Шетте 5 миллион емес, 10 миллион қазақ бар

Бізге сырттағы отандастарды шапшаң түрде елге қайтарудың бағдарламасын қабылдап, сөзден нақты іске көшу керек. Сөз көп, іс жоқ! Құрғақ құжатпен, бос сөз!

Саны көп, сапасы жоғары ұлт боламыз десек, осы мәселені кешенді қалыптастыру мәселесін қарастыру керек. Басқа елде жүріп, қаракөз қазақ басқа ұлтқа сіңісіп кетіп жатыр. Мысалы, кешелі-бүгін Өзбекстанда қазақ саны 1,5 млн деген ақпарат тарады. Шыны керек, шылғи өтірік. Бұл елде қазақтың саны кемінде 5 млн! Ал дұрыстап сараптасақ одан да көп. Қытайда 1 млн асады деп есептеледі. 2,5-3 млн асады! Ресейде 2,5 млн қазақ бар. Ал біздің Үкімет 40 мың қазаққа азаматтық бермей отыр екен. Сылтауының түрі — «оралман куалiгiнiн уакыты откен» екен.

Осы ағайынның барлығын елімізге әкелуге еңбек ету керек. Ал ол не үшін керек?

Геосаяси, геоэкономикалық тартыстар жалғасын таба беретін болады, он-жиырма жылдан кейін басқа елдердің территориясына көз аларту мәселесі болуы ықтимал. Және де бұл процесс кәдімгі «мәдениетті» жолмен Біріккен Ұлттар Ұйымының мандатымен іс-жүзіне асуы ықтимал.

Ал біздегі отандастармен жұмыс қалай жүріп жатыр? Бұл мәселемен айналысатын «үні шықпас», моңғолдағы ағайынға барып ет жейтін, өзбекке барып палау жейтін,төрт жылда бір сиез өткізетін Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы бар. Басқа да аты бар, заты мен нақты ісі жоқ қорлар бар. Нәтиже жоқ. Жұмыстары «Потемкин үйлері»! Қазақты елге көшіру мәселесі «әлеуметтік саясаттың» ең негізгі жолы, магистралы болуы керек!

Біздің еліміздің экономикасының әлеуетінің артпай тұрғанының негіізгі себебі, ішкі тұтыным жоқ. Тауарға ішкі тұтыну болмаса, елдің экономикасы дамуы мүмкін емес. Тұтынуды көбейту үшін, халықтың саны керек. Қарапайым арифметика. Онан кейін, территорияны меңгеріп, игеру деген мәселе бар. Қазақстанның халқы бір километрге шаққанда алты адамнан астпайды. Дүниедегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Бір жағымызда аю, екінші жағымызда аждаһа отыр…

Ерлан Саиров

саясаттанушы

Abai.kz