Жастар Отан алдындағы жауапкершілікті сезінулері тиіс-Жабал Ерғалиев
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әр Жолдауының тарихи маңызы бар. Алайда бүгінгі Жолдаудың қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне, табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға мән беріліумен құнды екендігін айтқым келеді. Біз ел тәуелсіздігінің ширек ғасырдан астам кезеңінде өзіміздің ішкі және сыртқы саясатымызды айқындап, әлемнің абыройлы мемлекеттерінің бірі болып отырмыз. Мұның бәрі де ақиқат болғанымен, өмір де, әлемнің дамуы да бір орында тұрмасы анық. Әлем бүгінгі күні Елбасы атап көрсеткеніндей қарқынды түрде өзгеріп келеді. Күн сайын өндіріске де, өмірге де жаңалықтар батыл еніп жатыр. Тіпті роботтандыру мен автоматтандыру Адам баласын жаңаша ойлауға мәжүбүр еткендей», -дейді Ж.Ерғалиев. Сонымен қатар, ол Елбасы өз Жолдауында халық табысының өсуін, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға айырықша мән беріп отырғандығын атап өтті. «Елбасы қашан болсын, жастарға үлкен сенім артып, қолдап келе жатқаны бар. Мұны осы жолы да анық тани түсіндік. Әсіресе, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауы көңілден шығады. Алайда осы орайда «Жастар жылын» құр даңғазалыққа айналдырып алмауға тиістіміз. Жастар жылында меніңше жастардың ең әуелі өз Отаны алдындағы жан-жақты жауапкершілігін сезіне түсуге мән берілуі керек. Жастар өз ата-анасы, үлкен мен кішінің, өз елі мен жері, өз тілі мен өз салт-дәстүрі алдындағы жауапкершіліктерін білетіндей тәрбие бесігінен өтуге тиісті. Жолдауда ел алдындағы міндеттерді орындап шығу үшін ел бірлігінің қажеттілігіне тағы да мән берілген. Сондықтан да, біздің бәріміз елдің бірлігі мен тыныштығы үшін, мемлекетіміздің қуатты бола түсуі үшін және де өз әл-ауқатымыздың жақсара түсуі үшін аянбай қызмет етуіміз керек», — деп қорытындылады Ж.Ерғалиев.
inform.kz