Иесіз үй
Сонау Алматыдан итарқасы қияндағы ауылға келем деген ойында жоқ еді Жайнаның. Аяқ астынан туындайтын кей мәселе күн тәртібіне кимелей сұғына еніп кезектен тыс орындауға мәжбүрлейтіні бар ғой адамды. Інісі Қуаныштың буынсыз жерге пышақ ұрғандай орынсыз талабы туған ауылынан бір-ақ шығарды.
Барар жер, басар тауы жоқ, еңбекке жарамсыз, мүгедек Қуаныштың қорғаны — әпкесі Жайна. Қаладағы жалғызбастыларға арналған жекеменшік кәрілер үйінің есігінен енгені (жас та болса) кеше ғана сияқты еді. Бірнеше жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Тұратын орны — ақылы. Өзінің болмашы жәрдемақысының үстіне ақша қосып төлейтін де, жеті сайын сабын, тіс жуғыш, сақал қырғыш, темекі секілді керек-жарағын жеткізіп тұратын да әпкесі. Інісінің тұрағына соңғы барғанында оның қызарған көздері, домбыққан беті дегбірін қашырды. «Не болды екен?» Оңаша кездесетін бөлмеде де Қуаныш ашыла қоймай тоң-теріс отырды да қойды.
— Неге жыладың? — деді Жайна да қамығып.
— Әпке, — деді түнерген күйде, елді сағындым. Жеке куәлігім мен жәрдемақымды беріңіз. Туған ауылыма барып, өз үйімде тұрсам деп армандаймын.
— Отын керек, су керек, жалғыз қалай жанбақпақсың?
— Даяр асқа тік қасық болған масыл өміріме нүкте қойсам деймін. Қалтаңызға түсуден жерге кірердей ұяламын. Егер жібермесеңіз, өзіме-өзім қол жұмсаймын.
— Ондай сұмдықты айта көрме. Өзін-өзін өлтіргендер ана дүниеде күнаһар ретінде дозақта жанатын көрінеді.
— Құдіреті күшті жаратушы бес тиын пайдасы жоқ мен сияқты сормаңдайды ағам мен інімнің артында неге қалдырды екен? Көзіне тығылған жасты қолының сыртымен сүртті де.
— Жарайды, елге екеуміз барамыз. Ауыл өмірінің ауыр бейнетін ұмытып қалған сияқтысың. Тұра алсаң, үйіңде тұрып көр, — деп інісінің ығына жығыла сөйледі.
— Әпке, сізге екі дүниеде де ризымын. Жақ-сының жақсылығын айт нұры тасысын, — дейді ғой. Жеке басыма жасаған жақсылықтарыңыз құдайдан қайтсын. Инсульт алып, екі жағдайда да өлі мен тірінің арасында жаттым. Ғалым-дәрігер қайынсіңіліңізді қалқан етіп, алдыңызға салып жүріп дәрігерден-дәрігерге қаратып, ауруханадан-ауруханаға жатқызып ем-домға ақша аямай ажалдан арашалап қалдыңыз.
— Мен білетін жайттарды несіне қайталап отырсың? Бүгін тым сөзшең боп кеткен сияқтысың ба, қалай?
— Арақ атты жәдігөйге арбалып, отбасымнан айырылғаным, қайран өмірімді қор қылып, сізді әуреге салғаным опындырады. Қан қазандай қайнайды, күресерге шама жоқ, әпке.
— Жақсы нәрселер туралы ойла. Болашаққа үмітпен қарап, өміріңді өзгерту өз қолыңда.
— Жайна інісін ертіп, туған жерге жеткізетін таксиге отырды. Сол өңірде аудан орталығында тұратын үлкен сіңілісінікіне түсті. Сіңілісі екеуі ұзақ отырып сырт ақтарысты. Ел-жұрттың жаңалығын сіңілісі ұзақ тәптіштеп, Жайнаның құлақ құрышын қандырды. Жайна әңгіме ауанын басқа арнаға негізгі мақсатына қарай бұрды. Қуаныш елді сағындым деген соң ертіп келдім. Тастап кетейін. Сендердікінде оншақты күн жүрсін. Ауылға барып, туыс-таныстарымен, дос-жарандарымен қауышып мауқын бассын. Ішіп-жеміне керекті қаражатты қолыңа ұстатамын.
— Әпке, Қуаныш елді сағынды екен деп несіне жетелеп жүрсіз? Зейнетақыңызды сол үшін құйып жатырсыз. Сол да жетпей ме? Осындай халге душар болғанына өзін кіналамаса, кімді кіналайды? Араққа салынбаса басқаша болар еді?
— Бірге туған бауыр емес пе? Тағдырдың жазуы шығар. Бәріміз отырып ел-жұрттан ұялмай, Қуанышты қаңғыртып жібереміз бе, арақ ішті екен деп.
