КІСІЛІК ЖӘНЕ КІШІЛІК
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
Көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері, «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері Мырзатай Жолдасбековке, Астанаға телефон шалдық. Үш-төрт рет барған қоңыраудан соң басып тастады. «Ел ағасы әлдебір жиында отырған болды ғой, мазаламайық, кейінірек тағы хабарласармыз» деп, кезекті мақаламызды жазуға кірісіп те кеткенбіз.Ұялы телефоным шырылдай жөнелді. Экран бетіне «Мырзатай Жолдасбеков» деген жазу шығып тұр. Ұялып кеттім, қайыра хабарласу керектігімді есімнен шығарып алғаным үшін.Кісілік, кішілік деген осы! Әрбір сөзі жұмсақ, үні қамқорлық ниетке тұнып тұр және байсалды, байыпты.Мырзатай Жолдасбековті көзіқарақты көпшілік көптеген мемлекеттік қызметтерді атқарған, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағынан Елбасының жанынан, талай игілікті істің басынан табыла білген қайраткер ретінде таниды. Ол Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, зерттеген, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізген, жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаевтың шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосқан, олардың ақындық мектебін жан-жақты талдаған бірегей ғалым.Ғылым, білім, терең тағылым, биік парасат пен мәдениет, дін және ғибрат, ар-ождан, тәрбие туралы үнемі айтып келе жатқан озық ойлы абыз ақсақалмен сұхбатымыз қарапайым ғана ауанмен еркін өріліп сала берді.
ҮКІЛІ ҮНПАРАҚ
– Аға, біздің газетке биыл 30 жыл. Осынау айтулы мерекеде өзіңіз сияқты қайраткер тұлғалардың ілтипатын есту біз үшін үлкен мәртебе. «Алматы ақшамын» қай жылдардан бері оқисыз? «Ақшам» үйіңізге барып тұра ма?
– Мен «Алматы ақшамын» күтіп отыратын оқырмандарыңның бірімін. Өмірімде елеулі орны бар бұл газетті дүниеге келген күннен бастап оқимын. Нақтырақ айтсам, 1988 жылдан бері рухани доспыз. Бұл туралы әңгімемді әріден айтайын.
Ол кезде Кеңес Одағының қарамағындамыз. Қазақстан деген атымыз бар, бірақ затымыз жоқ, Мәскеу жаққа жалтақтаған ел едік біз. Мен сол жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі болып бардым. Ал менен бұрын қазақтың қайраткер үлкен азаматы Өзбекәлі Жәнібеков сол Орталық Комитетке идеология жөніндегі хатшы болып келген еді. Сол кезде екеумізді осынау өмір жайдан-жай қоспаған, жолымызды бекер тоғыстырмаған болуы керек, ой-пікір, арман-мақсаттарымызды, көзқарасымызды біріктіре отырып, көп нәрсе істеуге әрекет жасай бастадық.
Сондай бір кезеңде ел астанасы Алматыда «Вечерняя Алма-Ата» (қазіргі «Вечерний Алматы», – Н.Ә.) деген газет шығатын, ал бүгінгі «Ақшам» соның ішіндегі қосымшасы болатын. Сол тұста өз тілімізде бір басылым шығуы тиіс деген шулы әңгімелер күшейе бастаған-ды. Сонда Өзбекәлі Жәнібеков: «Жұрт бекер шулап жатқан жоқ, мынау құлаққа қонатын әңгіме екен, осы туралы ақылдассақ қайтеді?» – деді. Сонымен біраз кісімен пікірлестік, тыңдадық. «Бұл газетті бөлек отау қылып шығарсақ, атын қалай атаймыз?» деген мәселе да біраз талқыға түсті. «Кешкі Алматы» деп атайық деген ұсыныстар да айтылды. Анау деді, мынау деді. Солардың ішіндегі жақсы бір азаматтардың «Алматы ақшамы» деп атайық деген ұсыныстарына елең ете қалыстық. Бірақ бұл орайда да біраз пікір қайшылықтары орын алды. «Ақшам деген – діни сөз, бұл дұрыс емес, бұлай болмауы керек» деген әңгіме Мәскеуге де жетіпті. СОКП ОК-нің Мищенко деген ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары бар еді, Қазақстанға жиі келетін. Ол келгенде жұрттың бәрі бейне жаналғыш келгендей қорқып, іннен інге тығылып қашатын. Сол Мищенко өзінің қарамағында, атын ұмытып қалдым, нұсқаушы болып істейтін өскемендік орыс жігітін тапсырмамен біз жаққа жібереді ғой, «ты разберись, что там творится, какой-то газету хотят выпуститьна исламской основе» деп. Сонда әлгі Орталық Комитеттен келген өкілге Өзекең екеуміздің ақшам деген – кеш деген мағына беретін сөз деп әбден түсіндіргеніміз бар. Сөйтіп, «Алматы ақшамы» деген қазақ тіліндегі газет өз алдына дербес шыға бастады. Жарықтық Өзбекәлі Жәнібеков екеуміздің соның басында болғанымызды, қасында болғанымызды бүгінде мақтан тұтамын.
Арада қаншама жыл өтсе де, міне, өзіме ыстық «Алматы ақшамынан» әлі күнге қол үзген емеспін, күн аралатып келіп тұрады. Барлық нөмірін қарап шығамын.
Бұл газеттің маңдайында «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деген үкісі бар. Маған қатты ұнайды осы сөз. Бұл газет шын мәнінде шаһардың шамшырағына айналды. Осы бір жып-жылы әдемі сөйлемге бәрі сыйып тұр. Әрине, «Алматы ақшамындай» газет жоқ деп айтпай-ақ қояйын, бірақ айтар едім, Қазақстанның баспасөз бәйгесіндегі үкілеген әдемі бір жақсы жүйрігіне айналды деп. Әлемдік, жаһандық құбылыстар туралы, мына өмір, тәуелсіз Қазақстанымыз туралы, өзіміздің асқақтаған Алматымыздың тіршілігі, тынысы жайында жан-жақты ақпарат, мағлұматтар беретін, сондай жеңіл оқылатын жалпыұлттық газет бұл.
Газет оқырманның тынысын кеңейтетін, жан рақатын сыйлайтын өте ғажап рухани материалдарды жиі жариялайды. Солардың ішінде Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаевтың әңгімелерін, сұхбаттарын жібермей оқимын. Асанәлі Әшімовтың күнделіктерінен жарияланған ой-толғамдарын, ішкі толғаныстарын да бағалаймын.
– Сіздің де күнделік жүргізетіндігіңізден хабарымыз бар, аға.
– Иә, ол рас. Мен күнделікті сонау 1993 жылдан бері жазып келемін. Күнделікті кез-келген адам жаза алмайды. Күнделікте өтірік айта алмайсың. Күнделік – ол сенің сырласың, сыңарың, оңашадағы сенімді жан досың. Сонымен бірге, сыншың да, төрешің де сол. Онда тек шындық айтылады.
Бүгінде сол күнделіктерімнен алынған, жүрегімнен шыққан сырлы сөздерім, мақал-мәтел, өмір, мезгіл, қоғам туралы оралымды ойларым, түйгендерім, түрлі сәттерім, бел-белесім әр түрлі атпен кемі жеті кітап болып басылып шықты. Оқырманға берері мол деп ойлаймын.
БӘРІҢДІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН
– Осынау өмірде көпті көрген, көңілге түйген қайраткерсіз. Кей-кейде аға буынның жас буынға көңілдері толыңқырамай, өкпе-реніштерін айтып қалып жататыны бар. Кешегі мен бүгінді таразылар болсақ, қазіргі таңда адамның жүрегін кірлететін оқиғалар басым ба, әлде сүйсінетін жетістіктеріміз көп пе, қалай ойлайсыз? Күнделігіңізде осындай тақырыптарға да орын бар шығар?
– Иә, басымыздан бәрі өтті ғой, шырағым. Алматыға келдік. Отбасын құрдық, бала-шағалы болдық, бірақ тұратын баспанамыз жоқ. Ол кезде жаңа үйлер тек орыстарда болатын. Талай жаз, талай қыс тентіреп, қаңғып, Алматыны шыр айналып жүріп, жалдап тұратын пәтер іздеуші едік. Сыз тартып көгерген жертөле бұйырса да шүкір дейтінбіз.
Хабарландыру бойынша іздеп келген үйіміздің дарбазасының есігін жасқана, имене, жақтырмай қалар ма екен дегендей ақырын ғана тықылдатып қағамыз. Сол кезде алдыңнан арс етіп қабаған дәу ит, оның арғы жағынан «арс» етіп сұсты дәу әйел шыға келетін.
– Хабарландыру бойынша келіп едік.., – дейміз күмілжи сөйлеп.
– Отбасың бар ма? – дейді үй иесі.
– Бар.
– Балаң бар ма?
– Бар.
– Тогда иди, иди! – деп, осымен сөзіміз тәмам дегендей, қолымен жасқай даланы меңзеп, темір есікті тұмсығыңның астынан солқ еткізіп жаба салғанда, қорланушы едік.
Осылай табаны күректей 11 жыл жүріппін! Алматының мен бармаған бұрышы, қуысы, көшесі де қалмаған екен. Сонда үйлерін жалға беретіндер басқа ұлттың өкілдері болатын. Қазақта ол кезде ондай бақыт жоқ еді. Құдайға шүкір, қазір шалқып кіретін үйің де бар, талтаңдап жүретін көшең де бар.
Кешегі, бізге сабақ берген тәлімгерлеріміз – Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды марғасқа ағаларымыз осы Тәуелсіздікті армандады. Бірақ олар жете алмады. Ал біз жеттік. Нұрсұлтан Әбішұлымен жеттік. Иә, біз бірге жеттік. Енді осы Тәуелсіздігіміз баянды болсын деп тілеймін. Менің күнделіктеріме негізінен осы Тәуелсіздік туралы толғаныстарым, ішкі ой иірімдерім арқау болған.
Ендігі жерде осы егемендікке бәріміз жұмылып қызмет істеуіміз керек. Басқа қонған бақты бағалай білуіміз керек, шырағым. Сол бақты теуіп жібермесек екен деймін. Қазақта мұндай да мінез бар, кішкене кесірленетін. Содан аулақ болсақ екен деп тілеймін. Бәріңді жақсы көремін, шырақтарым. Бұл сендердің тәуелсіздіктерің. «Алматы ақшамының» отыз жылдық тойы да, бәрі құтты болсын!
– Шығармашылық адамы үнемі ізденіс үстінде жүретін ерекше жан ғой. Ол ылғи да ізденумен, іздеумен жүреді. Әлі де таппай жүргеніңіз бар ма, аға?
– Осынау өмірде бәрін бірдей таптым деп айту қиын. Таппағандарым да бар шығар.
Мен жалпы қазақ әдебиетін зерттеуге басыбайлы кіріскен адам болатынмын. Бейсекең жарықтық сол қиын заманның өзінде-ақ «әдебиет те, тарих та халықпен бірге туады, бірге қалыптасады, бірге дамиды, әдебиетсіз халық болмайды» деген мәселені көтерген болатын. Сөйтіп, мені аспирантураға түсіріп, менен кейін Мұхтар Мағауинді алды. Ол Қазақ хандығын зерттеді, мен ежелгі әдебиетке түсіп кеттім. Сексенге келгенімде Болат Бодаубайұлының мен туралы жазған екі томдық романы шықты. Сонда барлық шындық айтылады. Мен сол қазақ әдебиетінің тарихын бірнеше ғасырға тереңдетіп зерттеген ғалыммын. Бұл еңбегім кезінде Мәскеуде жоғары бағаланған. Негізгі таңдаған жолым әдебиет еді. Жалғастырамын деп жүргенімде, билікке кетіп қалдым ғой.
Декан болдым, одан кейін ректорлық тізгінді ұстадым, Қазақстанның оқу министрі, білім министрінің бірінші орынбасары, 1988–1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1990 жылдары Қазақстанның Мемлекет кеңесшісі, 1991–1993 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, 1993–1997 жылдары Елші, одан Сыртқы істер министрі жанындағы Дипломатиялық академияның ректоры қызметтерін атқардым. Сонымен түрлі ресми қызмет шығармашылыққа мойын бұрғызбады.
Бірақ күнделік жазудан, сосын жалпы Тәуелсіздік толғауы дейтін үлкен тақырыптан қол үзгенім жоқ. Тәуелсіздік дегеніміз бәріміздің де арманымыз еді ғой, Құдайға шүкір. Қазір дамыған мемлекеттер сапынан көріне бастадық. Нұрекең быт-шыт болған қирандының арасындағы аты бар да заты жоқ Қазақстан дейтін республикадан тәуелсіз мемлекет орнатты. Жаһанға танытты. Осы елдің экономикасын қалыптастырып, ілгері дамытты. Қазақтың есіктегі басын төрге жеткізді. Мен Елбасын осылай бағалаймын.
ҚАЙРАН, ЖЕҢГЕМ!
– Келесі жыл жастарға арналатын болды. Бүгінгі жастар туралы көқарасыңыз қандай? Оларға үлгі-өнеге болуы үшін жас күніңіздің бір мезеттерімен бөлісе отырсаңыз?
– Менің жастық кезеңім ылғи азаппен, қиындықпен өтті. Бүтін киім кимедік. Көбіне ашқұрсақ жүріп, ылғи жоқшылықта өстік.
Балалық шағым соғыспен тұспа-тұс келді. Сол соғыста бүгін үйленіп, ертеңіне таңға шымылдығы желбіреп қалып жатқан асыл жеңгелерді көз көрді. Солардың қасіретін бала да болсақ жүрегімізге түйіп өстік. Әскерге шақырылып, сап түзеп майданға кетіп бара жатқан арыстай ағалар! Бәрі-бәрі киноның лентасындай бүгінгідей көз алдымызда. Бұл туралы біраз жазғаным бар.
Ырысбек дейтін жақын ағамыз бар еді. Бүгін үйленіп, келін түсіріп, тойын өткізіп, ертеңіне әскерге аттанып кете барған. Сол Ырысбектен ақыры мүлдем хабар келген жоқ.
Ауылдағы еркек кіндіктінің бәрі әскер қатарына алынып, алғашқы хаттар келе бастағанда, біз сияқты балалар, сүйгенінен хабар күткен бойжеткендер, ақ жаулықты аналар ауыл шетінен пошташының төбесі көрінгеннен сол жақты бетке алып жанұшыра жүгіретін. «Біз пәлен деген жерде жүрміз; түген деген жерде жаттығып жатырмыз; әзірге тыныштық; пәлен деген жерге кетіп барамыз» деген мәтіндегі хаттар көп келетін. Ауылдағы ағайын сол бір ауыз сөзді сыйдырып, сағыныш арқалаған үш бұрышты хаттарға мәз болысатын. Сосын нағыз қанды соғыстың ішіне кіріп кеткеннен кейін «қара қағаздар» келе бастады. Күнде күңіренген бір үй, аһ ұрған әйел-ана, қасіреттен белі шойырылып таяққа сүйеніп қалған шал-шауқан! Қаралы хабардан әбден жүректері шайлыққан жұрт енді әлгі пошташыны көргеннен одан тығылып қашатын болды. Өлді деген қаралы хабарды ешкімнің естігісі жоқ еді. Біздің жеңгелеріміздің көбі жесір қалды.
Менің ауылым ән қонған, жыр қонған, Сүгір ат ізін жиі салатын, адамдары шетінен өнерлі, қыз-келіншектеріне шейін қылқобыз тартып, маңайды думанға бөлейтін Ақтөбе деген шағын ауыл болатын. Бала күнімде үлкендердің тізесіне отырып, небір халық әндерін тыңдап, батырлар жырын жаттап өстім. Өнерге, ән-жырға жақындығым да осыдан болса керек. Менің өмірім туралы өнердің майталманы, дүлдүлі Илья Жақанов кітап жазды, «Дүние шіркін» деген эссе-элегия. Сонда бәрі айтылады.
Ән қонған ауыл демекші, сонда Іңкәшай жеңгеміз құшып та үлгермеген аяулы жарына деген сарғайған сағынышын «Айырплан аспанда, Айналып дәрі шашқанда, Аман да болсаң келерсің, Келерсің Германды Сәбет басқанда» деп әндетіп басады екен-ау. Әні де, сөзі де өзінікі болатын. «Ырысбек-а-а-ау» деп аспанға қарап егіліп жылайтын сәттерін бала да болсақ түйсінетінбіз. Кейін мен студент болып, Алматыда едім. Соғыстан келетіндер келіп, кететіндер кеткен уақыт. Бір күні ауылдың қариялары бас қосып, ақылдаса келе, Іңкәшай жеңгемізді шақыртыпты. «Айналайын, келін, саған біз риза, Құдай риза! Әлі жассың. Ырысбектен хабар жоқ, бағыңды байламайық, рұқсат», – деген екен. Сонда жеңгеміз жүзін төмен салып егіле жылап отырып: «Қайнағалар-ау, не айтып отырсыздар?! Ырысбек келіп қалса не бетімді айтамын?» – деген екен. Ғажап, ә! Міне, ар алдындағы биіктік! Жеңгеміз сол күйі ешкіммен де бас қоспады. Екі кемпірді бағып, 103-ке келіп қайтыс болды. Біздің әлпештейтін, асқақтатып, пір тұтатын, жастарға үлгі ететін адамдарымыз осы кісілер болуы тиіс.
Бүгінгі жастар өте білімді. Мен оларға сенемін. Құдай қаласа, егемен елімізді өрге сүйрейтін де, қазақты, Қазақстанды алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосатын да осы жастар. Елбасы жастар үшін ешқашан жақсылықтарды, жақсыны аяған емес. Мынау «Жүз жаңа есім» деген жоба көңілімнен шығып жүр. Былтыр Ақпарат және коммуникциялар министрі Абаев Дәурен ініміз осы жобаға лайықты деп танылған жастардың басын қосып, Елбасымен жолықтырғанда, көзіме қуаныштың жасы келді. Айналайындар-ай, жап-жас балалар, әр салада небір ғажап жаңалықтар ашып үлгерген. Осылар біздің келешегіміз, солар біздің жарқын болашағымыз! Дарынды, білімді қаракөздеріміз аман болсын деп тілеймін. Мен жастармен мақтанамын.
ТІЛЕГІМІЗ ДЕ БІР БОЛСЫН
– Бүгінде Астанаға орнықтыңыздар. Дегенмен, өзіңізді талай қуантқан, мұңайтса да құшағына сыйдырған Алматыны сағынатын боларсыз?
– Әрине, сағынамын. Мен үшін Алматыдан асқан әдемі қала жоқ. Мәселен, өз басым, Алматыда туған жоқпын, бірақ Алматыда өстік, оқыдық, білім алдық, жетілдік. Жар сүйдік, отбасылы болдық, тұңғыш әке атандық, ата болдық. Ұлтымыздың қайраткеріне айналдық. Ал біз секілді қазақ аз емес, Аллаға шүкір! Тәуба.
Кезінде Алматыдан Арқа жеріне көшерде Елбасы «Біз Алматыға сыймай кетіп бара жатқан жоқпыз, қимай кетіп барамыз» деген еді ғой. Сол сияқты, мен де Астанаға өсіп-өнген Алматымды қимай, артыма қарайлай кеткен едім.
Алғашқы кездері үйренісе алмай, іссапармен келе қалсам, мұнда қона алмай кешке билет алып ұшып кететінмін Алматыға. Қазір елордалық болғанымызға 18 жыл болыпты. Үйрендік, үйіміз осында, бала-шағаның да біразы осында. Дегенмен де, Алматыға жиі барып тұрушы едім, қазір денсаулыққа байланысты баруым сиреңкіреп тұр.
Сағынамын. Алматыны аңсаймын. Алматының ауасы қандай жұмсақ! Алматының төгіліп тұрған күні қандай керемет! Алатаудың баурайы сыңсыған жеміс қой! Еш жерде мұндай қала да, мұндай тау да жоқ мен үшін!
Мен – «Алматы қаласының Құрметті азаматымын». Осы дәрежемді мақтан тұтамын. Және де мұны өте биік дәреже деп есептеймін. Әрқайсың да сондай атаққа жетіңдер. Көргендерің қызық болсын. Жүрген жерлерің той болсын. Табысты болыңдар. Бір кісінің баласындай татуболыңдар. Әрдайым жақсылық болсын, шырағым.
Байқаймын, Алматы соңғы кезде жаңарып, керемет көркейіп келе жатыр. «Жас келсе – іске» деген, Алматыға Бауыржан баламыз барғалы бері бұрынғыдан да әдемі болып, сұлу қыздай таранып, жыл өткен сайын ажарланып келе жатыр. Көз тимесін.
Осындай шырайлы шаһардың өсіп-өркендеуіне «Алматы ақшамы» газетінің қосып отырған үлесі үлкен, оны басқарып отырған Қали Сәрсенбайдың да орны зор.
Әнебір жылдары мені қала басқарып отырған інілерім айтыстың алтын діңгегі – Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған дүбірлі тойға шақырып, сонда сөз сөйлеп, бауырларымды құттықтап едім.
Бәйдібектей бабасы бар,
Домалақтай анасы бар.
Қарасайдай панасы бар,
Сүйінбайдай санасы бар.
Димекеңдей данасы бар,
Нұрсұлтандай панасы бар.
Бауыржандай баласы бар,
Алматыдай қаласы бар.
Ұлан-байтақ даласы бар
Алматы жасасын!
Өрісіміз малды болсын,
Жылқымыз жалды болсын.
Жегеніміз дәмді болсын,
Кигеніміз сәнді болсын.
Елбасымыз айтқандай
Еліміз Мәңгілік болсын.
Қазақстан қатарының алды болсын,
Ел-жұртымыз аман болсын.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған
Бақытты заман болсын,
Жүрегіміз де, тілегіміз де бір болсын! –
деп бата берген едім.
Сол тілекті мен «Алматы ақшамына», сонда қызмет істеп жүрген іні-қарындастарыма, ұлағатты ұлдарыма, үкілі қыздарыма тілеймін.
ҚУАНЫШТЫҢ ЖАСЫН КӨРСЕТУДЕН ҚЫСЫЛМАЙМЫН
– Қаламыңыз талмай тебіреніп жүрген Тәуелсіздік арқасында елді, әлемді аралап, түрлі деңгейдегі мінберлерден сөз сөйлеп, қадірлі мейман болып жүрсіз. Соған орай өзіңізге ұсынылатын сый-сияпат та көп шығар. Дегенмен, ұмытылмайтын, көңіліңізді толқытқан ең әдемі сыйлық қандай?
– Сыйлық дейсің бе? Көп қой. Олардың үлкені бар, кішісі бар деп бөліп-жармаймын да. Дегенмен, әркез мен үшін сыйдың ең үлкені – халықтың құрметі шығар. Қазір бір жерге жол жүріп барсам да, жиынға қатыссам да, үлкен-кіші жан-жағымнан жабылып келіп, қоршап алып, менімен суретке түскісі келіп шұрқырасып жатады. «Аға» деп, «қолыңыздан алып амандасу арманымыз еді» деп қос қолдарын ұсынып жатқан бауырларымды көргенде, көңілімнің толқитынын жасырмаймын. Бүлдіршін балалар да алдыңнан құлдыраңдай жүгіріп шығып, «аталап» келіп «сізбен суретке түсуге бола ма» деп өтініп сұрағанда, «болады» деп қуанып, бәрін де бір құшағыма сыйдырғым келіп езіліп-ақ кететінім бар. Тағы да жанарыма жас тұна қалады. Қазір қарап отырсам, маған арналған өлеңдердің өзі бір кітап болыпты. Маған арналған күйлер де, әндер де бар.
Міне, 80-нен де астық, Алланың берген жасын жасап келе жатырмыз. Тәуба деймін, қадірімді ала көрме деймін сосын іштей. Әдемі қартая білген дұрыс қой, шырағым.
– Соңғы сұрақ, аға, таңды қалай қарсы аласыз?
– Таңертең ерте, сағат 6.30-да тұрамын, одан кеш қалмаймын. Әр таң қуанышты сезіммен, сергек оянамын. Тағы бір жарық күн сыйлаған Аллаға шүкіршілік айтамын. Әр таңда іштей күбірлеп отбасыма, ағайын-туысыма, жан-жағыма, еліме амандық, тыныштық тілеуді де ұмытпаймын. Міне, бұл мен үшін бір бақыт. Таңнан таңға аман-есен жету – шын бақыт.
– Ендеше, таңғы уақыттарда біздің «Ақшаммен» де әркез қауыша беруге жазсын, аға! Жасай беріңіз! «Бұл газетті бөлек отау қылып шығарсақ, атын қалай атаймыз?» деген мәселе да біраз талқыға түсті. «Кешкі Алматы» деп атайық деген ұсыныстар да айтылды. Анау деді, мынау деді. Солардың ішіндегі жақсы бір азаматтардың «Алматы ақшамы» деп атайық деген ұсыныстарына елең ете қалыстық. Бірақ бұл орайда да біраз пікір қайшылықтары орын алды. «Ақшам деген – діни сөз, бұл дұрыс емес, бұлай болмауы керек» деген әңгіме Мәскеуге де жетіпті. СОКП ОК-нің Мищенко деген ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары бар еді, Қазақстанға жиі келетін. Ол келгенде жұрттың бәрі бейне жаналғыш келгендей қорқып, іннен інге тығылып қашатын. Сол Мищенко өзінің қарамағында, атын ұмытып қалдым, нұсқаушы болып істейтін өскемендік орыс жігітін тапсырмамен біз жаққа жібереді ғой, «ты разберись, что там творится, какой-то газету хотят выпустить на исламской основе» деп. Сонда әлгі Орталық Комитеттен келген өкілге Өзекең екеуміздің ақшам деген – кеш деген мағына беретін сөз деп әбден түсіндіргеніміз бар. Сөйтіп, «Алматы ақшамы» деген қазақ тіліндегі газет өз алдына дербес шыға бастады. Жарықтық Өзбекәлі Жәнібеков екеуміздің соның басында болғанымызды, қасында болғанымызды бүгінде мақтан тұтамын.
Бұл газеттің маңдайында «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деген үкісі бар. Маған қатты ұнайды осы сөз. Бұл газет шын мәнінде шаһардың шамшырағына айналды. Осы бір жып-жылы әдемі сөйлемге бәрі сыйып тұр. Әрине, «Алматы ақшамындай» газет жоқ деп айтпай-ақ қояйын, бірақ айтар едім, Қазақстанның баспасөз бәйгесіндегі үкілеген әдемі бір жақсы жүйрігіне айналды деп. Әлемдік, жаһандық құбылыстар туралы, мына өмір, тәуелсіз Қазақстанымыз туралы, өзіміздің асқақтаған Алматымыздың тіршілігі, тынысы жайында жан-жақты ақпарат, мағлұматтар беретін, сондай жеңіл оқылатын жалпыұлттық газет бұл.
Газет оқырманның тынысын кеңейтетін, жан рақатын сыйлайтын өте ғажап рухани материалдарды жиі жариялайды. Солардың ішінде Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаевтың әңгімелерін, сұхбаттарын жібермей оқимын. Асанәлі Әшімовтың күнделіктерінен жарияланған ой-толғамдарын, ішкі толғаныстарын да бағалаймын. Бір күні ауылдың қариялары бас қосып, ақылдаса келе, Іңкәшай жеңгемізді шақыртыпты. «Айналайын, келін, саған біз риза, Құдай риза! Әлі жассың. Ырысбектен хабар жоқ, бағыңды байламайық, рұқсат», – деген екен. Сонда жеңгеміз жүзін төмен салып егіле жылап отырып: «Қайнағалар-ау, не айтып отырсыздар?! Ырысбек келіп қалса не бетімді айтамын?» – деген екен. Ғажап, ә! Міне, ар алдындағы биіктік! Жеңгеміз сол күйі ешкіммен де бас қоспады. Екі кемпірді бағып, 103-ке келіп қайтыс болды. Біздің әлпештейтін, асқақтатып, пір тұтатын, жастарға үлгі ететін адамдарымыз осы кісілер болуы тиіс. Байқаймын, Алматы соңғы кезде жаңарып, керемет көркейіп келе жатыр. «Жас келсе – іске» деген, Алматыға Бауыржан баламыз барғалы бері бұрынғыдан да әдемі болып, сұлу қыздай таранып, жыл өткен сайын ажарланып келе жатыр. Көз тимесін.
Әңгімелескен – Нұржамал ӘЛІШЕВА