Рухани құлдырау

 

Жан жарасы
Жаныңыздың түкпіріне тығып ұстаған дертіңіз өмір сүру қалпын күйрететіні рас. Неден қайғырып жүргеніңіз беймәлім. Ол дерт тым тереңде. Егер бұл жағдайды өзгерте алмасаңыз, түңілуге тиісті емессіз. Мәселені шешуге тырысыңыз. Дертіңізге тиімді дауа іздеңіз. Әр адам жан жарасын өздігінше жазып алады. Ең бастысы санаңызды өткен өмірдегі сәтсіздіктерден тазалаңыз. Бір әттеген-айы, адамдар өткенмен өмір сүріп, сол қателерін күнбе күн қайталаудан танбайды. Оны болдырмау үшін біраз кеңестер топтастырдық.

Басыңызда қиындық барын мойындаңыз
Емделуге бастар ең алғашқы қадам ішкі жан-дүниеңізде бір қарсылық барын мойындау. Сол бір жағымсыз жағдайды есепке алуға тиіссіз. Соны жоюға тырысуыңыз керек. Өмірдің ақиқатын көріп, түсінген кезде немен күресу керек екеніңізді анық түйсінесіз. Сонда жан жараңыздың жазылуына жол ашасыз. Дұрыс нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік туады. Жан жарасын тығып ұстаудың қайғысы арман-мұраттарыңыздың күлін көкке ұшыратынын ұмытпаңыз. Жүрек түбінде не барын зерделеңіз. Жаныңызды емдеуді бастаңыз.

Сабыр ету
Өмірден тұрақ таппай, жан-дүниеңіз алай-түлей болған кезде сабыр етуден артық ақыыл жоқ. Тыныштықты өмірдің жаңа сапасы деп қарастыырңыз. Сізді сабырлы болуға үйрететін сабақтарға көп уақытыңызды арнаңыз. Әр түрлі нәрсемен шұғылданып көрсеңіз, олардың қайсысы жанға тыныштық сыйлайтынын түсінесіз, жаныңызға нұр құятын, санаңызға сәуле түсіретін бір іске таңдау жасайсыз. Сонымен үнемі айналысуға бел буасыз.

Қайғыдан арылыңыз
Бәрі де жаныңызды ауыртқан дертке байланысты болса-дағы кейбір көңіл-күйді, мәселен ашу, жек көру сынды, шығарып, босатып отыру керек. Олар адамға аса қауіпті. Төмен тартатын жаман құбылыстар. Жағымсыз әсерлерді сау күйде жіберіңіз. Олардан құтылатын көптеген тәсілдер баршылық. Тәрелке шағыңыз, жастықты тоқпақтаңыз. Дене шынықтыруды көбейтіңіз. Дене шынықтыру жасырынған жан жарасын емдеудің ең тиімді емі болуы мүмкін.

Қайғы сыйлаған адамды кешіру
Кешіру санасы сау, рухы мықты адамдардың ғана қолынан келеді. Барлық адам қателік жасайтынын түсініңіз. Жасырынған жан жарасынан құтылу үшін кешірім керек. Жан жарасын емдеу үшін сезімдеріңізді, көңіл-күйіңізді бақылауда ұстап үйренген абзал.
Алға жылжи беру керек. Артқа қарамай үлкен бір қадам жасаңыз. Егер сізге біреу жамандық жасаса, сіздің де оған сондай жауап қатуыңыз мүмкін. Өйткені, адамдар солай қалыптасқан. Көп адам кек алуға пейілді. Қайғы сыйлаған адамды кешіре алмай, соны жанына жүк қылады. Жаныңыз сау болсын десеңіз, кешіріп үйреніңіз.

Өзіңізді мақтаңыз
Ортаңызда қолдайтын, көмек қолын созатын адам болмаса, онда өзіңізге өзіңіз көмектесіңіз. Бұрын өзіңізге рұқсат етпеген нәрселерді алуға, жасауға рұқсат ету қажет. Сонда жан жарасы бәсеңсиді. Ішкі кереғарлық түзеледі. Осы кеңесті үйренсеңіз, өзіңіздің көңіл-күйіңізді басқарып үйренесіз.

Айтып үйреніңіз
Мазаңызды алған құбылысты жан досыңызға айтыңыз. Қайғыңыз бір демде сейіледі. Өзге адамға жаныңды ашу қорқынышты. Бірақ іштегі қайғы-мұңды, мазалаған мәселені біреумен бөліссеңіз бәрі де жеңілдеп қалар еді. Жан-дүниеңіз, тәніңіз сауығу үшін біраз уақыт керек. Ішіңіздегі шерді сыртқа шығарған соң оның соншалықты жан қинайтын мәселе еместігіне көз жеткізесіз. Қайғыны еркіндікке жібересіз. Өзіңізді текке қинауды доғарасыз.

Алға жылжисыз
Өміріңізде не болып жатса да мықты болуды үйреніңіз. Төзімді, сабырлы болыңыз. Алға жылжи беріңіз. Жүрекке түскен тыртықтардан шошымаңыз. Жасырынған жан жарасын емдеп, жүректі қайғыдан арылтпайынша алға жылжу мүмкін емес. Келешекке қадам жасау қиын. Жаңа өмір бастауға көмектесетін жоспар құрыңыз. Баяғыда Элисон Ноэль айтыпты: «Адам жасай алатын бір нәрсе ол- алға жылжуы. Алға қарай ешбір алаңдамай, артқа қарайламай бір қадам жасаңыз. Өткен өмірді ұмытыңыз да, келешекке қараңыз».

Бұл кеңестер рухани құлдыраудан құтқаратын тетіктер. Артық жүктен қазір арылуға күш салыңыз. Алға жылжу үшін кешірім мен жан саулығы маңызды. Бәрін кешіріңіз. Өйткені, сіздің бақытыңыздың кілті өз қолыңызда.

Ирина Млодик 
Аударған: Шынар Әбілдә