Жас бола ма, бас бола ма?
…Қазақтың бұла балалығы мен ғұлама даналығы – тәлім алғанға таптырмас тағылым мектебі емес пе еді? Көкірегі – көлдей, көкжиегі – төрдей көкөрім жас үшін алысқа барудың, айтысқа жүгінудің қажеті шамалы. Бәрі айтылып қойған. Қазақтың нақыл сөзіндей ақыл сөз сирек. Соның бірі – «Он үште – отау иесі» деген сөз еді. Халқымыз осы сөзді айтқанда неге сүйенді екен?
Осы күнгі қазақ орда бұзар отызында, қамал алар қырқында «біз әлі жаспыз ғой» деп отырады. Бабалар өлшемі айдалада қалды…
Жасы отыздан асқанша «жаспыз» деу – масылдықтың белгісі.
Жасы он үшке жеткенде «баспыз» деу – асылдықтың белгісі.
100 томдық қазақ ауыз әдебиетінің бай мұрасында адамның жас мөлшері атойлап тұрады. «Он үш жасқа келгенде, сөз бастадым шешенсіп, он бес жасқа келгенде, топ бастадым көсемсіп» деп келетін терме сөздерден жауапкершілік жүгі аңқып тұрған жоқ па?!. Атақты Қаз дауысты Қазыбек би 15 жасында қалмақ ханының алдына барып, «Біз найзаға үкі таққан елміз» деген сөзді айтқан жоқ па? Төле би, Әйтеке би секілді қазақтың 100 биінің бәрі де жастайынан шаршы топқа түсіп, шешендігімен, көсемдігімен елге танылған жоқ па еді?!.
…Әйгілі Біржан сал «жасым бар жиырмада жасырмаймын, басымнан дұшпан сөзін асырмаймын» деп кеуде қағып топқа түскенде, «жаспын» деп тосылды ма? Қазақтың кез келген атақты тарихи тұлғасының өмір жолына үңілсеңіз, бәрінің де ел үшін ерте есейгенін аңдауға болады. Ұлттық тәрбие ұлағаты осындай еді! Баба заман жастары ел алдына ерте шықты. Ерте есейді. Елдің сөзін сөйледі.
Қазір кейбіреулер бар: қырыққа жеткенше әке-шешесінің қыр арқасынан түспейді; жарытып тамақ ішпейді; өзі біліп бірдеңе істемейді; біреу әкеліп берсе, біреу әзірлеп берсе дейді де отырады. Ондайлар кержалқау, кержақ, кермінез келеді. Өздерінен жауапкершілік міндетін алып тастайды. Оспадарсыз, оңбаған боп келеді. Еркек ретінде отауын да, отбасын да, Отанын да керек қылмайды. Масылдықтың майлы жілігін мүжігеннен басқа түк те бітірмейді. Оқымайды. Ойланбайды. Орынды әрекет жасамайды. Ондай «жас адам» еліне, мемлекетіне не жақсылық әкеледі?
Жасы 30 бен 40-қа жеткенше өз басын алып жүре алмаған адам біреуге қорған бола ала ма?!. Өз басын қорғай алмаған адам Отанын қорғай ала ма?!.
Он үште адам бір мүшелге толады. Демек, оның дүниетанымы, көзқарасы осы кезде толық қалыптасады. Өмірге бала көзімен қарау керек пе, дана көзімен қарау керек пе? Міне, тап осы жаста «болар баланың» бүткіл мінез болмысы айқындалады. Сондықтан да атам қазақ «Он үште – отау иесі» деп жас балаға жауапкершілік жүгін артып қойған.
Бұрынғы шалдар айтып отыратын: – Ақырзаман жастары қартаймайды, – деп. Сол кісілер айтқандай, жастың бәрі солпиып жүре беретін болса, елдіктің әңгімесін кім айтады? Мемлекет мүддесін кім қозғайды? Кімге кім медет болады?
Бізден бұрынғылардың мықтылығы – он үшінде бас болғаны.
Біздің әлсіздігіміз – отыз бесімізде де жас болғанымыз…
Он үшінде бас болғандар, бір-бір отаудың қамын ойлар дәрежеге жететін. Отызында Отанның қамын ойлайтын еді!
Адамды мәпелей берсе – бөпелігі мәңгілікке басылмайды.
Адамды қайрай берсе – қандай қиындықтан да тосылмайды.
Жастықтың оттай ыстық жалыны дер кезінде тұтанбаса, бықсып қалады. 12-дегі жас ұрпақты бөпе құсатып, автобесікке бөлеп тастау арқылы біз де жастық алаудың отын өз қолымызбен өшіріп отырған жоқпыз ба?!.
Дана халқымыз он үштегі жасқа – отауды, отыздағы жасқа – Отанды неге сеніп тапсырды?!. Осы мәселені ойладық па? Ойландық па?!.
(«Айқын» газеті, 9 қаңтар, 2015 жыл. Ықшамдап алынды).
Сауалнаманы әзірлеген – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.
Нұртөре ЖҮСІП,