Ақыл – адамға ғана берілген нығмет
Аллаһ Тағала адамды жаратқанда оған ешкімге бермеген теңдессіз ақыл нығметін қоса жаратқан. Ақылдың негізгі функциясының бірі – адамнан қалған болмысты, өркениетті одан кейінгі ұрпақтарға жеткізу. Кез келген пенде өмірінде өз баласына білім деңгейінде қажетті ақпараттарды береді. Баласы өсе келе сол алған білімді жалғастыру үшін ізденіп, әрі қарай өз ұрпағына таратады. Осылайша, адамның өркениеті ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз бір-біріне беріліп дамып келеді.
Бұл – ақылдың қызметімен ғана жүзеге асады әрі тек адамға берілген құнды нығмет. Егер адамнан бөлек піл, жолбарыс секілді хайуандарды алып, арнайы бір қозғалыс түрлерін шыңдап үйрететін болсақ, олар жақсы нәтиже көрсетеді. Бірақ, сол үйренгендерін өздерінің нәсілдеріне, ұрпақтарына үйретіп қалдыра алмайды. Себебі, онда ақыл нығметі қажетті түрде берілмеген. Сондықтан, ақыл Аллаһ Тағала тарапынан біздерге беріліп, жаратылыс сырларын ашып, табиғаттың пайдалы тұстарын меңгеріп, ғылыми жаңалықтарға қол жеткізіп, өмір сүру қағидасын сипаттайтын пайғамбарлар арқылы жіберілген шариғи заңдылықтарды толықтай игеріп, адамдардың өсіп-өнуі, ілгері дамуы үшін үлкен серпін беретін нығмет болып саналады. Ақыл болмаған жағдайда адам баласы әуел бастағы қалпында, қазіргі заманауи технологиялардан жұрдай еш дамусыз жоғарыда ескерілген хайуандар секілді қалар еді. Демек, ақылдың арқасында ғана біз бүгінгі адам өркениетінің даму белестеріне қол жеткізіп отырғанымыз сөзсіз.
Тек ақылдың қызметінің арқасында адам бүгінде технологияның шыңына жетіп, ғылымда түрлі жаңалықтар ашып, бұрын-соңды болмаған ұялы телефон, ғаламтор, компьютер секілді дүниелер адам игілігіне жарап отыр. Сонымен қатар, адам өздігінен жоқтан бар етіп ештеңе жаратпайды да, жарата алмайды да. Мәселен, ұшақты, көлік, компьютер секілді технологияларды адам ойлап тапты делік. Бірақ, олардың жасалатын материалды заттарын адам ешқашан ойлап тапқан жоқ. Олар әубаста адам жаратылысынан бұрын пайда болған. Түрлі-түсті шикізаттар, металдар адамның игілігі үшін Аллаһ тарапынан жаратылған. Мысалы, темір металы жайлы Құранда былай делінген: «Сондай-ақ Біз темірді пайда қылдық. Онда мықты күш әрі адамзат үшін қажеттер бар». Демек, адам жоқтан бар етіп ештеңе жарата алмайды екен. Бұл турасында Құранда да бірнеше жерде айтылып кеткен. Аллаһтың берген мүмкіндігінің арқасында ғана адам баласы ақылды іске қосу арқылы көптеген жетістіктерге, өркениеттің дамуына қол жеткізе алады екен. Себебі, ақыл – адамның қозғаушы күші. Көлік мотормен ғана жүретіні секілді адам да тек ақылдың көмегімен алға жылжи алады. Сондықтан, осындай қайталанбас құнды нығметті болмашы нәрсеге жұмсамай, адамзат өркениетін жігерлендіретін дәрежеде қолданайық ағайын!
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы