Бабалар аманатының мағынасын жоймайық
– Қазекем «Он үште отау иесі» деп бекер айтпаған. Бұл – адам өмірінің үлкен бір белесі. Еріккеннен айтылмаған сөз екені анық. Жаратқан ием қыз баланы 9-ында, ұл баланы 12-сінде балиғат жасына жететін еткен. Яғни, адам баласы он үшінде ақыл-ойы жетіліп, оң-солын тани алатын, керек десеңіз, шаршы алаңда топ жарып, сөз айта алатындай қабілетке ие болған. Ертеректе ұлдарымыз он жастан асқан соң-ақ өз бетінше өмір сүруге бейімделіп, 13-тің өзінде-ақ ұрпақ сүйген екен. Бұған әрине, ғасырлар бойы өзіндік әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз бен санамызға сіңімді тәрбиені қалыптастырған ата-бабамыздың еңбегі зор. Әсілінде, біз өмір сүріп отырған қоғамда бұл аталы сөздің мән-мағынасы жойылып барады. Олай дейтінім, бүгінгі он үштегі балаларымыз әлі ана сүті аузынан кеппеген бүлдіршін. Бізде 13 емес, 30-ға, 40-қа келгенше отау иесі бола алмай жүрген жігіттер жетіп-артылады. Демек, бүгінгі ұрпақ «Он үште – отау иесі» емес, «Отызда – отау иесі» сияқты. Осылай десе көкейге қонымды. Бабалар аманатының мағынасын жоймай, қалпына келтіреміз десек, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуді қолға алған жөн. Ал тәрбие – талбесіктен, яғни отбасынан басталатыны айтпаса да түсінікті емес пе?!.
Несіпбек Айтұлы