«Qazaqstan zamany» газетінің «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ЕлАна» сайтымен бірлескен «Қазақстан — 2050: Ауыл рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты экспедициясы Ақмола облысында
Ақкөл — табиғаты тамылжыған өлке
Ақкөл ауданы Ақмола облысының орталық бөлiгiнде орналасқан. Солтүстiгiнде Бұланды, оңтүстiгiнде Шортанды, батысында Астрахан, шығысында Ерейментау аудандарымен шектеседi. Жалпы аумағы 815449,53 мың гектар жерді алып жатыр.
Аудан 1928 жылы құрылған.Орталығы Ақкөл қаласы Көкшетаудан 203 шақырым.Қала іргесі 1887 жылы қаланған, 1965 жылы Алексеевка қаласы шағын қалалар мәртебесiне ие болды. Қазір Алексеевка атауы Ақкөл болып өзгерген.
Әкім Теміржан Едігенов: Туризмді дамыту заман талабы
— Теміржан Қанатұлы, аудан жайлы қысқаша таныстырып өтсеңіз.
— Ақкөл ауданыоблыстағы үлкен аудандардың бірі. Орталығы Ақкөл қаласы соңғы кездері айтарлықтай қанат жайып, өркендеп келе жатқан шағын қалалардың бірі. Жол қатынасы сайрап тұр. Теміржолда, автомагистраль да қасымыздан өтеді. Өңірде іргелі кәсіпорындар саналатын «ҚазОрманКомпаниясы», «Үш бұлақ — 2005» серіктестігі, элеватор, темір жол стансасысияқты мекемелер ауданның өркендеуіне игі ықпал етіп тұр. Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістергеқол жеткіздік. Биылғы жылы аудан диқандары егістік алқаптың әр гектарынан 13 центнерден өнім алды. Барлығы 164,3 мың тонна астық жинап, 18 мың.тонна тұқым құйдық. Бұл өткен жылғыдан біршама жоғары.
Мал шаруашылығында да ілгері басушылық бар. Аудан Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға да зор үлес қосып отыр. Өңірде етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асты.
Сонымен қатар аудан жұртшылығы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы — 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020», «Нұрлы жер», «Сыбаға», «Құлан» және «Береке» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысады. Оған қоса, инфрақұрылымдарды дамыту, елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытында қомақты қаржы бөлініп, жобалар жүзеге асырылды. Үстіміздегі жылы «Терем.Ок» серіктестігі шай жапсырмаларын, «Казанова» жеке кәсіпкерлігі лимонад және су өндірісін, «Кенебай» жеке кәсіпкерлігі сүт өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.Қала іші жолдарын жөндеп,көркейтуді біршама қолға алдық. Нәтижесінде алаңдар бедер таспен көмкеріліп, су ағарлар тазаланып, автобус аялдамаларына жылыжай орнаттық. Демалыс орындарында күн көзінен қуат алатын күн қағарлар орнатып, жүргіншілердің ұялы телефонын қуаттандыру, кітап, газет оқуға қажетті орындар мен қондырғыларды орнаттық. Өкініштісі, халық ол қондырғыларды қиратып, келеңсіздіктер орын алуда. Бірақ халық мұндай жаңашылдыққа үйренеді деген сенімім мол.
— Ақкөл ауданының жері орман тоғайлы, табиғаты әсем өлке. Осыған байланысты елімізде, облысымызда туризмді дамыту кең етек алуда. Сіз басқарған ауданда туризм жайлы қандай жоспарларыңыз бар?
— Дұрыс айтасыз. Ақкөл туризмге табиғатыда, жол қатынасы да сұранып тұрғандай. Ормандағы өзен-көлдері туристік нысандар салуға қолайлы. Соңғы жылдары ауданда бірнеше рет туризмді дамыту жайлы форум, семинарлар өтті. Алдыңғы жылы өткен”Экологиялық туризм: тарих, қазіргі заман, жаңашылдық” тақырыбында өткен ғылымиконференциясын ауданда экологиялық туризмді дамытудың әлеуеті және оны дамытуға арналған «Ақкөл жастар қаласы — курорт», «Ақкөл экополис» сияқты жобалар талқыланды. ҚатысушыларАқкөл ауданының экологиялық туризмді дамытуда әлеуеті жоғары екенін ерекше атап өтті. Болашақта елорданың «жасыл аймағы» Ақкөл ауданы ормандарымен бірігіп, жалғасады. Осы жасыл аймақта туризм мен демалыс орындарын орнату, дамыту қажеттілігі туындайтын болады.
Нақтылап айтсақ, Ақкөл ауданы Астана-Бурабай алты жолақты көлік жолында, яғни қозғалыстың барынша жанданған аумағында орналасқан. Бұл жерге тұрғындар мен қонақтар емін-еркін келе алады. Келушілердің барлығы Ақкөл ауданының бүгінгі мүмкіндігіне риза. Ақмола өңірі — еліміздегі жетекші рөлге ие туристік аймақтардың бірі десек артық емес.Ауданда туризм кластері құрылса —жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.Этно-мәдени орталықтар, шағын қонақүйлер, саяхат, серуен құру орындарын ашуға талпынып, бастама көтерген кәсіпкерлерде баршылық. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
— Әңгімеңізге рақмет.
Бір жерде шоғырланған рухани ошақтар
Экспедиция мүшелерін әкім орынбасары Г.Е.Әбілқайырова ауданның тыныс-тіршілігімен таныстыруды орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен бастады. Ақкөл ауданында 281000 дана кітап қоры бар. 20 кітапхана орталықтандырылған жүйе бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Кітапхана 1920 жылы ашылып, 1976 жылдан бастап орталықтандырылған жүйеге көшкен. 1990 жылы сәулетті екі қабат ғимарат салынып, 1991 жылы кітапханаға ұлы ақын Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Ағымдағы жылы алғаш рет ғимарат күрделі жөндеуден өтті.
Кітапхана жанында 2018 жылдың 5 шілде күні «Рухани жаңғыру» аудандық ағартушылық кеңсе ашылды. Кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Кеңседе әртүрлі аталым бойынша бөлім, арнаулы бұрыштар бар екен. Тұлғалар бөлімінде Ақкөлдік жазушы-зерттеуші Ж.К.Бектұров пен Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов туралы кітаптар, слайдтар, фотосуреттер сияқты материалдар қойылған.
Бұдан басқада аудандық ішкі саясат бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, білім беру бөлімі, жастар ресурстық орталығы, «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларын жүзеге асырудағы жетістіктерді сипаттайтын іс-шаралар өткізетін фотогалерея және танымдық материалдар қоры орналасқан.
Ақкөл балалар кітапханасының жанында мүгедек балалар мен мүмкіндігі шектеулі жастар үшін «Еңсеру» жобасы жұмыс істейді. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балалар мен жас мүгедектердің өмірін жақсартуға бағытталған көптеген іс-шаралар өтеді.
Ғимаратта Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, бірінші Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетовтың мұражайы бар. Экспонаттарды С.Нұрмағамбетов өзі сыйлаған.
Мұражайды 3000 жуық адам тамашалаған.
Жайық Бектұров атындағы мектептің жетістігі
Мектеп директоры Әлия Айтжанқызы мектебінің тарихы, ұстаздары жайлы бізге баяндап, Жайық Бектұров музейі және сынып кабинетерімен таныстырды. Әлия Айтжанқызы: «Биылғы жылы Жайық Бектұров атындағы №3 Ақкөл орта мектебінде көптеген өзгерістер мен жетістіктерге толы болды. «Рухани жаңғыру» аясында біздің мектебімізде өткенді жаңғыртып, мектебімізге есімі берілген Жайық Кәгенұлы Бектұровке арнап тамыз айында музей ашылды.
Мектепте 63 мұғалім еңбек етеді. 2011-2018 жылдары 15 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. 2017-2018 оқу жылын 37 түлек бітіріп, 8 оқушы «Алтын» белгі иегері болды. Бітірушілердің 25-і жоғары оқу орнына, 10-ы колледждерге грантпен оқуға түсті.
«Бір тасқа атым жазылар…»
Ж.Бектұров қазақ әдебиетінің керегесін көтеріп, уығын шанышқан жазушы, ақын, аудармашы,журналист, публицист, дарынды зерттеуші. Ол 1912 жылы дүниеге келген. Ежелден моншақты атанған (қазіргі Ақмола облысы, Алексеев ауданы, «Үріті» ауылы) Ақкөл атырабы Ж.Бектұровтың кіндік қаны тамған жер. Алғаш ауылдағы молдадан сабақ алып, ескіше хат таныған ол шаруа жастары мектебінде оқып, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған.
Соғысқа қатысып, дивизиялық газеттің редакторы болған. 1942 жылы мамыр айында Ж.Бектұров қамауға алынып, КСРО НКВД-нің айрықша кеңесінің шешімімен сырттай он жылға кесіліп, Солтүстік Оралға жер аударылады. 1955 жылы сот шешімі 1989 жылы түбегейлі ақталды.Қиын жылдары жазған «Таңба» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырқыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы жайында, сол нәубеттің құрбаны болған тұлғалар, талайлы тағдырлар жайында баян ететін туынды. Шығарма азап лагеріндегі өмірді қазақ әдебиетінде бейнелеген тұңғыш еңбек. Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасына Жайық Бектұров аты беріліп, онда кабинет-мұражай ашылған.
Жайық ағамыз:
Мені іздеп жоқтаушы да табылар деп,
Біраз жұрт сөзімді де сағынар деп,
Сымбатты сәнді мүсін қоймаса да,
Ойлаймын бір тасқа атым жазылар…, — деп жырлаған.
Ақкөлдің атын әнмен шығарып жүрген ұжым
Ақкөл ауданының балалар музыка мектебі шағын, іші тап-тұйнақтай екен. Бізді сазды әуенді қалықтатып қарсы алды. Мектеп басшысы Цой Зента Алексеевна ұйымдастыру ісінің білікті маманы, тәжірибелі ұстаз екен. Мектебі атқарған істермен, келешек жоспарларыжайлыжайып салды. Мектеп 1969 жылы құрылған. Фортепиано, халық аспаптары, дәстүрлі ән және эстрадалық деген үш салада музыка мамандарын дайындайды. «Бұйыртса 50 жылдығымызды да тойлаймыз. Биыл аудан әкімінің қолдауымен оркестрге арнап ұлтық аспап және костюмдералдық. Әр бөлім хор,ансамбль,оркестр жасақтап, өнерлерін шыңдайды, бәсекеге түседі.«Рухани жаңғыру» аясында былтыр дәстүрлі ән сыныбын аштық. Мектепте жоғарғы маманды13мұғалімнің барлығы өз ісіне жаттыққан майталмандар. Мектеп оқушылары әртүрлі халықаралық, республикалық, облыстық аудандық конкурстарға қатысып лауреаттар атанса, былтыр 32 оқушы жеңіспен оралды. Біздің түлектер музыка мамандығы бойынша республикамыздың әр түкпірінде және шетелдерде жұмыс жасап,еңбек етіп жүр. Бітірген түлектерге өз қалауымен Астана қаласындағы музыка академиясына түсуге жол ашық. Сонымен қатар түлектеріміз Г.Д.Салихова, Ю.В.Коноскова, А.А.Гайворонскийлер өз мектебінде үлгілі ұстаздар ретінде сабақ береді және жеткенжетістіктері де аз емес. Ата-жұртын аңсап келген бауырымыз Бөженұлы Құрметбек тәжірибелі ұлағатты ұстаз, ақын сазгер, дәулескер күйші,сегіз қырлы бір сырлы азамат жанұясымен өнердің туын көтерген адам.Ауданымыздың атын асқақтатып жүрген өнер иесі, оркестр жетекшісі. Ұлы Құрметбек Нұрғиса осы мектепті бітіріп, бір жыл осында еңбек етіп, Астанаға білімін жетілдіруге ауысты. Құрметбектің қарындасы Бөженқызы Ақгүлдің оқушылары және «Мұрагер» ансамбль халықаралық, республикалық конкурстарда бас жүлделерге бірнеше мәрте ие болды. Ұстаздарымыз тәжірибелік курстардан әр жыл сайын кезекпен өтіп отырады», — дейді мектеп директоры З.Цой ханым.
Өтебектің жайлауында
Шаруа қожалық жетекшісі Өтебек Тұрсынұлы Бертілеуов бізді жайылымда күтіп алып, жайлауды тамашалатты. Шөбі шүйгін алқапта сиыр, қойы аралас жайылған мал өте күйлі. Шаруа қожалығы малдан басқа егін салады. Биылғы егінді жинап бітіріпті. Егін шығымы жақсы. «Ауыл шаруашылығынан басқа құрылыссалу, жөндеу және жиһаз жасаймыз. Ақкөл қаласындағы мемлекеттік мекемелердің көбін жөндедік, жаңа құрылыстар салдық. Жиһазымыз өтімді.
Мектеп, балабақша, ауруханалардың жиһаздарының түгелге дерлігін біздің кәсіпорын жасады. Ұйымда 40-тан астам жұмысшы бар. Айлық жалақысы жоғары, әлеуметтік жағынан қамсыздандырылған. Қайырымдылық іс-шараларына қатысып тұрамыз», — дейді кәсіпкер, депутат Өтебек Тұрсынұлы.
Дайындаған — Дахан Шөкшир