«Жаңа дәуірдің мектебі».

 

Астанада «Жаңа дәуірдің мектебі» Х халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ол «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның он жылдығына арналды. Осы жолы дәстүрлі жиын әлемнің түкпір-түкпірінен келген 20-дан астам мемлекеттің 2 мыңға жуық өкілінің басын қосып, рекордтты жиындар қатарына кірді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен облыстық әкімдіктер арасында жасасқан меморандумдар аясында конференцияға Қазақстанның   өңірлерінен білім  беру саласының 700 маманы қатысты. Ең үлкен делегациялар қатарын Қарағанды облысы мен Астана қаласының өкілдері толықтырды.

         Ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Назарбаев Университетенің президенті Шигео Катсу және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинова қатысты.

–  «Біздің жыл сайын өткізетін халықаралық  конференциямыз мемлекетіміздің және алыс-жақын шет елдерден келген білім беру жүйесінің өкілдері үшін тәжірибе алмасу алаңына айналды», — деді жиында сөз алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Дәстүрге сай, әлем мойындаған сарапшылар мен ғалымдар мінберден сөз алды. Басты баяндамашылардың қатарында Кембридж Университетінің білім беру факультетінің деканы Сьюзан Робертсон, Лондон университеті білім беру колледжінің құрметті профессоры, «қарымды  білім» теориясының авторы Майкл Янг, Гонконг университетінің білім беру саясаты департаментінің директоры Кай-Минг Ченг, EduCluster Finland сыртқы байланыстар және инновация жөніндегі директор Дэвид Марш, Массачусетс технологиялық институтының профессоры Томас Хсу, сондай-ақ білім беру саласындағы әлемге әйгілі ғалымдар мен топ-менеджерлер қатысты.

Конференцияның көркін ашқан шаралардың бірі – Халықаралық Гуманистік педагогика орталығының президенті, жазушы Паата Амонашвилидің, елімізге танымал журналист Гүлнар Бажкенованың, екітілді және үштілді бағдарламалар саласындағы халықаралық ғылыми кеңесші Питер Мехистоның, методологиялық оқыту мен білім алмасу саласының маманы Дэвид Марштың қатысуымен өткен автограф-сессия болды.

Конференция 12 бағыт бойынша 50 ден астам іс-шараларды қамтыды. Биылғы жылдың ерекшеліктерінің бірі – «Оқушы дауысы» жобасы алғаш рет тәрбиеленушілердің қатысуымен өтіп қазақстандағы халықаралық бакалавриат мектебінің жұмысы таныстырылды.

Басты тақырыптырдың ішінде — жаңа уақыт пен білім беру жүйесіндегі орнықты өзгерістер, оқытушылар мен студенттер үшін қауіпсіз ортаны құру, сондай-ақ білім берудегі сандық технологиялар.

 

Конференция барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Bilimkana жекеменшік мектептер желісі (Қырғызстан), және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Бүгінгі күні астаналық конференция – дүниежізілік және отандық білім беру саласының келелі мәселелеріне арналған ғылым әлеміндегі беделді жиындардың біріне айналды.

Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы