Дулат Исабеков: Біз шын батырлардың ұрпағымыз ба, әлде барымташылардың ұрпағымыз ба?!.

Қазір газет-журналды ашсаң да, теледидар қарап, радио тыңдасаң да бір қызық жайға тап боласыз.

Ол-кешегі өткен қазақтың жаудан тайсалмас батыр, әділ би, орақ ауызды шешен, жұртына қамқор бай болғаны. Қаншалықты шындық?

Содан кейін «ана жерде анадай батыр өткен, мына жерде мынадай би өткен» секілді түбі беймәлім, күмәнді батыр, билерді дәріптеу бел алып тұр. Тіпті солардың көпшілігіне жер-су, елдімекен аттары да беріліп кетті.

Ол ол ма, «арғы тегім мындай батыр, би болған. Соның ұрпағымын», деп кітап жаздыртып, даурығып жүргендер қаншама?

Шындығы керек, бүгінгінің қазағынан сұрасаң, бәрінің айтары біреу: «арғы атамыз бай-бағлан болған, батыр болған, би, шешен болған» деп кете жөнеледі.

Сонда ойлайсың, кешегінің қазағы бәрі шетінен батыр, би, бай- бағлан болса, қалмақтан неге ықты, жоңғардан неге жеңілді?

Неге «Ақтабан шұбырындыны» бастан кешірді, қоқанның алдында неге кіріптар болды, орысқа неге бас иді? Қамқор бай-бағланы тұрғанда неге үнемі аштықтан қырыла берді?.

Жалпы, кешегі қазақтың батырлығы жөнінде белгілі жазушы Дулат Исабеков кезінде бір басылымға берген сұхбатында былай депті:

«…Айналып келіп тарихты тарамдаймыз. Баяғы қалмақ, баяғы жоңғар атысып-шабысып жатқанымыз.

Жазылған дүниелердегі барлық қазақ батырлары қалмақ-жоңғарлармен жекпе-жекке шығады да жеңе береді.

Қазақ батырларына қарсы тұрар жау жоқ. Сонда олар жеңіле беретін болса, қалай бізді екі жүз елу жыл құлдықта ұстап келді. Соған кейде таң қаламын. Өзімізді зорайтып көрсетеміз деп, тым әсірелеп кететін жерлеріміз көп. Қажет жерінде ащы да болса ақиқатын жазған жөн-ау…

«Айналамда өткенге куә болған ешкім жоқ» деп, тарихи оқиғаларды оңды-солды бұрып көсілте беруге болмас.

Кейде таң қаламын. Неге дейсіз ғой? Батырлық туралы жырларымызды, дастандарымызды, не болмаса тарихи кітаптарымызды оқып отырсаң – бабаларымыз кілең сен тұр да мен атайын дейтін батыр, сайыпқыран.

Ал қазіргі ұрпағы керісінше. Бүгежік, ынжық, намыссыз. Осы тұрғыдан келгенде кейде ойлаймын, артық айтсам, кешірім өтінемін, біз шын батырлардың ұрпағымыз ба, әлде ауыл арасында бір-бірімен қырылысып жүрген барымташылардың ұрпағымыз ба, деп.

Бәлкім, батыр деп жүргендеріміздің көбі ауыл арасындағы басбұзарлар шығар, жұрт «батыр, батыр» деген соң аты шығып кеткен?

Өйткені мен де ауылда өстім. Ауылдың тентек жігіттерін «ер екен, батыр екен» деп қолпаштап жатады.

Батыр деп жүргендеріміздің көбі сондайлар емес пе екен? Кім білсін? Арыстан жүрек батырлардың ұрпағы ез, жалтақ, қорқақ болмауы тиіс еді?».

Үлкен жазушының кейде осы айтқанымен де келісуге болатын сияқты. Өйткені бүгінгі қазақ (бәрі емес, бірақ көпшілігі) істен гөрі, бос сөзге үйір, бос белбеу, жігерсіз.

Шынымен де! Бәлкім, қазір «батыр, батыр» деп дәріптеп жүргендеріміздің көпшілігі жазушы айтқандай батыр емес барымташы, не болмаса ауылдың басбұзар тентектері шығар-ау?

Сіз не дейсіз?

Асылай Құрманбекқызы

Дереккөз: kaz.365info.kz