі – түсті ұлттық киімдері мерекенің сәнін келтіріп тұрғандай. Сонымен қатар, Өзбек халқының «Бесікке салу» салт – дәстүрі көрсетілді.
Шараның көңілді өтуіне «Былина», «Тхоньил», «Довира», «Светоч» этно-мәдени бірлестіктері қолдау көрсетті. Концерттік бағдарламадан кейін, шараның 2 – бөлімі қонақтардың «Көрмені» тамашалап, арнайы жайылған дастарханнан дәм татуына жалғасты. Қонақтарға өзбек халқының ұлттық тағамы «Палау» ұсынылды. Дастархандағы молшылықты көріп өзбек халқының да қазақ халқы секілді қонақжай халық екенін білуге болады. Екі сағатқа жуық болған шара жоғары деңгейде өтті. Келген қонақтар өзбек халқының мәдениетімен кең көлемде танысты.
Атырау облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі