Павлодарлық туроператорлар тюменьдік әріптестерімен меморандумға қол қойды
Павлодарлық туроператорлар Тюмень облысындағы әріптестерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Олар Петропавл қаласында өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында осындай келісімге келді.
Туристік саладағы әріптестік туралы құжатқа павлодарлық «Roman Tour» компаниясының директоры Игорь Черных пен Тюмень қаласындағы «Континент» ААҚ-ың өкілі Александр Омельченко қол қойды.
— Біз нарықта жұмыс істеп келе жатқан 17 жыл ішінде тюмендіктерді Қазақстанға апарып келеміз. Бір маусымда кемінде екі автобус туристер қатынайды, — деді Александр Омельченко. – Біздің негізгі бағыттарымыз Ақмола облысындағы Щучинск және Бурабай, Астана қаласы мен Қарағанды облысы. Меморандум жасасқаннан кейін павлодарлық әріптестермен бірігіп, Павлодар облысы бойынша туристік турлар сызбасын құрамыз. Бізді өңірдің тарихи орындары мен емдік-курорттық бағыттар қызықтырады.
Екі тарап қол қойған тағы бір меморандум бойынша туризм саласы, экскурссиялық және көрмелік-жәрмеңкелік жұмыс бойынша іскерлік байланыстарды дамыту көзделіп отыр.
Сонымен бірге, форум кезінде Павлодар облысында өндірілетін тауарлар мен қызметтерді сату орталығының басшысы Дмитрий Корепанов пен ресейлік «Pro» компаниялар тобының бас директоры өзара келісімге келді. Тараптар павлодарлық тауар өндірушілердің өнімдерін Свердлов облысына тасымалдау бойынша келісті. Аймағымызда өндірілген көкөністердің алғашқы партиясы жақын арада Ресейге аттанады. Болашақта павлодарлық кәсіпорындар өз әріптестеріне ет және жарма өнімдерін жеткізе бастайды.
Әлихан Рахметоллаұлы