Ізгіліктің сыйы қас қағым сәтте

Күндердің күнінде Мекке қаласында Сұлтан мен Фатима есімді кедей жұп болыпты. Екеуінің де жастары біршама уақытқа жетсе де, бір-бірін ізгілік жолынан тайдырмай, қашанда Аллаһтан қорққан жандар еді.

Содан бір күні Сұлтан ішерге ас табу үшін қаланы жағалап шығады. Кенет алдынан бір қоржын тола ақша тауып алады. Қоржынды алған бойда үйіне келіп әйеліне айтады. Сонда әйелі:

— Бұл дүниенің иесі болуы керек. Сен барып іздестіріп көр,-дейді. Сұлтан қайта қалаға шығып, халықтың арасына келеді. Сол уақытта бір бейтаныс хорасандық кісі дауысын көтеріп:

— Кім бір қоржын ақша тауып алды? Егер көрген-білген жан болса дереу қайтарсын, деп айқайлай бастайды. Мұны естіген Сұлтан кідірместен қоржынды тауып алғанын айтып, қайтарып береді. Алайда, Хорасандық оған қоржынға қосымша ретінде тағы 900 динар ақша береді. Бұған таңданған Сұлтан:

— Сіздің мұныңыз мені мазақ еткеніңіз бе?-деп сұрайды. Хорасандық:

— Жоқ, әрине. Бұл ақшаны маған Хорасан қаласынан бір дәулетті жан беріп осында жіберген еді. Жібермес бұрын ол маған:

— Мына қоржын ақшаны ал да, Меккеге бар. Сонда халықтың арасына білдірмей тастап жібер де ертесіне қоржынды қайта іздеп сол жерге бар. Егер Аллаһтан қорқатын ізгі адам тауып алған болса ол саған қоржынды қайтарады. Ал, егер қайтарған болса сен мына 900 динарды оған қосып бер. Себебі, ізгі адамға берген садақа пердесіз қабыл болады деп айтты-деген екен.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы