Маусым мемлекеттiк рәмiздер айы болып жарияланды

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Комиссия мүшелері аталған мемлекеттік органдар жұмысына жан-жақты талдау жасады.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес Мемлекеттік рәміздер күні «Маусым – «Мемлекеттік рәміздер» тақырыптық айындағы негізгі қоғамдық-саяси оқиға екеніне тоқталды. Осы орайда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясындағы кешенді ақпараттық-имидждік жұмыстың маңызды бөлігі болуы тиіc екендігі атап өтілді.

Сондай-ақ, Мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманың бұзылуына жол бермеу, оны үнемі бақылауды қамтамасыз ету, құқықтық қолдану тәжірибесін жаңғырту, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау саласын бақылауды күшейту мәселелеріне ден қою қажеттігі жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларына айрықша талап қойылды. Отырыс қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.