Атырауда жақында «2GIS» қалалық ақпараттық орталық іске қосылады
Қазір облыс орталығындағы барлық әлеуметтік, мәдени, тұрғын үй және бизнес нысандар енетін қаланың ақпараттық картасы дайындалып жатыр.
«2GIS» ақпараттық орталығы Қазақстанның 11 қаласында бар. Атырау тегін мобильді қосымша енгізілген облыс орталықтарының арасында 12-нші болып отыр.
— Қазір өндіріс бөліміне қызметкерлер жинап жатырмыз, қаланы салыстыра тексеруді, мекемелер туралы ақпарат жинап, бірыңғай картаға енгізуді үйретудеміз. Дайындық жұмыстары наурызға дейін жалғасады. Наурыздан бастап мобильді қосымша іске қосылады, оны атыраулық тұрғындар қолдана алады,- дейді Атыраудағы «2GIS» ЖШС басшысы Сағат Нұрмағанбетов.
Қалалық ақпараттық орталық өкілдерінің айтуларынша, жаңа қосымша атыраулық тұрғындарға ғана емес, қала қонақтарына да көмекші құрал болады.
— «2GIS» — қаланың электронды анықтамалығы. Оған барлық ғимараттар мен оларда орналасқан мекемелер енеді. Навигатор мен жолсілтеуші ретінде жұмыс істейді. Ол үшін қосымшаны телефонға немесе басқа мобильді құрылғыға жүктеп, айына 1 рет жаңартып тұру керек. Мекемелер туралы мәліметтер тегін енгізіледі — дейді Сағат Нұрмағанбетов.
Айта кетейік, «2GIS» — халықаралық картографиялық компания, осы атаумен 1999 жылдан бері қалалардың карталары бар электронды анықтамалықтар шығарады. «2GIS» бас кеңсесі РФ Новосибирск қаласында орналасқан. Компания Ресейдің көптеген қалаларының және Қазақстан, Италия, Чехия, Чили, БАЭ, Қырғызстан, Украина, Кипрдің анықтамаларын жасаған.
Компанияның 2018 жылдың шілдесіндегі мәліметі бойынша «2GIS» карта-анықтамалары 350-ден астам қалада жұмыс істейді, айлық аудиториясы 40 млн тұтынушыдан асады. Сервис тәулігіне 2,2 млн іздеу сауалын өңдейді.
Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.