Сабырлық асыл қасиет

Бір патшаның 40 уәзірі болыпты. Соның 39-ы патшаға жалпақтап, құр мақтай береді екен де, тек бір уәзірі ғана көп сөйлемейтін, өте ақылды, дана кісі екен. Бір күні патша ет жеп отырып, өзінің өте өткір қанжарымен бас бармағын кесіп түсіреді. Бармағынан қан саулап жатыр, айқай-шу боп, уәзірлер емші шақырып әбігерге түсіп жатса, әлгі уәзір: «қайырын берсін» -деп қойып отыра беріпті…
Оны көрген патша қатты ашуланып:
«Бұның қандай қайыры болуы мүмкін?! Мынаны зынданға тастаңдар!»- деп бұйырады. Зынданға түсіп бара жатып әлгі уәзір: «бұның да қайырын берсін» -деп қайталайды.
Арада біраз уақыт өтеді, патшаның бармағының орны жазылып, көңілі көтеріліп, 39 уәзірімен аңға шығады. Бірақ жолда адасып кетеді…
Бір кезде белгісіз бір тайпаға тап болады. Сөйтсе олар адам жегіш тайпа екен!
39 уәзірін құрбандыққа шалып, өлтіреді! Ал бірақ патшаға келгенде бір-біріне қарап, күбірлесіп тұрып қалады. Сөйтсе құрбандыққа шалынатын адамның бойында кемістік болмауы керек екен, ал патшаның басбармағы жоқ, сондықтан оған тиіспей жібере салады…
Жылап-еңіреп келіп патша зынданда жатқан уәзірін шығарып алып, аяғына жығылып кешірім сұрайды:
«Қайырын берсін деп едің, шынында да қайыры болды, мен осы бармағымның жоқтығынан тірі қалдым,»- дейді.
Сонда уәзір: «Менен кешірім сұрамай-ақ қойыңыз, сіз мені зынданға тастамағанда, мен де қалған уәзірлермен бірге ажал құшатын едім,»-деген екен…
Әр істің бір қайыры бар…
Осы мысалды естігелі бері өз басым кез-келген жағдайда: «қайырын берсін» -деймін де қоямын.
Кейде бізге сәтсіздік болып көрінген жағдайлар, уақыт өте келе дұрыс болып шығып жатады… Сондықтан қашан да «әліптің артын бағып», сабыр сақтайық.

 

Багдат Кенжекожаева фб парақшасынан