«АУЫЛ — РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ» экспедиция жұмысы Жамбыл жерінде жалғасуда…

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен дәстүрлі түрде жылда жалғасын тауып келе жатқан «QAZAQSTAN ZAMANY» газетінің ауыл экспедициясы Жамбыл жерінде жалғасуда. «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар көзі» атауымен бастау алған биылғы экспедиция өткен аптада Байзақ, Қордай, Шу, Мойынқұм, Меркі, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында болды.

 

«QAZAQSTAN ZAMANY» газетінің директоры Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ аталмыш елді мекендерде жұртшылықпен жүздесіп, бұқараның ой-тілегін тыңдады. Сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Айта кетейік, биылғы экспедицияға жоғарыда аталған барлық аудандардың әкімдері ерекше қолдау білдіріп, белсенділік танытты. Ал басылымымыздың бас директоры Сәуле Мешітбайқызын талай жылғы ерен еңбегі және ауылдың мұң-мұқтажын биік мінберлерге жеткізудегі жанашырлығы үшін Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев пен Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов Байзақ баба және Батыр Бауыржан төсбелгілерімен марапаттады. Осы жолғы санымызда ауыл экспедициясында куә болған тың жаңалықтар мен бағдарлы бастамалар жайлы оқырман қауымды хабардар еткенді жөн санадық.

Қордайлық оқушылар робот жасайды

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» жобасын одан әрі дамытып, барлық орта білім беру мекемелерінің базасын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесіне негіздеуді міндеттегені белгілі. Осыған орай, бүгінде бұл бағытта Жамбыл облысында аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Әсіресе, Қордай ауданында ауқымды істер алға басуда.
Аудан әкімі Болатбек Байтөленің айтуынша, қазіргі таңда елді мекендегі 48 мектептің 18-де роботехника бөлмелері ашылыпты. Сондай-ақ, екі ІТ сыныбы құрылып, жастарға жаңа технологиялармен тәлім берілуде екен.
— Жолдау жүктеген міндеттен кейін, 18 мектептен роботехника бөлмелерін ашып, аудан орталығы мен Қарасай ауылынан ІТ сыныптарын құрдық. Мұндағы мақсат жастарға жаңа технологиялардың тілін білуге үйрету. Осы арқылы елді мекендегі білім беру мекемелерін Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесіне бейімдеу болып отыр. Әзірге материалдық базамызды нығайтып алсақ, кезең-кезеңімен оқытушылар құрамын да талапқа сай жасақтайтын боламыз. Ол үшін арнайы курстан өтіп жатқан педагогтарымыз да аз емес, — дейді аудан әкімі.
Елді мекенде болған іссапарымыздың барысында аудан орталығындағы «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы» роботехника кабинетіне арнайы бас сұқтық. Ағымдағы жылдың қазан айында жұмысын бастаған бөлім 120 балаға тәлім беруде екен. Орталықтың қосымша білім беру педагогы Надина Әукенованың айтуынша, мұнда бүгінде балаларға барлық қолайлы жағдай жасалыпты.
— Роботехника бөлімінде қазір 6 топқа бөлінген 120 бала тәрбиеленуде. Жас ерекшелігі 8-15 жас аралығында. Тәрбиеленушілер 10 ноутбук және түрлі роботехника саласына арналған құрылғылармен жабдықталған. Балалар жалпы үш модуль бойынша оқытылады. Біріншісі бағдарламалау тілі болса, екіншісі роботехника, үшіншісі 3D моделирования. Роботехника сыныбы ашылған аз уақыттың ішінде тәрбиеленушілеріміз робот піл, робот ит сынды бірнеше дүниені құрастырып үлгерді. Енді жуырда республикалық додада бағымызды сынап көрсек деп отырмыз, — дейді ұстаз.
Негізі мұндай роботехника кабинеті Д.Қонаев атындағы орта мектептен де ашылған екен. Ондағы жастарда робот жылан, робот көлік сынды құрастырмалар-ды жасап, көпшілікті таңғалдыруда.
Осылайша жаңа технологиялар бағытына қарышты қадам жасаған қордайлықтар білім саласынан бөлек, ауыл шаруашылығында да цифрлық дүмпу жасауда. Атап айтсақ, биыл ауданнан жеке қаржыландыру есебінен заманауи жылыжай салынуда. Сметалық құны 980 миллион теңгені құраған жобаның құрылысы аквапоника әдісі бойынша жүзеге асуда. Яғни, жылыжайдың төменгі бөлігінде балық өсірілетін болса, судың бетіне түрлі тағамдарға арналған қылқан жапырақты өсімдіктер егіледі. Корея мемлекетінің ғалымдарымен жобаланған елімізде баламасы жоқ бұл жылыжай жыл соңына дейін ашылады деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек, елді мекендегі «Қақпатас» ЖШС 189 миллион теңгеге Германиядан асыл тұқымды сиырлар әкеліп, оларды голландиялық құрылғымен саууда. Осылайша қордайлықтар сүт кластерін дамытуға да жаңа технологияларды мықтап енгізуде.
Тағы бір жағымды жаңалық, өткен сенбіде аудандық мәдениет үйінің кітапханасынан коворкинг орталығы ашылды. Бұл орталықтың өзгелерден айырмашылығы мұнда келушілер кітап оқып қана қоймай, жүйрік интернет желісіне қосылған компьютерлерден түрлі құжаттар ала алады. Яғни, енді халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезекке тұрмай-ақ, тұрғындар осы орталықтан 30-ға жуық қызмет түрін пайдалана алады.
Иә, бұл сөз жоқ цифрландыру дәуіріне жасалған үлкен қадам екені анық. Сондай-ақ, аудан орталығындағы 18 көшеге заманауи бейне бақылаулар қойылып, облыстық ішкі істер департаментімен бірлесе отырып соңғы үлгідегі тағы 4 камераның орнатылып жатқаны, цифрландыру бағытындағы жұмыстардың өрісін кеңейтіп жатқаны айқын. Ең бастысы бұның барлығы бұқара қамы үшін жасалып жатқаны қуантады.
Кім білсін, бәлкім бірер жылдан кейін Қордай ауданы адам танымастай өзгеріп, өңіріміздегі ең дамыған елді мекеннің біріне айналып қалуы да ғажап емес.

