ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЮНЕСКО ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының делегациясымен кездесті. Аймақ басшысы топ құрамын бастап келген ЮНЕСКО-ның Париждегі тарихи қалалық ландшафттар жөніндегі кеңесшісі Кристина Иамандиге өңіріміздегі жаңалықтардың жайын хабарлап, делегацияның жаңадан жаңарып, жаңғыруға кіріскен Түркістан облысының қайта құрылған тұсында келгеніне ризашылығын білдірді.
«Түркістан облысы мен ЮНЕСКО-ның өңіріміздің әлеуетін арттырып, одан әрі дамытуда мүмкіндіктері зор деп білем. Жылдың басында біз сіздермен «Музей ісі» мамандарын оқыту бойынша бірлескен тренингтер өткіздік. Бүгінде өздеріңіз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесін тарихи ландшафт қалашығына бағытталған көзқарасты енгізу жолымен техникалық қолдау» Ұлттық семинарын өткізуді бастадыңыздар. Осы жылы Криста Пиккат ханыммен кездесуде біздер материалдық және материалдық емес мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұсынысымен тікелей іске асыратын мамандарды даярлау мен оларды оқыту мәселелеріндегі жұмысты тереңдетуге уағдаластық. Осыған байланысты, ЮНЕСКО-ның Париждегі кеңсесі мен Кристина Иаманди ханымның облысымызға сапары үшін жеке алғысымды білдіргім келеді», — деді аймақ басшысы.
Екі жақты жүздесуде әкім Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі ЮНЕСКО әлемдік мұрасының нысаны ретінде шетелдік туристер үшін тартылыс күшіндей екенін сөз еткен облыс басшысы ескерткіштің, мейлінше, бұрынғы кейпінде сақталуы маңызды екенін жеткізді. Ондағы рекреациялық жүктемені ескерген ол кесенені басқару менеджментіне сандық технологияны ендіру маңызды деп есептейтінін білдірді.
Отырыста меймандар облыс басшысымен бірге Түркістан облысы мен оның орталығы Түркістан қаласының тарихи, қалалық ландшафттар мәселелері жөнінде де әңгімелесті. ЮНЕСКО-ның Қ.А.Яссауи кешенін нақты аумақтық байланыстыру және оны Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан шаһарының жалпы даму динамикасына біріктіру қажеттігі туралы қорытындыға келгені облыс үшін өте маңызды екенін алға тартқан Ж.Түймебаев ұйым тарапынан ұсынылатын бастамаларды жан-жақты, толық қолдауға әзір екенін жеткізді. Бұл ретте, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыстарды шеберлік сағаты, сарапшылар мен мамандардың басын қосқан семинарлар түрінде ұйымдастыруды ұсынды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі