Павлодар облысы – еліміздің экономикалық дамуының көшбасшысы
ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин өңірдің жастарымен кездесті. Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен кездесудің басты тақырыбы ел Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының негізгі бағыттары болды.
— Кеңес Одағы құлаған кезде Қазақстанның жағдайы ауыр болды: зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтады, жалақы мен жәрдемақылар уақтылы төленбеді, — деді Нұрлан Нығматулин. – Қазақстан күрделі жолды жүріп өтті. Елбасы халыққа түсінікті жолмен, алдымен экономика, сосын саясат деген жүйемен қимылдады. Бұл жүйе өзінің жемісін берді. Қазақстанның халық саны 18 миллион адамға дейін өсті. Бүгінде біз соғыс өрті шарпымаған, дағдарыстар орын алмаған көпұлтты мемлекетке айналдық. Үйткені, халық Елбасының әр қадамын құптап отыр. Сіздер, жастар ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламалары арқылы ұлттық-рухани құндылықтарды нығайтуларыңыз қажет.
Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стартегияларын жүзеге асырумен қатар маңызды роль атқаратынын атап өтті.
— Павлодар облысында көп жұмыс атқарылды. Аймақтың даму қарқындылығы Ертіс-Баян өңірінің тек қана индустрия орталығы емес, еліміздің экономикалық дамуының көшбасшысы екендігін айқындайды, — деді Нұрлан Нығматулин.
Әлихан Рахметоллаұлы