Бар нәрсені бар деп, жоқ нәрсені жоқ деп айтайық…
Бар нәрсені бар деп айтайық, жоқ нәрсені жоқ деп айтайық, осындай қарапайым принцип қой, еш қиындығы жоқ. Құран кішкентай кітап емес қой, 600 бет, 30 пара, 114 сүре, 6236 аят, жүздеген тақырып қозғалған, ішінде өрмекші туралы сүре бар, құмырсқа туралы аят бар, есек пен ит, шошқа мен маймыл туралы да айтады, жеті қат аспан, үңгір, жұлдыздар, өзендер туралы айтады, тақырыптар егжей-тегжейлі айқындалған. Бірақ, осы көлемді кітапта әйелдер шаштарын немесе бастарын жапсын деген бір ауыз сөз жоқ! Неге?! Діннің ондай бір талабы болса ең болмағанда бір аятында, бірнеше аятында мұсылман әйелдер шаштарын жапсын, көрсетпесін деп ашық, бүкпесіз айтуы керек емес пе еді?! Шашты жабудың себептерін түсіндіріп, осы бұйрықты орындамағандарға қолданылатын шаралар туралы да айтуы ләзім еді ғой, бірақ ол жоқ! Яғыни бұл діннің мәселесі емес, бұл халықтың киіну мәдениетінің, тұрмыстық мәдениетінің, әлеуметтік ортасының мәселесі, әдет-салтына, тұрған жеріне, ауа райына, қолжетімді материалдарға қарай өзгеріп тұратын нәрсе, сондықтан Құран оған орын бермеген, адамдардың еркіне қалдырған. Енді Құранда жоқ нәрсені діннің ең маңызды мәселесінің біріне айландыру дұрыс па?!