Қазақ күресін республикалық дәрежеге көтерген ауыл

Жақында Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Биназар ауылындағы О.Жандосов орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Дүйсенғали Қыдырбаевтың ұйымдастыруымен қазақ күресінен жасөспірімдер арасында турнир өтті. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»,— деп айтылған.

Аталған бағдарлама Мойынқұм ауданының Қажымұқаны атанған, жауырыны жерге тимеген Рысманап Шаңлақбаевты еске алуға және «Биназар батыр» қоғамдық қорының жүлдесін сарапқа салуға арналды. Қазақ күресінен облыстық ашық турнирге Алматы мен биыл ғана құрылған Түркістан, Жамбыл облысы, Тараз қаласының палуандары қатысып, бақтарын сынады.


Турнирдің ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының Мойынқұм аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары — Көшкінбаев Манарбек, Биназар батыр қоғамдық қорының президенті — Алдабергенов Сағат, Қазақстан Республикасының денешынықтыру үздігі, Қазақстан спорт шебері, Азияда алаугері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, Рысманап ағаның шәкірті Ерқадыр Жұмабаев, ақын әрі сазгер Болатбек Әбішовтер қатысып, Р.Шаңлақбаев ағамыздың палуандылығы, қазақ күресіне қосқан үлесі, халқына жасаған жақсылықтарын айтып, жас палуандарға сәттілік тіледі.

Рысманап Шаңлақбаевтың жары Гүлзинат Шаңлақбаева ерінің қазақ күресіне деген жанашырлығын, ұлттық спортты дамытуға қосқан еңбегін тебірене айтып, жыл сайын турнир ұйымдастырып келе жатқан биназарлықтарға алғысын жеткізді.

 

Шаңлақбаев Рысманап 1937 жылы 27 қыркүйекте Көктерек ауылында бұрынғы «Көркей» (қазіргі Биназар ауылында) дүниеге келген. Бірлік ауылындағы А.С.Киров атындағы (қазіргі Қ.Рысқұлбеков атындағы) орта мектепте білім алып, Алматы дене шынықтыру институтын бітірген. Жас кезінен күреске әуестеніп, 1956 жылы Жамбыл қаласында облыстық турнирде жеңіске жетіп, Алматыда өткен Республикалық жарыста тұңғыш рет чемпион атанған. 1968 – 1969 жылдары «Коминтерн» 8 жылдық мектебінде еңбек және дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. 1970-1973 жылдары оны аудан әкімі А.Назарбеков ауданға шақыртып алып, жаңа құрылған спорт комитетінің «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы етіп сайлады. 1973-1975 жылдары аудандық спорт комитетін, 1975 жылдан өмірінің сонына дейін аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамын басқарды. Спортты сүйетін ағамыз ауданда спорт мектебін, стадион салуға атсалысқан. Ол жұмыс жасаған жылдары қазақша күрес, волейбол, бокс т.б.үйірмелер жұмыс жасай бастады. Рысманап ағамыз еңбек ете жүріп, ауыр салмақ дәрежесінде СССР спорт шебері, Орта Азия ойындарының екі дүркін чемпионы болды. Шетелге де шығып жүрді. Қазақша күрес халықаралық жарыс бағдарламасына енгеннен кейін спорт шеберінің № І куәлігінің иегері атанды. Атпал азаматтың дипломдары мен марапаттары музейде сақтаулы. Украинада өткен турнирде жеңімпаз атанып, қысқа өмірінде спортты дамытуға зор үлес қосты. Алдында мақсат, жоспары көп асыл азаматтың туған жеріне, еліне сіңірер еңбектері әлі де бар еді. Өмірден ерте озса да артында өшпейтін ізі қалды.


Таңғы сағат 9-да басталған турнирді еңбектеген баладан еңкейген ауыл ақсақалдарына дейін тамашалады. Белдесулер 42, 46, 51, 57, 64, 72, 81, +81 келі және «түйе палуан» салмақ дәрежелері бойынша өтті. Кешке дейін созылған турнирдің қорытындысына сәйкес әр салмақ дәрежесі бойынша жарыс жеңімпаздары мыналар болды.

42 келі: 1 орын — Дүйсенбек Асылхан (Тараз қ. ЖЖКСК), 2 орын — Исабай Нұрсерік (Мойынқұм ауданы, Биназар ауылы), 3 орын — Серік Береке мен Назымхан Диас (Мойынқұм ауданы, Биназар ауылы). 46 келіде: 1 орын — Ахметқали Әділет (Тараз қ. ЖЖКСК), 2 орын — Рахматулла Береке (Тараз қ.ЖЖКСК), 3 орын — Бүркітбай Ринат (Шу ауданы), Қазақбаев Айбек (Байзақ ауданы). 51 келіде: 1 орын — Жарқынбек Райымбек (Түркістан облысы, Ордабасы ауданы), 2 орын — Аманжол Серғали (Мойынқұм ауданы, Биназар ауылы), 3 орын — Жұмаділов Елдияр (Мойынқұм ауданы, Биназар ауылы), Балтабай Ералхан (Түркістан облысы, Ордабасы ауданы).

