Павлодар облысының үкіметтік емес ұйымдарының форумы өтті

Облыс орталығында Азаматтық ресурстық орталық және Қазақстанның Азаматтық альянсы Үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі және VIII облыстық ҮЕҰ форумын өткізді. Форумға аймақ басшысы Болат Бақауов қатысып, үкіметтік емес ұйымдардың қозғалысын дамыту, олардың жобаларын қоғамға пайдалы істерге бағыттау бойынша ойларымен бөлісті.  

— Тең құқылы серіктестер болу үшін үкіметтік емес ұйымдар тек мемлекеттік бюджет қаражатына сене бермей, біліктілік деңгейін арттыру керек, – деді аймақ басшысы азаматтық форум барысында. -Біздің ортақ мақсатымыз флешмобтарды өткізу емес, нақты әлеуметтік мәселелер мен міндеттерді орындау болуы қажет. ҮЕҰ-мен тиімді жұмыс істеу мақсатында жылдың соңына дейін аймақта облыстық Үкіметтік емес ұйымдар үйі ашылады. Оның көмегіне ұйымдардың өздері, белсенді азаматтар мен еріктілер жүгіне алады.

Аймақ басшысы айтып өткендей өңірлік ҮЕҰ-лардың көбі белсенді, әрі еңбекқор болып табылады. Осы қасиеттер жұмыста жетістіктерге жетуге көмектеседі. Алайда бірқатар қиындықтар да туындауы мүмкін. Қазіргі таңда қалалық аймақтармен салыстырғанда ауылдық жерлерде үкіметтік емес ұйымдар әлдеқайда баяу дамиды. Бұл мамандардың жетіспеушілігіне және олардың біліктілік деңгейлерінің төмендігіне байланысты. Осы мәселені шешу үшін әкімдіктерге белсенді ҮЕҰ-ларды іздестіру мен қолдау жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілді.

Болат Бақауов айтып өткендей ұйымдардың бір бөлігі қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешу үшін емес, бюджеттік қаражатты игеру үшін жұмыс істейді. Сондай-ақ, облыста мемлекеттің қолдауынсыз әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген ұйымдар да бар. Осылайша «Павлодардың қайырымдылар клубы» жылдың басынан бастап мұқтаж жандарға 143 млн теңгеге көмек көрсетті.

– Павлодарлықтардың мұқтаж адамдарға пәтерлері мен үйлерін тегін пайдалануға берген істері бізді өте қуантады, – деді Болат Бақауов. – Әлеуметтік желілерден біз олар жасап жүрген игі істердің бір бөлігімен ғана таныспыз. Біз тіпті олардың барлықтарының түрлерін де білмейміз, бірақ олар күн сайын адамдарға көмектесіп жүр. Сонымен қатар, өскелең  ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне үлес қосып жүрген ауған соғысы ардагерлеріне, жергілікті соғыстар қатысушыларына, интернационалист-жауынгерлер әскери тобына алғыс айтылды.

– Бүгін біздің ҮЕҰ-лар қоғамда болып жатқан барлық үрдістердің белсенді қатысушысы мен тең құқылы және жетілген серіктес ретінде қалыптасқаны жөнінде нық сеніммен айта аламыз, – деді Болат Бақауов. – Осындай тығыз байланыстың арқасында ғана біз алға қойған мақсаттарға жетеміз.

Форумның пленарлық отырысының соңында қайырымдылық іспен айналысуда көзге түскен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерге облыс әкімінің Алғыс хаттары мен сертификаттар берілді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы