Павлодар облысының туристік әлеуетін дамытуға бағытталған меморандумдар жасалды
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Түмен облысының губернаторы Александр Моор әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Екі аймақ басшысы Петропавл қаласында өткен XV Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастығы форумы барысында тиісті құжатқа қол қойды.
Аймақаралық келісімдерге қол қою салтанаты пленарлық отырыстан кейін екі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өтті. Қазақстан және Ресей өңірлерінің әкімдері мен губернаторлары, сонымен қатар, екі мемлекеттің коммерциялық құрылымдары 10 шақты келісімге қол жеткізді. Олардың қатарында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Түмен облысының губернаторы Александр Моордың арасындағы келісім де болды. Бұл құжат осы жылдың сәуір айында Болат Бақауовтың Түменге жасаған ресми сапарының барысында бастау алған жұмыстың нәтижесі болды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенкомен де келіссөздер жүргізді. Павлодар облысының әкімі өзінің ресейлік әріптесіне Ертіс өңірінің туристік мүмкіндіктерін таныстырды.
Әлихан Рахметоллаұлы