— Үйімде оны жүргізе алмаймын. Ерік өзіне тиген соң, тағы да ішімдік ішпесіне кім кепіл?
— Сөйтіп сіңілісі ат-тонын ала қашты. Сіңілісінен бұндай қарсылық күтпеген Жайна түннің бір уағына дейін көз ілсеші. Туған бауырына ет жүрегі елжіремеген, ауыр тағдырына жанашарлық танытпаған, мейір-шапағатымен желеп-жебемеген қатыгез туыстан не үміт, не қайыр. Теріс айналатындай Қуаныштың ауыртпалығын тартып, қыруар бейнетін мойнымен көтерген жоқ. Сіңілімнің адамгершілігінің осыншама жоқтығын білмеппін.
Қуаныштың балалық, жастық шағы басқалар қызыға да, қызғана да қарайтындай жарқырап-ақ басталған. Сол тұста Алматыда жалғыз қазақ мектебі болғанын үлкендер жағы ұмыта қоймаған болар. Сол дүркіреген №12 мектеп-интернатта оқып, бітірді. Мектептен кейін ракеталық әскери бөлімшеде отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып келген соң, Алматыдағы СМУ-15-тің жатақханасында жатып, құрылыста жұмыс істеді. Еңбек озаты атанып, құрмет тақтасына суреті қыстырылды. Қалалық мәслихатқа депутат боп сайланды. Адал еңбек арқасында Қуаныш өз ортасына беделді еді. Өндірістен қол үзбей оқып жоғарғы білім алуға ниеттеніп жүргенде қоғам ауысып, дүние астаң-кестең болды. Бұрынғы жетістік атаулы құрдымға кетті. Қуаныш қос жігіт екеуі пәтерде тұрып, табылған жұмысты атқарды.
Қуаныштың үлкен әпкесі Тұрардың баласы өзбектерді жалдап, төрт қабат үй тұрғызуды бастаған. Жұмыскерлер материалдарды ұрлап сатып жіберуі мүмкін деп қоярда-қоймай Қуанышты үйіне бас-көз болуға шақырды. Барды. Сонда екі жылдай жүріп қалды. Бірде әлдекімдермен қосылып арақ ішеді. Сөйтіп соққыға жығылады. Бас сүйегі шүйде жақтан екі жерден сынып кеткен. Демек, біреу итеріп жіберген, цемент баспалдаққа шалқасынан құлаған. Есік алдында ес-түссіз жатқан оған ешкім «жедел жәрдем» шақырып көмек көрсетпеген. Бұл туралы хабар Жайнаға екі күннен кейін ғана жетті. Жайна ойланып қараса, бұл арада Қуанышты итеруге батылы барған не әпкесінің баласы, не соның әйелінің інісі. Келсе інісінің түрінен түр жоқ. Тепе-теңдігін ұстай алмай қалтаңдап қалыпты. Дереу ғалым-дәрігер қайынсіңілісіне қоңырау шалды. Соның көмегімен басына ота жасалып, ауруханада ұзақ жатты. Ауруханадан шығатын мезгіл жеткенде соңынан іздеп барған Жайнаға емдеуші-дәрігер шегелеп айтты. «Ұзақ уақыт күтіп және тыныштық керек. Жадын жоғалтқан. Бір-екі жылсыз қалпына келе қоймайды». Күйеу баланың қолына қарап отырғанына қарамастан Жайна інісін қасына алды. Өзі ине шаншып, дәрі-дәрмегін беріп, жағдайын жасады. Дәрігердің айтқанындай кіммен төбелескенін, кімнің соққыға жыққанын есіне түсіре алмады. Жайнаға інісі үлкен жүк болды. Таңертең көзін тырнап ашқаннан соның дәрісін береді, тамақтандырады, ине шашиды, кір-қоңын жуады. Несін жасырады. Үлкен дәретін ұстай алмай қалған кездерде қиналса да басқаларға сездірмей жуып, тазалап жымын білдірмейтін. Басқа түссе баспақшыл емес пе? Сөйтіп жүріп бес-алты айдың қалай өткенін де сезбей қалыпты. Бірде күйеу баласы ренжіді. «Үш сіңіліңіз, бір әпкеңіз бар. Солар неге бір-бір айдан қарап бермейді? Жүдеп кеттіңіз», — деп. Жайна ауылға кетпек болды. Әлі де болса ем-домын жалғастырып жады кіргенше қолдан шығармауды ойлады. Бұл шешіміне қызы қарсы тұрды. «Ауылда от жағу, күл шығару, су тасу ауыр жұмыс. Ауырып қаласың. Одан да ініңді қарттар үйі сияқты бір жер тауып өткізейік», — деді. Интернеттен қарастырып жүріп қазіргі мекенжайды тауып, Қуанышты соған өткізді. Інісінің қарттар үйіне тұрағының айналу сыры осындай.