 

Шуда елімізде баламасы жоқ күн электр стансасы салынады

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу өңірі қай кезде де тың бастамаларымен танылған өлке. Аталмыш ауданда бүгінде асыраушы саладан бастап, өзге бағыттағы жұмыстар да жүйесін тапқан. Әсіресе, құрылыс саласы қарқын алып, инвестиция ел игілігіне лек-легімен құйылуда. Бұған экспедиция мүшелері аталмыш елді мекенге ат басын бұрғанда толықтай көз жеткізді.
Жалпы Шу ауданында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының құрылысы жүріп жатқанына біраз жыл болған-ды. Қазір аталмыш аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстарының дені аяқталып, төрт қатысушының жобасы жүзеге асуда. Олардың жемісін жұртшылық алдағы жылдары көретін болады. Десе де, шулықтар бұл бастамамен шектеліп қалмай, елді мекенге инвестиция тартудың түрлі жолдарын қарастыруда. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың айтуынша, биылдың өзінде бірнеше алып жобалар бастау алған екен.


— «Тараз химиялық паркінде» негізгі инвестициялық жобалар аяқталуға жақындағаннан кейін, биыл көрсеткішіміз сәл төмендеп қалды. Себебі былтырғы жылдағыдай миллиардтаған қаржы құйылмай қалды. Бұл заңды құбылыс. Өйткені біз арнайы экономикалық аймаққа қаралған негізгі қаржының тетігін тауып, жүйелі жұмсадық. Енді аудан экономикасын тағы алға ілгерілету үшін бізге басқа жобаларды қолға алу қажет. Міне, осы мақсатта биыл Абай ауылынан елімізде баламасы жоқ күн электр стансасының құрылысын бастадық. Осыған дейін, Жуалы ауданында 50 МВт күн электр стансасы салынса, біздегі электр стансаның қуаттылығы 130 МВт-қа дейін жетеді. Жобаның сметалық құны 44 миллиард теңгені құрайды. Жалпы аумағы 300 гектар жерді алып жатыр. Жобаға жауапты «Intan Greid» компаниясы құрылыс жұмыстарын үш кезеңге бөліп отыр. Бірінші кезең бойынша қазір станция орнын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатса, келер жылы монтаждау басталады. Ал үшінші кезең 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Осылайша елімізде бұрын соңды болмаған алып күн электр стансасы келер жылы іске қосылғалы тұр. Бұл аудан тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашатыны айқын, — дейді аудан әкімі.
Шудағы тағы бір жағымды жаңалық сметалық құны 1,5 миллиард теңгені құраған бетон зауытының құрылысы 99 пайызға аяқталған. Алайда бетон материалына жаз мезгілінде сұраныс туатындықтан қазір өндіріс орны жұмысын бастамай отыр. Десе де, келер жылы аталмыш зауыт құрылыс саласына ерекше қарқын беретіні даусыз.
Өңірде бірнеше жылдан бері қызылша шаруашылығы мықтап қолға алынып келе жатқаны белгілі. Алайда биыл шулық шаруалар тәтті түбірді 600 гектар жерге еккенімен, оны өткеруде қатты қиналыпты. Оған себеп, өнімді Меркі қант зауытына тасымалдау құны көлік басына 130 мың теңгені құраған. Оған басты себеп — тас жолдың нашарлығы. Аталған қаржыны қожалықтардың денінің қалтасы көтермегендіктен шаруалардың жинаған өнімін мал азығына пайдаланып жатқан көрінеді.


— Т.Рысқұлов ауданының шаруалары биыл Меркі қант зауытына тәтті түбірді көлік басына 35 мың теңгеден тасымалдады. Ал біздегі тасымалдаушылар жолдың нашарлығына байланысты бағаны 130 мың теңгеге дейін қымбаттатып жіберді. Тасымалдау құны Үкімет тарапынан төленбейтіндіктен шаруалардың дені қант зауытына қызылша өткізуден бас тартып, өнімін малға беруде. Осылайша, биыл үлкен қиындыққа тап болдық. Негізі Шу ауданында қызылша шаруашылығын дамыту үшін өзімізге жеке дара зауыт қажет. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл Чехословакия елінің кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, жаңа қант зауыты құрылысы жобасын қолға алдық. Шетелдіктер өндіріс орнының 80 пайызын қаржыландырамыз деп отыр. Құрылыс жұмыстары 9 айды қамтымақ. Ал зауыт қуатты күшіне шыққанда тәулігіне 200-300 тонна қант қызылшасын өңдейтін болады.
Одан бөлек, «Асыл жер» компаниясы жылдық қуаттылығы 300 мың тоннаға жететін қант зауытын салуға ниет білдіруде. Олар сұраған 10 мың гектар жердің қазір 2000-ын бердік. Олар соның 400 гектарына қант қызылшасын егуді жоспарлап отыр. Себебі компания шулық шаруалардың тәтті түбірі жетпей қалатын болса, шикізаттан тапшылық көрмес үшін осындай қадамға баруда. Дегенмен егер осы екі өндіріс орны іске қосылатын болса, ауданның диқаншылары қызылша шаруашылығына мықтап кірісетініне бек сенімдімін, — дейді аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы.
Бұдан бөлек, биыл Мойынқұм ауданындағы «Агрофирма Түрікпен» ЖШС Шу ауданынан жер сұраған екен. Серіктестік қожалығын кеңейту үшін 4,5 миллиард инвестиция құюға дайын көрінеді. Үстіміздегі жылы Шу ауданының әкімдігі мұндай ұтымды ұсынысты жан-жақты зерделеп, жер беруге келісім беріпті. Енді «Агрофирма Түрікпен»-нің қалмақ тұқымдас сиырлары Шу өңірінде де жайылады деп күтілуде.
Ауданда осы таңға дейін жарық желісі үлкен мәселенің біріне айналып келгенін мұндағылар жасырмайды. Себебі, қыс айлары келсе болды, қысымды көтере алмаған электр станциялары істен шығып, шулықтардың қараңғылықта өткізетін түндері көп болған. Бұған аудан әкімдігі 2015 жылы 500 миллион теңгеге қолға алынған подстанция құрылысының аяқсыз қалғанын кінәлауда. Әрине, оған қарсы айтар уәжіміз жоқ. Өйткені «Жайсан» подстанциясының құрылысына жауапты болған мердігер жосықсыздық танытып, қазір үстінен іс қозғалуда. Осылайша қаралған қаржыны құлқынан өткізген серіктестік аталмыш құрылысты қашан аяқтайтыны белгісіз болып тұр. Оған қоса, аудан әкімдігі бұл құрылыстың қайта жанданатындығынан да үміт үзген. Сол себепті, аудан басшысы Қайрат Досаевтың ұсынысымен биыл Әскери қалашық атанып кеткен ықшамауданнан жаңа подстанция салынуда. Келер көктемде құрылысы аяқталатын жобаға облыс әкімдігі тарапынан 160 миллион теңге бөлінген. Аталмыш нысан ел игілігіне берілген тұста, подстанция Әскери қалашықтан биыл жаңғырудан өткен 75 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйден бөлек, шулықтарды да тұрақты жарықпен қамтитын болады. Сондай-ақ ықшамауданнан келер жылы берілетін тағы төрт үйді де жарықтандыруға подстанцияның толық қуаты жетпек.
Міне, осылайша шулықтар құрылыс саласына қарқын беріп, инвестиция тартуда алдына жан салмауда. Оған дәлел, аудан бірер жылдың бедерінде инвестиция көлемі бойынша Тараз қаласынан кейінгі екінші орынға тұрақтап келеді. Ал биыл қолға алынып жатқан жобалар ауданды осы биігінен түсірмейді деп сенеміз.