57 келіде: 1 орын — Қыдырбай Бақдәулет (Байзақ ауданы), 2 орын — Сары Жалғас (Талас ауданы), 3 орын — Шарғынбек Абдуқадыр (Мойынқұм ауданы), Сейдалы Арсылан (Түркістан облысы, Ордабасы ауданы). 64 келіде: 1 орын — Сейтбекұлы Саян (Мойынқұм ауданы, Көкжелек ауылы), 2 орын — Кушубек Эльдар (Тараз қ.ЖЖКСК), 3 орын — Паткулла Ержан ( Тараз қ. ЖЖКСК), Хасенов Сардар (Шу ауданы). 72 келіде: 1 орын — Орманқұлов Өрісбай (Мойынқұм ауданы, Биназар ауылы), 2 орын — Нурмуханбетов Шохан (Тараз қ. ЖЖКСК), 3 орын — Төренов Алдияр (Тараз қ.ЖЖКСК), Жаманқараев Ф. (Түркістан облысы, Ордабасы аудан). 81 келіде: 1-орын — Жумабай Жантөре (Тараз қ. ЖЖКСК), 2 орын — Айтбеков Диас (Тараз қ. ЖЖКСК), 3 орын — Нышанбаев Хайрулла (Байзақ ауданы), Төребек Жарасхан (Алматы қаласы). +81 келіде: 1-орын — Серікбай Өсербай (Тараз қ.ЖЖКСК), 2 орын — Әскербек Сұлтан (Тараз қ.ЖЖКСК), 3 орын — Досмахан Досбол (Тараз қ. ЖЖКСК), Пашалиев Паша (Шу ауданы). Түйе палуан: 1 орын — Орманқұлов Өрісбай (Мойынқұм ауданы, Биназар ауылы), 2 орын — Төренов Алдияр (Тараз қ. ЖЖКСК), 3 орын — Нурмуханбетов Шохан (Тараз қ. ЖЖКСК). Жеңімпаздарға 1 орынға — 40; 2 орынға — 20; 3 орынға — 10 мың теңге, ал түйе палуанға: 1 орынға — 50; екінші орынға — 30; 3 орынға — 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар беріліп, грамоталар табысталды.

 

Дүйсенғали Қыдырбаев, Жамбыл облыстық ашық турнирін ұйымдастырушы, Биназар ауылының тұрғыны, ұстаз:

— Біз осы кішкентай Биназар ауылында Рысманап Шаңлақбаев атамызды еске алу турнирін 2013 жылдан бастап өткізіп келеміз. Ең алғаш ауданаралық көлемде турнир өткіздік. Ол кезде жақын аудандардан палуандар қатысқан болатын. Одан кейін ересектер арасында да жарыс ұйымдастырдық. Бастапқы кезде, әрине, қиын болды, бірақ қолдау көрсететін демеушілеріміздің арқасында бұл турнирімізді облыстық деңгейге дейін жеткіздік. Биыл бұл турнирді республикалық деңгейге шығарсақ деген ниетпен, жаңа құрылған Түркістан, Алматы, өзіміздің Жамбыл облыстарынан палуандар шақырып өткізіп жатқан жайымыз бар. Турнирді өткізудегі түпкі мақсатымыз — қазақ күресін жасөспірімдер арасында насихаттау, сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы тарихта аты қалған ата-бабаларымызды еске түсіріп, сол кісілердің салып кеткен сара жолын ары қарай жалғастыру болатын. Міне, Аллаға шүкір, бүгінгі өткен дүбірлі жарысымызда кішкентай ауылымыздан чемпиондар, түйе палуандар шығып қуантып жатыр. Осы турнир арқылы ауылдағы жасөспірім балаларымыз қазақ күресіне ден қойды. Солардың қызығушылығының арқасында ауылымызда күрес залын ашып, жаңадан күрес кілемін алдық. Қазіргі таңда қазақ күресінің арқасында бізде тәрбиеленіп шыққан балалар Тараз қаласындағы спорт мектебінде, спорт клубтарында шеберліктерін шыңдауда. Алды республикалық күрестің жүлдегерлері атанса, енді бірі «Қазақстан барысында» бағын сынап жүр. Осылардың бәрі аядай Мойынқұмнан шыққан палуандардың жетістігі деп білемін. Алдағы уақытта бұл турнирімізді республикалық спорт күнтізбесіне енгізіп, дәрежесін көтеріп, дәстүрлі етіп өткізсек деген ойымыз бар. Ол кезде жеңімпаздарды «спорт шебері» атағына үміткер деген дәрежеге жеткізсек, соның өзі зор жетістік болмақ. Бұл турнирді тоқтатпаймыз, шамамыз келгенінше дамытып, өсіп келе жатқан ұрпағымыздың биік шыңдарды бағындырғанын қалаймыз.

