Павлодар облысында аграрлық-техникалық колледждерді оңтайландыру жоспарланып отыр

 

Павлодар облысында оқу орнын аяқтаған соң өздігімен жұмысқа тұра алмайтын техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің оқыту сапасын арттыру мақсатында біріктіру көзделіп отыр. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен Баянауыл ауданында өткен жиында ауылдық аймақтарда орналасқан тиімсіз аграрлық-техникалық колледждердің болашақ тағдырын талқылады.

Аймақ басшысы ТжәнеКБ мекемелері жұмысының ең негізгі көрсеткіші – олардың түлектерінің жұмысқа орналасуы екенін еске салды. Бұл – өз кезегінде аудан колледждерінің басты мәселелерінің бірі.

– Мысал ретінде Баянауыл аграрлық-техникалық колледжін қарастырайық, – деді Болат Бақауов. – Осы жылы оқуларын аяқтаған 55 түлектің ішінен 16-сы ғана жұмысқа тұрды. Оған қоса олардың біреуі де мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олардың қатарына аспаздар, дәнекершілер, электромеханиктер кіреді. Соңғы 5 жылдың ішінде түлектердің 39%-ы ғана жұмысқа тұрды, олардың 19% ғана өз мамандығы бойынша жұмыссқа орналасты. Мұндай жағдай барлық дерлік аграрлық-техникалық колледждерде орын алып жатыр. Ал бір білікті маманды даярлау үшін жыл сайын облыс қаражатынан 1,2 млн. теңге бөлінеді.

Мысал ретінде Болат Бақауов түлектерінің 95%-ы жұмысқа орналасатын Павлодар түсті металлургия колледжі және Ақсу қара металлургия колледжін келтірді.

-Жуырда ғана аудит қызметі Шарбақты аграрлық-техникалық колледжінде тексеріс жүргізді. Бұл оқу орнынад 6 қыз бала автослесарь және дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алып жүр, – деді аймақ басшысы. – Олар колледж бітіргеннен кейін мамандықтары бойынша жұмыс істейді деп ойлайсыздар ма? Меніңше, жоқ. Жастар арасында кәсіби бағдарлау жұмыстарын мектеп деңгейінде өткізу керек. Бозшакөлдегі тау-кен байыту комбинатын  қараңыздаршы. Бүгінгі күні сол жерде Қарағанды, Астана қалаларының және тіпті Қырғызстан, Өзбекстан сияқты жақын шетелдің азаматтары жұмыс істейді. Ал біз болсақ өнеркәсіптік аймақта тұрып, қолымызда материалдық-техникалық база болғанның өзінде осындай үлкен кәсіпорынды жұмыскерлермен қамтамасыз ете алмай отырмыз.

Аграрлық-техникалық колледждердің басшылары айтылған мәселелерді жоққа шығарған жоқ.

– Иә, проблемалар бар. Осындай жағдайдың орын алуының негізгі себебі – жастардың мамандыққа қарамай, оқуын тек диплом үшін оқитынында болып отыр. Сонымен қатар, оқу аяқталғаннан кейін түлектердің көбі егіс жұмыстары немесе шөп әзірлеу кезінде ғана жұмысқа орналаса алады.

– Яғни біздің колледждер маусымдық жұмыскерлерді даярлау үшін жұмыс істейді деген сөз бе? – деп реніш білдірді әкім. – Оларды төрт жыл бойы оқытамыз, бір маманды даярлап шығу үшін 4 миллион теңге жұмсаймыз да, 2 ай жұмыс істейтін қызметкерді шығарамыз ба? Бұл дұрыс емес.

Аграрлық-техникалық колледждердің жұмыстарын оларды біріктіру арқылы өзгерту  жоспарланып отыр. Бұл – Білім және ғылым министрлігімен талқыланған мәселе. Жоспар бойынша Красноармейка аграрлық-техникалық колледжі Павлодар облысының аграрлық инновациялық колледжіне айналып, қалған шағын комплектілі ТжәнеКБ мекемелері оған қосылатын болады. Ұсынылған құрылымға сәйкес студенттердің теориялық сабақтары Красноармейка колледжінде өтсе, қалған аудандардағы колледждер практикадан өту үшін пайдаланылатын болады.

Болат Бақауов бұл мәселені мұқият қарастырып, жақын арада аймақтың аграрлық-техникалық колледждер жүйесін қайта құруға кірісу туралы тапсырма берді.

 

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы