Зауыттың тоқтауына кім кінәлі?

Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданындағы Көшім дейтін шағын ғана ауылда бұдан 7-8 жыл бұрын мия зауыты ашылып, жұмыс істей бастаған болатын.
«Licorice Kazakhstan» ЖШС деген жаңа атау алған бұл кәсіпорын бұрынғы Кеңес дәуіріндегі «Союзлакрица» зауытының ізбасары іспетті. Бұлай дейтін себебіміз, сонау тоқырау жылдарында қиыншылықтың кесірінен жұмысын амалсыз тоқтатқан бұл зауытты 2006 жылы Жанболат Төлегенұлы бастаған жергілікті кәсіпкерлер қолға алып, қайта жандандырған болатын. Соңғы 4-5 жылда бірқатар алыс-жақын шетелдерге экпортқа өнім шығарып, жұмысын жолға жап-жақсы қойып алған осы кәсіпорынның жақында жабылып қалғанын естідік. Алақандай ауылдың елу шақты тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған зауыттың жұмысын неге кілт тоқтатқанын сұрап, жақында аталмыш өндіріс орнының бұрынғы басшысы Жанболат Нұрғуатовпен хабарластық.

 

 

«Компаниямен келісе алмадық…»

— «Licorice Kazakhstan» ЖШС бұрынғы Кеңес дәуіріндегі «Союзлакрицаның» заңды жалғасы. Тоқсаныншы жылдары тұралап қалған кәсіпорынды жаңғырту мақсатында 2006-2008 жылдар аралығында қаражат іздедік. Нәтижесінде 2008 жылдың сәуірінде «ҚДБ-Лизинг» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымымен келісіп, олармен келісімшартқа отырдық. Қажетті мөлшердегі 340 млн. теңге лизингке берілетін болды. Шарт бойынша бұл қаражат шетелден сатып алынатын технологиялық жабдықтартарға, 2008 жылдың маусым-шілде айларында басталатын құрылыс жұмыстарына және тағы басқа да жұмыстарға жұмсалуға тиіс болатын. Бірақ бұл қаражат мерзімінде берілмегендіктен, аталмыш жоба уакытында іске қосылған жоқ. Кәсіпорын құрылысы 2009 жылдың қыркүйек айында басталып, 2011 жылдың наурыз айында аяқталды. Сол уақыттан бастап жұмысқа кірістік. Зауыттағы құрал-жабдықтар Индиядан әкелінді. Қа-ражаттың жетпей қалған бөлігін (152 млн. теңгені) «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-нан алдық.
Енді зауыттың неге жабылып қалғанын түсіндірейін. Жаңа кәсіпорынның 2011 жылдың наурыз айынан бастап іске кіріскенін айтып кеттім. Ал құжат бойынша зауыт 2010 жылдың шілде айында ресми түрде іске қосылды деп жарияланды. Ол кезде біз кәсіпорынды қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтап, инфрақұрылымын жасақтап жатқан болатынбыз. Зауыт іске кіріскен уақыттан бастап, яғни 2011 жылдан біз лизингке берілген қаражатты аталмыш банкке қайтара бастадық. Ал құжат (келісімшарт) бойынша төлем кестесі 2009 жылдың қазан айынан басталуы тиіс болатын.
Өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, біз несие төлемін кестеден екі жылға жуық кешіктіріп төлей бастадық. Бұған жоғарыда айтып кеттім, банк тарапынан қаражаттың уақытынан кешіктіріліп берілгені себепші болды. Осыған қарамастан, біздің кәсіпорын несие қаражатын уақытында төлемеген заңды тұлға ретінде банк алдында айыпты боп танылды. Егер дұрыстап талқыға салар болсақ, нақ осы мәселеде қажетті қаражатты уақытында бере алмаған банктің өзі кінәлі ғой. Біз осы мәселені банк басшылығына талай рет айтып та, жазып та түсіндіре алмадық. Біздің төлем кестесін өзгертіп беру жөніндегі өтінішімізге банк басшылығы мүлдем құлақ аспады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, соңғы кездері доллардың үсті-үстіне көтерілуі біздің жағдайымызды одан сайын қиындатып жіберді. Өйткені, банк қызметкерлері доллардың өсіміне қарап, өздерінен алынған несие қаражатқа қосымша индексикацияны есептеп, біздің бережағымызды ұлғайтып жіберді. 2008 жылы біз осы компаниядан несиеге қаражат алғанда 1 АҚШ доллары 120 теңгеге тең болатын. Біз зауытты іске қосқанша доллар бағамы бірнеше рет өсті. Біздің банктен алған қаражатымызға индексикация жасалғанда 1 АҚШ доллары 183 теңге болып тұрды. Сөйтіп, біздің кәсіпорын аталмыш банк алдындағы келісім-шартты уақытында орындамаған борышкер ретінде есепке алынды. Міне, осы жағдайға байланысты былтыр, нақтырақ айтсақ, 2017 жылдың мамыр айында «ҚДБ-Лизинг» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымының өкілдері келіп, жұмыс істеп жатқан кәсіпорынды жауып кетті. Қысқасы, зауыт жұмысының тоқтауына кәсіпорын мен лизинг беруші компания арасындағы келіспеушілік себепші болды. Әйтпесе, зауыт жұмысы жолға жап-жақсы қойылған болатын…
Жұмысымыз бір ізге түсіп келе жатыр еді, ішім удай ашыды. Сөйтіп, зауыттың жабылуы кесірінен алыс-жақын шетелдердегі серіктестерімізді жоғалттық. Әрі банк алдындағы қарызымызды өтеу мүмкіндігімізден де айрылып қалдық. Өнім шығарып, оны экспорттап, табыс таппасақ, қарызымызды қалай өтейміз? Бұған қоса, зауыт ішіндегі құрал-жабдықтар пайдаланылмағасын, тот басып, істен шығып қалды. Қандай қымбат қаражатқа сатып алып едік, бәрі іске алғысыз болып жатыр, әне… Ғимарат ішіндегі жылыту құбырлары да жарылып, жарамсыз болып тұр. Зауыт жұмысын тоқтатқалы, міне, осындай қып-қызыл шығынға баттық. Және ауылдың елуден астам адамы жұмыссыз қалды. Өкінішті, әрине… Егер аталған мекемемен келісіп жұмыс істегенде, мұндай жағдай болмас еді. Және біз осы уақыт ішінде банк алдындағы қарызымызды ақырындап болса да төлеп, әжептәуір азайтар едік қой, — дейді зауыттың экс-басшысы болған жайды күрсіне баяндап.

 

 

«Үміт отын қайта тұтатты…»

— Кәсіпорынды жаппастан бұрын біз банктен төлем кестесін өзгерту жөнінде, нақтырақ айтсақ, 2009 жылдан емес, кейінірек төлеуге рұқсат сұрағанбыз, өйткені, іс жүзінде қаражатты банктің өзі кешіктіріп берді ғой. Біз банк қажетті қаражатты уақытында бермесе, кәсіпорын құрылысын қалай бастайтын едік? Және төлем мерзімін ұзартса немесе өз-өзімізге келіп алғанша төлем төлеуді біраз мезгілге шегере тұрса (каникул) деп едік. Бұл өтінішіміз де тыңдалмады. Осы проблеманы шешу үшін сол кездері барлық құзырлы орындардың бәріне барып шықтық. Олардың қатарында «ҚДБ-Лизинг» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымына сол кездері басшылық еткен азаматтар және осы мекеменің қазіргі кездегі басшысы Нұрлан Байбазаров бар. Және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Б.Жәмішевке де хат жолдадық. Бірақ, бұл хатымыз ол кісіге жетпеген сияқты. ««Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі” АҚ басқарма басшылығына да арыздандық, бұл әрекетімізден де ештеңе шықпады.
«Атамекен» ҰКП Орталық аппаратына, «Ақ жол» демократиялық партиясына және тағы басқа да құзырлы мемлекеттік органдарға хат жолдадық, олардың бір де біреуінен жөнді жауап ала алмадық. Тіпті жергілікті өңір басшыларына да бірнеше рет хат жазылды, бірақ бұдан біздің жағдайымыз жақсарып кете қойған жоқ. Ылғи бір-бірін қайталаған «отписка»…

Жарылған жылу жүйесі

Кәсіпкерлікке қатысты жиындарда жоғарыдан келетін кісілердің барлығы «Отандық кәсіпорындарды көбейтейік, жергілікті кәсіпкерлерді қолдайық, олар ел экономикасын көтереді» деп Елбасының сөзін қайталайды, бірақ олар іс жүзінде мемлекет басшысының тапсырмасын орындамайды. Жалғыз мен емес, еліміздегі көптеген кәсіпкер менің күйімді кешіп жүр. Кедергілердің кесірінен кәсібін жөнді жүргізе алмаған кәсіпкер әбден қажығасын жұмысын амалсыз тоқтатады. Сөйтіп, мен секілді бар-жиған тергенін жоғалтады (кәсібін ашқанда кез келген кәсіпкер жиған-тергенін соған алғашқы жарна ретінде салады), ал тоқтатпайын десе, кедергілер көп… Сонда не істеуіміз керек? Осы жолы әбден қиналып кеткесін БАҚ алдында болған жағдайды бүге-шүгесіне дейін баяндап отырмын. Кәсіпкерлік саласындағы осындай кедергілердің кесірінен бірқатар отандық кәсіпорындардың жөнді жұмыс жасай алмай отырғанын жоғарыға жеткізу үшін және мен секілді «жолы болмаған кәсіпкердің» хал-күйінен Мемлекет басшысы, Ел Үкіметі хабардар болсын деп…
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында үнемі отандық кәсіпорындарды дамыту жөнінде айтады, сала мамандарына жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында тапсырма береді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ өкілдеріне бұл жөнінде нақты тапсырды. Бұл жағдай біздің көңіліміздегі өшіп бара жатқан үміт отын қайта тұтатқандай болды. Ендігі үмітіміз, Елбасының осы тапсырмасының орындалуында болып отыр, — деген бұрынғы кәсіпкер зауытты өздеріне қайтарып алудан әлі де дәмелі екенін жеткізді.
Жанболаттың сөзінше, кәсіпорын іске қосылған күннен бастап, жабылғанға дейін барлығы 397 тонна мия тамырының сығындысын экспортқа шығарған.
— Ресей мен Украина, АҚШ, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея елдері бізден сатып алған мия сығындысынан түрлі дәрі-дәрмектер мен косметика, фунгицид жасайды, сондай-ақ, темекі мен кондитерлік тағамдарға қосымша компонент ретінде пайдаланады. Сөйтіп оларды дайын күйінде бізге пәленбай қаражатқа қайта ұсынады. Егер біз өзіміздің миямызды өзіміз өңдеп, шетелдіктердің өнімінен бір де кем емес өнім шығарсақ, бәріміз пайдаға қарқ болар едік. Біз кәсіпорынды әуел баста осы мақсатта құрғанбыз, — дейді зауыттың экс-директоры терең күрсініп.

Құрылғы жарылып, істен шықты

Банктің жауабы осы…

Өз кәсібін жанындай жақсы көретін кәсіпкердің әрі ашынып әрі өкіне отырып жеткізген жан толғанысы бізді бей-жай қалдырмады. Дегенмен мұндай даулы мәселелерді бір жақты баяндауға болмайды. Осыны ескеріп, «ҚДБ-Лизинг» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымына хат жолдадық. Көп ұзамай, редакцияға басқарма төрағасының орынбасары Е.Рахметуллиннің қолы қойылған жауап хат келді. Онда «ҚДБ-Лизинг» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымының (бұдан әрі-компания) 2008 жылы «Licorice Kazakhstan» ЖШС-ның «Мия тамырын өндіру және оның өнімдерін қайта өңдеу» жобасын қаржыландырғаны жөнінде айтылған. Одан әрі «Licorice Kazakhstan» ЖШС-ның лизингтік төлемдерді төлеу бойынша компания алдындағы міндеттерін орындамай отырғанын жеткізген Е.Рахметуллин қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында бірқатар шаралар алынғанын мәлімдеген. Оның баяндауынша, серіктестік басшылығына мерзімі өткен берешекті өтеу туралы өтініштер жолданып, кездесулер ұйымдастырылған. Алайда лизинг алушы міндеттемелерді орындау бойынша тиісті шаралар қабылдамаған. Бұдан әрі басқарма басшылығы өкілінің жауапхатында жазылған мәлімдемені сөзбе-сөз келтіргенді жөн көрдік.

«…2013 жылы «Орал» ӘКК «ҰК» АҚ, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі және компания өкілдері арасында «Licorice Kazakhstan» ЖШС-ның лизингтік берешегін қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастыруға қатысты жұмыс кездесуі өткізілді. Соның нәтижесінде 2014 жылы «Licorice Kazakhstan» ЖШС-ның апелляциясын қараудан кейін компания есептелген барлық өсімақы мен сыйақыны жою жолымен
берешекті қайта құрылымдауды жүзеге асырды. Сондай-ақ, компания 2016 жылы «Licorice Kazakhstan» ЖШС мәмілені қайта құрылымдау және қалыптасқан жағдайдан шығу үшін лизинг мерзімін ұзарту бойынша шарттарды ұсынды. Дегенмен, бұл шарттар «Licorice Kazakhstan» ЖШС тарапынан орындалмады. Нәтижесінде компанияның уәкілетті органы мәмілені қайта құрылымдаудан бас тартқан. 2017 жылы компания «Licorice Kazakhstan» ЖШС атына аталған жағдайдан шығу мақсатында өз тарапынан ұсыныстар жіберді, алайда «Licorice Kazakhstan» ЖШС бұл ұсыныстарды қабылдамай, оларды қолайсыз деп тапты. Осылайша компания соңғы сегіз жыл бойы берешектің елеулі бөлігін жою жолымен жобаны қолдау шараларын бірнеше рет жүзеге асырды. Қабылданған шараларға қарамастан, бүгінгі күні компания алдында айтарлықтай берешегі пайда болған «Licorice Kazakhstan» ЖШС төлем тәртібін бірнеше рет бұзды. Осыған орай, компания «Licorice Kazakhstan» ЖШС-на «экономикалық дефольтты» жариялауға мәжбүр болды және 2016 жылғы сәуірде қаржылық лизинг келісімшарт мерзімінің аяқталуын ескере отырып, ҚР «Қаржы лизингі туралы» Заңының 12-ші және 24-баптарына сәйкес 2017 жылы «Licorice Kazakhstan» ЖШС уақытша иеленуге және пайдалануға берілген лизинг заттарын алуды жүргізді.
Лизинг заттары жер учаскесі, мия тамырын өңдеу кешенінің ғимараты, мия тамырының сығындысын өндіру жөніндегі технологиялық желі және айырлы жүк тиеуіші болып табылады. Қазіргі уақытта компания лизинг заттарын іске асыру бойынша іс-шаралар жүргізуде».

Көріп отырсыздар, бұл жауапхатта басқарма басшылығы Көшімдегі мия зауытының жұмыс істеуіне бар жағдайды жасаған. Біз осы жөнінде айтып, Жанболат Нұрғуатовқа қайта хабарласқанымызда, зауыттың экс-басшысы хатта айтылған мәлімдемені жоққа шығарғандай болды.
— Компанияның жасаған ұсынысы бізге тиімсіз болды, сол себепті келіспедік. Менің нені айтып отырғанымды компания басшылығы жақсы біледі, — дейді кәсіпорынның бұрынғы басшысы.
Экс-директордың сөзі мынау, компания басшылығының жауабы анау… Біз кімге сенерімізді білмей, дал болдық… Қалай болғанда да, отандық кәсіпорынның жабылғаны рас. Кімнің кінәсінен?.. Мәселе сонда…

P.S. Бір жағынан орын алған жағдайға байланысты қаржы институттарының да тиісті шаралар қолдануы заңдылық. Екінші жағынан жағынан аяғынан қайта тұрған зауыттың жұмысын тағы тоқтатқаны өкінішті. Біз мүмкіндігінше, қос тараптың да уәжін тыңдап, оқырман назарына толық ұсынуға тырыстық. Бұл жерде дауласушы тараптардың біреуін дұрыс, екіншісін бұрыс деп төрелік айтудан аулақпыз. Мұндай даулы мәселенің жөн шешімін тек құзырлы орындар шешуі тиіс.
…Биылғы Жолдауында Елбасы экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесіне ерекше тоқталып, «Бұл экономикалық саясаттың негізгі элементі болуы тиіс» деді. Бұдан әрі мемлекет басшысы Үкіметке өңдеу секторындағы экспорттаушыларға баса назар аударып, қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырма берді. Бұған қоса бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалануды да жүктеді. Ал «Мия тамырын өндіру және оның өнімдерін қайта өңдеу» жобасын жүзеге асырушы «Licorice Kazakhstan» ЖШС — нақ осы бағытта жұмыстануды мақсат еткен санаулы отандық кәсіпорындардың бірі еді…

Айша ӨТЕБӘЛІ