Ерлікке құрмет. Мемориалды кешен ашылды

Павлодар қаласындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақта  соғыста қаза болған батырларлдың құрметіне арналған мемориалдық кешен ашылды. Жауынгерлер саябағында Отан үшін жан қиған 36 сарбазға арналған гранит тұғыр орнатылып, есімдері қашалып жазылды.

Foto Valeriy BUGAYEV

Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен шығарылып, 10 жылға созылған алапат майдан аяқталды. Содан бері де 29 жыл өтіпті. Десе де, мыңдаған жерлестеріміздің қанын жұтқан сұм соғыстың жарасы әлі жазылған жоқ.

Ресми деректерге сүйенер болсақ, Ауған соғысы майданына кеңес одағы елдерінен аттанған 15 мыңдай сарбаз Отанына қайтпай қалған. Солардың бір мыңға жуығы Қазақстанның тумалары болса, Павлодар өңірінен аттанған 36 адам отбасына қайта оралмады. Майдан шебінде ерлік көрсеткен 269 жерлесіміз түрлі ордендермен және медальдармен марапатталған болса, 26 жерлесіміз Қызыл Жұлдыз орденінің иегері атанды. Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақта орнатылған мемориалды кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Болат Бақауов, Ресей Федерациясы Мәскеу қаласындағы «Боевое братство»  ардагерлер қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Геннадий Шорохов және соғысқа қатысушылар мен  майданда қаза тапқан батырлардың жақын туыстары қатысты.

 

— Бүгін біз ерекше арихи сәттің куәсі болып отырмыз. Ауған соғысында болған жерлестеріміздің өтініші бойынша, сол майданда қаза тапқан боздақтардың құрметіне арнап аллея ашып отырмыз. Енді келер ұрпақ Ауған соғысында қандай азаматтарымыз шайқасып, кімдер қаза тапқанын ұмытпайды.Олар мұндай құрметке әбден лайық. Соғыстың аяқталғанына 30 жылға жуық уақыт өткенімен батырлардың ерлігі мен есімі әлі есімізде,- деді Болат Жұмабекұлы.

Мәскеуден арнайы келген қонағымыз — Геннадий Шорохов та сөз алып, осындай игі шараға қолдау білдірген облыс басшылығына алғыс білдірді. Жауынгерлер мемориалдық кешенінің ашылу салтанатына келген жұрттың барлығы қаза болған жерлестеріміздің құрметіне гүл шоқтарын қойып, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

— Бұл игілікті іс біз үшін не болмаса соғыстан қайтпай қалған майдангерлер үшін емес. Бұл — келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыс. Себебі, Ауған соғысының тарихынан хабары жоқ, майданда біздің қаншама бауырларымыздың жер құшқанан білмейтін жастар көп. Тіпті, бір кездесуде «қанша немісті өлтірдіңдер» деп сұрақ қойғандар болған. Соған қарағанда Ауған шайқасын Ұлы Отан соғысынан айыра білмейтіндер бар. Сондықтан, бұл бағытта әлі де көп жұмыс жүргізу керек, — деді Ауған соғысының қатысушысы Шәріпбай Өтегенов.

Жиын барысында соғыста қаза болған сарбаздардың ата-аналары да сөз алып, осынау тарихи маңызы зор іске қолдау көрсеткен қала және облыс басшылығына зор алғыстарын білдірді. Мемориалдық кешеннің ашылуына арналған салтанатты жиын облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде жалғасын тапты.

Тілеуберді САХАБА