«20 000 отбасыға жер телімін тегін үлестіріп, заңдастырып берген»

Марқұм Заманбек Нұрқаділовтің «өзін-өзі үш рет атып» оққа ұшқанына да көп жылдар болыпты. Жасыратын ештеңе де жоқ, осы осынау қазақтың асыл азаматы туралы кезінде де, кейін де ең көп жазған қаламгер мен екенмін. Зәкең жайлы жазғандарымды жинақтасам, қалың бір том болар еді. Бірақ, ол кітапты батылы барып, кім шығара қойсын.
Ең алдымен, төменде Зәкең көз жұмғаннан кейін жазылып, «Жас алаш» газетіне жарияланған «Заманбек! Заманбек! Заманбек!» деген дастанымнан шағын ғана үзінді келтіріп, сосын негізгі әңгімеме көшейін:

«1.
Жанып бiр тұрған от па едi?
Атылар жалғыз оқ па едi?
Зәкеңдей сүйген өз ұлтын
Қазақта ерлер көп пе едi?..

Жететiн жерге жеткенде,
Тап болған қазақ өткелге…
Зәкеңнен ұлтым айырылып,
Қалғалы көп жыл өткен бе?..

Жанымен ұлтын сүйдi ме?
Сол үшiн отқа күйдi ме?
Заманбексiз өткен сол көп жыл
Қазаққа оңай тидi ме?..»

Мен 1991-1995 жылдары Заманбек Нұрқаділов басқарған Алматы қалалық атқару комитеті, кейін Алматы қаласы әкімшілігінде сол кезде жаңадан ғана дүниеге келген «ұлтаралық қатынас және қоғамдық саяси ұйымдармен жұмыс бөлімінде» мемлекеттік қызмет атқарған едім (қазір бұл бөлім «ішкі саясат» деп аталады). Атынан көрініп тұрғандай, біз негізінен саяси ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істедік. Өзім әкімшілікке «Азат» қозғалысынан келген болатынмын. Ол жылдары Алматы қаласындағы демократиялық күштер жиі-жиі митингілер өткізіп, жоғары жаққа өздерінің саяси талаптарын қойып жатуды дәстүрге айналдырғаны белгілі. Мен қызмет атқарған бұл бөлім ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік комитеті, сот, прокуратуралармен, басқаша айтқанда, күштік құрылымдармен тығыз байланыста болатынбыз. Біздің күш құрылымдарымыз көшегі шыққан ереуілшілерге бірде бір рет күш қолданған емес. Нағыз «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» тамаша заман болатын.
Тіпті, мемлекеттік қызметте жүрген менің өзім кеңседе отырып алып, әкімдіктің ішінде саяси жүйені аямай сынайтын тәуелсіз саяси «Алашорда» газетін шығаратынмын. Осының бәрін Зәкең білетін, білсе де білмегендік танытатын. Міне, нағыз демократия қашан және кімнің тұсында болғанына бір ғана дәлел…
Заманбек Нұрқаділов марқұм туған ұлты қазағын шексіз сүйетін еді. Ол кісінің екі сөзінің бірі «қазағым!», «ұлы далам!» еді. Заманбек марқұм қолынан келгенінше қазағына көмек қолын созды. Алматыдағы белгілі танымал тұлғалардың барлығы дерлік Зәкеңнің тұсында пәтерлі болғаны белгілі. Алматы қаласындағы 19 көшені тұңғыш рет қазақшалаған да біздің Зәкең еді. «Алаш» көсемдерінің алдыңғы сапында болған Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйді ол кісінің мұражайына айналдырған да Заманбек болғанын қалай ұмытарсың.
Алматыдағы «Азат», «Желтоқсан» және т.б. саяси қозғалыстарға Сейфуллин көшесінен «Демократтар үйін» алып берген Заманбек екенін ашық айтамын. Туған ұлты қазағын жан-тәнімен сүйді, көз жұмғанша қазағына қалтқысыз қызмет етті. Тоқ етерін айтқанда, «қазағым!» деп еңіреп өткен асыл азамат осы Заманбек Нұрқаділов болды. Сол кездегі де, қазіргі де біздің билікте Зәкеңдей туған ұлтын шексіз сүйген бірде бір азамат болмағаны қандай аянышты дерсің!..
1991 жылдан бастап ауылдардан босқан баспанасыз, жұмыссыз қазақ жастары, олардың отбасылары Алматыға қарай ағылғаны белгілі. Бос жатқан жерлерді басып алу да сол жылдары басталған болатын. Зәкең біздің бөлімге сол бос жатқан жерлерді басып алғандардың тізімін жасатты және жер басып алған қазақ жастарынан ешқандай «тіркеу» талап етпей, оларға 10 соттықтан жер телімін беру туралы шешім қабылдады.
Сол жылдары біз Алматы маңындағы «Шаңырақ-1, 2, 3, 4», «Алтын бесік», «Думан», «Таугүл», т.б. ықшам аудандарының ашылуына ықпал жасадық. Менің есімде қалғаны — шамамен 20 мың отбасына жер телімдерін тегін үлестіріп, заңдастырып бергеніміз еді. Сол жылдары жер сұраған бір де бір қазақ жасы жерсіз қалған жоқ. Осы арада бір баса айтатын мәселе – Заманбек Нұрқаділов ол жер телімдерін тегін үлестірді. Оны айтасыз, Алматы қаласының орталығынан босап қалған пәтерлерді тек баспанасыз қазақ отбасыларына үлестіруге мүмкіндік жасағаны. Оған бір дәлел — Гагарин мен Жандосов көшелерінің қилысындағы жер сілкіну сынағын өткізетін 5 қабатты тұрғын үйді тұтастай баспанасыз қазақ отбасыларына бергенінің өзі көзсіз ерлікпен пара-пар еді!
Мұндай Зәкеңнің туған ұлты қазағына жасаған жақсылықтарын қанша тізбелесем де айтып тауыса алмайтын сияқтымын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – туған ұлты қазағына өлшеусіз жақсылық жасаған Заманбек Нұрқаділовтей бірде-бір жоғары лауазымды шенеунік оған дейін де, Зәкеңнен кейін болған емес!
Топырағың торқа болсын, асыл азамат Заманбек аға, деп әңгімемді аяқтаймын!..

Бұрынғы мемлекеттік қызметкер Жұмаш Кенебай

«Қамшы» сілтейді