Келесі күні бұлар туған ауылына келіп жетті. Жайнаның көзіне оттай басылған иесіз үй жетімсіреп, аяныш сезімін тудырды. Кезінде қонақ арылмайтын құт мекен адам жоқ, қаңырап тұрысы мынау. Туыстар жиі бас қосып, қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ боп жататын. Қаңыраған иесіз үй мен Қуаныштың аянышты тағдырында беймәлім байланыс бардай көрінді Жайнаға. Әкесінің еңбекқорлығына таныс, білістер тәнті болған. Кәртаң тартқан шағында да қол қусырып отырған емес. Еңбектен қол үзген жоқ. Ағаштан қиып алты бөлмелі үй тұрғызды. Ол кезде бұндай еңселі, шатырлы үйлер ауылда көп емес еді. Қоныс тойына күйеуі екеуі келіп қонақ күтіскендері есінде.
Анасы үзбей бидай көже салатын. Бидай көже десе кенезелері кеуіп тұратын әкесінің сыйлас тұраластары үйге жиі бас сұғатын. Кеңшардың кеңсесінде отыратын бас мамандардың екі-үшеуі отбасының достары еді. «Апамның бидай көжесін ішейік деп келдік», — деп өз үйлеріне келгендей еркін жайғасатын. Анасы оларды жиі қарсы алып, көже құйып ұсынатын. Қабақ шыту дегенді білмеуші еді.
Осы ауылда балалық, жастық шағын өткізген Жайнаны туған жердің тамылжыған тамаша табиғаты қызықтыратын. Басын ақ қар басқан, етек жағы жасыл желекке оранған Алатау сілемдеріне таңырқай да тамсана қарап қалар еді. Таудың құзар биігі қыс, етегі жаз. Осындай да кереғарлық болады екен-ау.
Екі жағалауы қалың тоғаймен көмкерілген тау өзені ауыл іргесінде сарқырап ағып жататын. Ағаштың сыбдыры, желдің гуілі, өзеннің гүрілі, құстың шиқылы сияқты табиғаттағы түрлі дыбыстарға құлақ түретін сезімтал еді. Жастайынан сахнада ән шырқады. Әнші болуды армандайтын. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Бәленшенің әнші қызы атанды. Мектеп бітіріп, енді оқуға жүргелі тұрғанда аудан орталығында қызмет істейтін, институт бітіп келген өзінен 5-6 жас үлкен жігіт алып қашып үйленді. Сөйтіп арманы орындалмады. Үйленгеннен кейін медколледж бітіріп, медбике боп еңбек етті. Күйеуі екеуі екі қызды дүниеге әкелді. Кішісі бір жарым жасында шетінеп кетті. Қазір бір тал қызының қолында тұрады. Күйеуі ертерек сырқатқа шалдығып, бір жыл сал боп жатып, көз жұмды. Оның да ауыртпалығын көп тартты. Аударып-төңкеріп, асты-үстін тазалап, жауып-шайып кір жұқтырмауға тырысып бақты. Күйеуі өзіне ризашылығын айтып кетті.
Жайна есік алдында көп жылдан бері жатқан жуан қарағайдың түбірі үстінде едәуір отырып, бүкіл өткен өмірін, ата-анасы мен туыстарын, күйеуін есіне алды. Бәрі-бәрі құтты бір кинолентадай көз алдынан өтіп жатты.
«Ұл — орныңдағы ту» деген жетелі сөз ойына оралды. Әке дүниеден өтіп кетсе де артында қалған ұлы бәленшенің ұлы дегізіп туы секілді көпшілікке танымал етері анық. Әкесінің туы секілді көзге бірден шалынатын ұлы жоғы көңілін қабыржытты. Қиналып орнынан созалаңдай көтерілді. Көзінде жас. Бұлар үйге кіре алмады. Бұрынғы жылдары әлдекімдер есіктің құлпысын сындырып, көрпе-жастық, кілем-палас, тіпті ыдыс-аяққа шейін үптеп кеткендіктен есікті сыртынан шегелеп тастаған.
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің зоры болады.
Атадан жаман ұл туса,
Адам біткеннің қоры болады, — демекші үйін сыртынан көргенге місе тұтқан, қайраттанып қам-қарекет жасауға әлдірмені жоқ інісіне жаны ашып іштен тынған Жайна терең күрсінді. Үйдің сыртындағы жолмен ары-бері өткендер үнсіз қарап қояды. Ешқайсысын танымайды. «Елу жылда ел жаңа» деген. Әкесінің, анасының тұстастары бұ дүниеден көшіп, орындарын олардың ұрпақтары алмастырған.
Жайна әке-шеше басына ауыл молдасын ертіп барып, құран бағыштатты да келген ізімен кері қайтты. Тұла бойы ауыр тартып, жүрегі аяғының басына түскендей хал кешті. Бұндағы әпкелеріне керегі жоғын сезсе керек, Қуаныш ләм-мимсіз Жайнаға ілесті.
Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі