Бала денсаулығы бәрінен маңызды

1950 жылдан бері Халықаралық деңгейде аталып өтілетін мереке, ол – Балаларды қорғау күні. Соңғы қоңырау сыбдырынан кейін жаз бенен каникулдың басталғанын жақсы көңіл-күймен сезінісін деген оймен осы күн таңдалған болуы керек. Бұл күні балаларға арналған түрлі мерекелік, ойын-сауық шаралары өтетіні белгілі. Ал, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы жаздың бірінші күнін балаларға арналған «Ашық есік күні» етіп жариялапты. Бір қуантарлығы, дәл бүгін балалар кез келген дәрігер-маманды үйіне шақыртып денсаулығын тексертіп, кеңес ала алады. Сондай-ақ, болашақ аналар үшін емізуді қолдау бойынша «емізудің 10 қағидасы» атты семинарлар өтеді. Дені сау бала кабинеттерінде балалар мен мектепке дейінгі жастағы балалардың ата-аналар үшін имуннологиялық профилактика, дұрыс тамақтану, жеке гигиена бойынша шаралар, медициналық кабинеттерде – битшеңдік, қышымаға тексеру және оларды емдеу шаралары өткізіледі. Ведомствоның аталмыш бастамасы құптарлықтай, өйткені, ел болашағы үшін балалардың денсаулығы бәрінен маңызды екені бесенеден белгілі. Әрине, барлық бүлдіршіннің денсаулығы үшін дәрігер-мамандар ғана жауапты емес. Сондықтан, әрқашан айтудан да, жазылудан жалықпайтын бір үрдіс бар. Ол – ата-аналардың баласының денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарауы. Себебі, оң-солын әлі дұрыс тани алмаған баланың үлкендердің көмегінсіз салауатты өмір салтына үйреніп кетуі мүмкін де емес. Ал, немқұрайлы қарай берсеңіз кеш болып қалатынын ескерген жөн. Балаға қарапайым ғана ас ішер алдында және соңында қол жуу керектігін үйретіп қойсаңыз, мұның өзі өте жақсы әдет. «Ауру кетсе де, әдет қалмайтынын» жақсы білгендіктен, баланың бойына неғұрлым пайдалы іс-әрекеттерді әдет қылу керек.         

     Денсаулыққа келгенде ең бірінші мынаны білу керек немесе ананы білу керек деп бөліп-жарып айту қиын. Өйткені, деннің саулығы үшін барлық ағзаның да атқаратын рөлі зор. «Ауру – астан», «Тіс бұзылды дегенше, іш бұзылды десейші» деп бабаларымыздың өзі айтып кеткендей, балақайларға дұрыс тамақтану мен тісті күтуді үйреткеннің артықтығы жоқ. Сондай-ақ, экологиялық таза тамақтарды отбасыңызбен тұтыну аса маңызды. Себебі, өзіңіз жеген фастфуд пен ішкен «Коланы» балаңыздың сұрайтыны анық. Тіпті, сіз дәстүрлі тамақтануды ығыстырған жылдам дайындалатын ас түрлеріне жоламаған күннің өзінде сәбиіңіздің оған қол созатынын біле жүріңіз. Тағы бір айта кететін нәрсе үлкен мен кішіге, балаларға да қатысты, ол – аз ішіп, аз жеу және көп ұйықтамау. Ұйқының пайдалы әрі берекелі болатын уақыттарын балаға айтып түсіндіріп, онымен бірге ұйықтап әдеттендірсеңіз жаман болмас.    

     Көп қимылдау және тазалық. Ғаламды алаңдатқан барлық ауру түрлерінің кең таралуына қимыл-қозғалыстың аздығы мен гигиеналық факторлар себепкер болуда. Жиырмадан енді асқан зіңгіттей жігіттер мен аяқ-қолы балғадай аруларымыздың арасында жүрек-қан тамыры ауруларына, жыныс ауруларына ұшырағандар өте көп. Осындай сырқаттардың алдын алу үшін осы заманның планшет пен компьютерге жабысқан балаларын жаяу жүруге, жаттығулар жасап, велосипед тебуге дағдыландырған абзал. Бәрін айт та, бірін айт, «Аға әдепті болса іні әдепті, апа әдепті болса сіңлі әдепті» дегендей, бүлдіршіндердің ата-анасы мен алдындағы аға-апаларынан үлгі алатынын естен шығармауға тиіспіз. Өзіміздің және балалардың денсаулығын қорғауда сауатты болайық!

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

сурет erketai.kz