 


Көшкінбаев Манарбек Өсербекұлы, Мойынқұм аудандық «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

— Бүгінгі өтіп жатқан жарысқа қатысты айтар болсам бұл турнир соңғы төрт-бес жылдан бері тұрақты өтіп келеді. Жыл санап ауқымы артып, басында ауылдық, аудандық деңгейде болса, биылдан бастап турнир республикалық көлемінде өтіп жатыр. Бұл турнирге өзіңіз көргендей биыл жаңа құрылған Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарынан, сонымен қатар Тараз қаласынан балуандарымыз қатысуда. Бұның өзі турниріміздің қаншалықты дәрежеге көтерілгендігін көрсетеді. Айналып келгенде Елбасымыздың жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында барлық шаралар өзінің жүйесін табуда. Бұл «Рухани жаңғырудың» белгісі деп білемін. «Әруағын қастерлеген ел тозбайды», — дейді. Өмірден өткен әрбір азаматтарымыздың игі істерін өнеге қылып ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз. Осындай бой түзейтін азаматтарымыз біз үшін үлкен қуаныш. Олар ауданымыздың бағдаршамына айналған. Солардың бірі — Рысманап Шаңлақбаев. Кезінде жауырыны жерге тимеген палуан болған. Облыстық, республикалық көлемде өткен барлық шараларда жүлделі орындардан көрініп, атақ-абыройын арттырған азамат. Әсіресе қазақ күресінің абыройын көтерген. «Елдің атын — ері шығарады» деп айтқандай осындай азаматтарымызды біз де қастерлеп, ұрпаққа танытуымымыз біз үшін аманат деп ойлаймын. Сол үшін де осындай адамның атынан республикалық көлемде турнир өткізу қажет деп санаймын.

 

Ерқадыр Жұмабаев, Қазақстан Республикасының денешынықтыру үздігі, Қазақстан спорт шебері, Азияда алаугері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, Рысманап ағамыздың шәкірті:

— Рысманап ағаның алғашқы шәкірттерінің бірі болдым. Құдайға тәубе деймін, спорт саласында жеткен жетістіктерім, ауданымыздың құрметті азаматы сияқты атақтар алуыма бірден-бір себепкер осы Рысманап ағаның арқасы. Адами, ұстаздық қасиеттері, елге жасаған жақсылықтары тек ел үшін жасалған. Бүкіл ғұмырын спортқа арнаған адам. Шәкірттер тәрбиеледі. Мойынқұм спортының басшысы ретінде де біраз абыройға жетті. Елдің құрметіне бөлене білген адам. Ауданымыздың басшыларының өзі Рысманап ағамыз келе жатқанда, батырымыз келе жатыр деп еркелететін. Облыста болсын, республикалық көлемінде өтетін жарыстарға барғанда бірінші болып Рысманап ағамызды сұрайтын. Бізде республикалық көлемде Жазылбек Қуанышбаев атындағы үлкен турнир өтетін. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең атақты спортшылар келетін. Сол кезде сол елдің шіркесіндей болып Рысманап аға деп жүгіріп, құрмет көрсетіп жататын. Серілігі де, батырлығы да бір бойында бар азамат еді. Бүгін міне сол батыр азаматымызды туып-өскен ауылының тұрғындары еске алып, республикалық көлемде турнир өткізіп жатыр. Соны ұйымдастырған Дүйсенғали Қыдырбаевқа, ауыл тұрғындарына, аудан басшыларына, «Биназар батыр» қоғамдық қорына шәкірт ретінде алғысымды білдіремін. Қазақ елінің, қазақ спортының туы желбірей берсін!

 

Қорыта айтқанда:
Атқан таң, арайлы күн аманбысың!
Самғайды бүгінгі күн бұлбұл үнім,
Береке, тәтті тірлік туған жерде
Сүйемін сені осындай далам үшін!
Қасиетті мекенім, туған жерім!
Сіңірлі сексеуілмен буған белін.
Биназардай бабамыз — кемеңгерім,
Осы өңір өсірген Қаһарман,
Еңбек Ерін.
Ендеше қош келдіңіз еске алуға!
«Көтерейік спортты», —
десті ауылда,
Тәрбиелеп, болашақ балуандарды
Қара бала ауылда шыңдалуда.
Беретін жастарға үлгі, бәріне ақыл,
Биназарда іс-шара өтіп жатыр.
Жекпе-жекте тамсанған ағамызды
Еске алуға ел-жұрты келіп жатыр, — дейміз де…

Гүлшат Абуова