 

«Жастар жылына» арналған тың жоба

Құландықтар өскелең ұрпақты шопандыққа баулымақ

Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы қажеттігін баса айтты. Бүгінде осы межені еңсеру бағытында асыраушы салада алшаң басқан тірліктер аз емес. Оған дәлел, жыл өткен сайын егістік көлемі еселеп өсіп, мал басы да артуда. Жолдау жүктеген міндетті орындауда Т.Рысқұлов ауданы да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Тіпті, елді мекенде соңғы кездері жанданған тың жобалар да баршылық.
Аудан әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, 70 мың халқы бар өлке биыл 143 мың гектар жер егін еккен екен. Оның 36 мыңы бидай болса, 45 мыңы арпа және 16 900 гектар жерге масақты дәнді дақылдар себілген. Одан бөлек, 540 гектарға тәтті түбір отырғызылыпты. Қызылшаның әр гектарынан 350 центнерден өнім алынып, Меркі қант зауытына 5000 тонна тәтті түбір өткізілген. Нәтижесінде алынған өнім көлемі 5 пайызға дейін өскен. Сондай-ақ, мал шаруашылығында да ілгерушілік бар. Кеңес үкіметі тұсында ауданда төрт түлік саны 500 мың басты құраса, биыл құландықтар мал санын 435 мыңға жеткізіп отыр. Мұндай межеге жетуге «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сынды мемлекеттік бағдарламалардың тигізген шарапаты мол болған. Мал басының артуы ет кластеріне де айтарлықтай серпін беруде. Мәселен, биыл аудан шаруалары 195 тонна етті Иран мемлекетіне жөнелтсе, 2,5 миллион долларға бекітілген келісімшарт негізінде Өзбекстанға сиыр еті экспортталуда. Әрине, бұл көрсеткіштер жан жадырататыны айқын. Десе де, құландықтар бұл межеге тоқмейлісімей отыр. Аудан әкімі Асқар Қрықбаевтың тікелей бастамасымен биыл жастарды мал шаруашылығы баулу мақсатында тың бастама көтерілуде.
— Елбасы жуырда жариялаған «Қазақ-стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынғанын ел жақсы біледі. Осыған орай, біз алғашқылардың бірі болып бастамаға үн қосу ретінде жастар үшін тың жобаны жандандырып отырмыз. Яғни, ауданнан 10 жас отбасылар мен білікті жастарды іріктеп алып, арнайы топ құрып жатырмыз. Топтың әр мүшесіне 500 қойдан беріп, 2-3 жылға дейін өзіміз кепілдендіретін боламыз. Бұл бастамамызға 55 мың қойы бар «Шәушен» шаруа қожалығы қолдау білдіруге ниет танытып отыр. Бұл 500 қойды жастарға беріп қана қоймай, оларға қорда тұрған 20 мың жайылымдық жерден бөліп береміз. Және алғашқы жылы «Луговой жылқы зауыты» жеммен қамтамасыз етсе, «Ақтоған» шаруа қожалығы шөп беретін болады. Орта есеппен алғанда сонда әр топ мүшесінің шаруашылығын дамыту үшін 3 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бұл қаржыны қожалық иелері 500 қойдан алынған төлден кезең-кезеңімен қайтарады. Ол төлдерді біз тағы 10 бригада құрып, соларға беретін боламыз. Осылайша 2-3 жылдың ішінде шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, төрт түліктің де санын арттырмақпыз. Бұл «Жастар жылына» және ауданда жастарды тұрақтандыру мақсатында жасалып жатқан қадам. Қазір топ мүшелерін іріктеуден өткізіп, оларды төрт түлік және мал азығымен қамтамасыз ету жұмыстары пысықталуда, — дейді аудан әкімі Асқар Санатұлы.

Иә, бұл сөз жоқ, өңірімізде бұрын соңды қолға алынбаған бастама. Ауылда бос жүрген жастардың алдына 500 қойдан салып беріп, оған қоса мал азығымен қамтамасыз етіп жатса, бұл өз шаруашылығымды шалқытамын деушілерге үлкен демеу. Әрине, аталмыш мал саны кім көрінгенге беріле салмайтыны белгілі. Бұл жан-жақты зерделеніп барып, қабылданатын шешім. Десе де, кемі 10 жас өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады дегеннің өзі жанға жылу береді. Бұл тұрғыда аудан әкімі Асқар Қрықбаевтың іскер басшы екенін айта кету керек. Себебі, ел тәуелсіздігі тарихында бірде-бір әкімнің осындай тәуекелге бел буып, жастарға жанашырлық танытып жатқанын естімеппіз. Осы тұрғыдан келгенде Асқар Санатұлының бастамасын бас бармақпен бағалауға тұрарлық.
Ауданның асыраушы саласына жауапты мамандарының айтуынша, бұл жобаға қазір қызығушылық танытып жатқандардың қарасы қалың екен. Ал аудан әкімдігі келер жылы осы сынды жобаларды жандандыруға бас-аяғы 100 миллион теңгеге өтінім беріпті. Оның ішінде тұқым шаруашылығын дамыту, қызылша көлемін арттыру, тұңғыш рет Құлан жеріне Қытай бұршақтарын егу және жас шопандарға қолдау білдіру бастамалары бар.
— Негізі Кеңес үкіметі тұсында мұндай бригадалар бар болатын. Колхозға келген жас маманға немесе отбасына мал бөліп беріп, жеке қожалығын жүргізуге мүмкіндік жасайтын. Біз осы ұмыт қалған үрдісті қайта жандандырып жатырмыз. Бұл бастамамызға облыс әкімі Асқар Мырзахметов жан-жақты қолдау білдіріп отыр. Сондықтан жоба 100 пайыз жүзеге асатыны айқын.
Одан бөлек, біз шопандардың мәртебесін кө-теріп, арнайы марапаттар белгілеу жағын ұсы-нып жатырмыз. Өздеріңіз байқап қарасаңыздар, қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша елді мекенге тек мал дәрігерлері келіп жатыр. Ол дұрыс. Бірақ, неге біз жас шопандарға жас комбайншы, тракторшыға осындай мемлекеттік жеңілдіктер қарастырмаймыз. Егер ауыл шаруашылығы саласын ел экономикасының негізгі драйверіне айналдырғымыз келсе, осы кадр мәселесіне айрықша көңіл бөлуіміз керек. Әсіресе, мал шаруашылығына. Себебі түрлі өсімдіктер мен дәнді дақылдарды автоматтандырылған қондырғылар арқылы өсіруге болатын шығар, бірақ малды робот арқылы төлдете алмайсың. Мал шаруашылығында адами фактордың ойнайтын рөлі орасан. Сондықтан жас шопандарға да мемлекет тарапынан қолдау мен мәртебе берілсе екен дейміз. Сол кезде мал шаруашылығына ағылған жастардың қатары арта түсетіні айқын, — дейді аудан әкімі.
Иә, Қайрат Санатұлының бастамасы орынсыз дей алмаспыз. Себебі бұл жобаның артында ел экономикасының ертеңі мен жастардың келешегі жатыр. Оған қоса, «Жастар жылы» қарсаңында жаттанды дүниелерді алаулатып-жалаулатып жарнамалағанша, осындай тың бастамаларға неге қолдау бідірмеске? Бір ғана, Т.Рысқұлов ауданы былтыр ауыл шаруашылығы саласынан 45 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, биыл бұл көрсеткішті тағы 3 миллиард теңгеге арттырған. Демек, агро саласы дұрыс бағытта келеді. Тек, оған сәл демеу қажет. Ал демеу дегеніміз, жоғарыда аталған жобалар сынды бастамаларды аяқсыз қалдырмай, жан-жақты қолдау білдіру. Сонда ғана Кеңестік кезеңдегі көрсеткіштерді аңсамай, Тәуелсіздік таңындағы жаңа белестерге марқаятын боламыз.
Бұл облыс әкімдігіне қарасты құзырлы сала мамандарының құлағына алтын сырға болсын…

Тілші түйіні

Бұл тек экспедиция барысында куә болған тың бастамалардың бір легі ғана. Бұдан бөлек те, елді мекендерде елді елең еткізетін жобалар аз емес. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» және тарихи танымды бастамалар жетерлік. Бұл жайында толығырақ газетіміздің келесі санында жазатын боламыз.
Және осы аптада экспедиция жұмысы Жамбыл, Сарысу және Талас аудандарында жалғасатынын еске саламыз…

Саятхан Сатылғанов