Атырауда Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығына арналған халықаралық конференция өтті
Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияға 300 ғылым мен білім өкілі қатысты.
«Мұрат Мөңкеұлы мұрасы және туған жер идеясы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болды. Бұл кездейсоқ емес. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын алғаш зерттеген Халел Досмұхамедов еді, ғалым ақынның әдеби мұрасын жинап, өз бағасын берген. Әр жылдары әдебиеттанушылар, ақындар мен жазушылар Мұрат шығармашылығын зерттеумен айналысты. Конференцияға қатысқан баяндамашылар Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуда зор маңызға ие екенін атап өтті.
— Бүгінгі конференция мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр. Еліміздің қалыптасуына үлкен үлес қосқан тұлғаларды насихаттау-мақсатымыз. Бабаларымыз кең байтақ қазақ жерін сақтап қалды. Енді біздің міндетіміз жұртшылыққа аталарымыздың ерлік дастанын, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын насихаттау. Мұрат Мөңкеұлы Атырау облысының әр тұрғынының жүрегінен орын алады. Біздің ақынымызды, талантты айтыскерімізді бәрі білуі керек. Уақыттарын бөліп, осы шараға қатысқан барлық ғалымдарға алғыс айтамын, — деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.