Мойынқұмдағы өндіріс саласының бүгіні мен ертеңі (Видео)
Облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданының орталығында «Мойынқұмдағы өндіріс саласының бүгіні мен ертеңі» атты тақырыпта басқосу болып өтті. Жергілікті билік пен аудан аумағындағы кәсіпорындар бірігіп ортақ мәселелерді талқылау, оның шешілу жолдарын қарастыру, әрі аймақтағы өндіріс ошақтарының индустриалды-иноовациялық жағдайының жай-күйін айқындау мақсатында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шөкеев, аудан әкімі Мәден Мұсаев және облыс әкімдігіне қарасты бірқатар басқарма басшылары мен аудандағы ірі кәсіпорын басшылары қатысты. Ашық әңгімелесу үлгісінде өткен басқосуды Мәден Тоқтарбайұлы ашып, күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның алғашқысы – Мойынқұм ауданындағы өнеркәсіп саласының ағымдағы жылдың 10 айындағы өнім өндіру көрсеткіштері болса, екіншісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту туралы болды. Ал, үшінші мәселе – аудандағы кәсіпорындардың табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыруға бағытталды. Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов, өңірдегі ірі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі мен ағымдағы жылы қол жеткізген көрсеткіштерін тілге тиек етті. – Мойынқұм ауданының өткен дәуірде ауылшаруашылығы дамыған аймақ ретінде аты шықса, бүгінгі күні өндіріс саласында қарқын алған аудан ретінде танылып келеді. Құмды аймақтың жер қойнауы табиғи байлыққа толы болғандықтан, аудан экономикасының негізгі тірегі сол байлықты тиімді игеріп отырған өнеркәсіп саласы екені де жасырын емес. Сонымен қатар, мемлекет басшысының елімізге инвестиция тарту мәселелерін әрдайым назарда ұстайтындығы белгілі. Нәтижесінде, ауданда үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 55,5 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба аймақтық кәсіпкерлік картасына енгізілді. Қазіргі таңда аталған жобалардың барлығы да жемісті еңбек етіп келеді, — деді Бақытжан Қалымбетов. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов өңіріміздегі жер қойнауын пайдаланушылардың бірқатар заң бұзушылықтарға жол бергенін айта келе, олардың заң алдында жауап беретіндігін жеткізді. Реті келгенде айта кету керек, билік пен бизнес өкілдері арасында өткір талқыланған мәселенің бірі – өңірімізде жұмыс істеп отырған кейбір кәсіпорындардың салықты өзге облысқа төлейтіні жөнінде болды. Нұржан Молдиярұлының айтуынша, дәл қазіргі сәтте облысымыздың табиғи байлығын игеріп, көл-көсір табысқа кенелгенімен салықты көрші өңірлердің қазынасына құйып отырған жер қойнауын пайдаланушылардың саны 13-ке жетіпті. Олардың қатарына «Шығыс кен басқармасы», «Құлан көмір», «Khan Tau Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамы сынды кәсіпорындарды жатқызуға болады. Егер де осы бір оғаштау мәселеге тереңірек үңілсек, оның шалғай орналасқан елді мекендер үшін маңызы зор екенін аңғаруға болады. Өйткені, аталмыш мәселенің томардай түйіні тарқатылып, табыстан келетін салық Жамбыл облысына түсетін болса, аймақтағы көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізер еді. Басқосу барысында кешенді шешімді қажет ететін осы бір күрделі мәселе төңірегінде жергілікті билік пен кәсіпорын басшыларының арасында еркін пікірталас орын алып, өз кезегінде кәсіпкерлер бұл түйінді оңтайлы шешудің жолын қарастыратындықтарын жеткізді. Тағы бір айта кететін жайт, аудандағы кәсіпорындардың арасында өз қызметкерлеріне деген жанашырлығы мен әлеуметтік жауапкершіліктің үздік үлгісін көрсетіп отырған өндіріс ошақтары да бар. Сондықтан, көп жағдайда «барлық кәсіпорындар маңайындағыларға қол ұшын бермейді» деген сыңайдағы сыңаржақ пікірлермен келісе беруге болмайды. Мәселен, әлеуметтік жауапкершілігін жоғары деңгейде атқарып отырған кәсіпорындардың қатарына «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қосуға болады. Олардың өз жұмыскерлерлерінің әлеуметтік-тұрмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған игі шараларын өзгелерге үлгі етуге боларлықтай. Дәлірек айтар болсақ, өндіріс ошағының маңында жұмысшыларға арналған «Самал» тұрғын үй қалашығы бой көтерген. Қалашықта орналасқан алты бірдей көпқабатты тұрғын үйлерде кәсіпорынның 180-нен аса жұмысшысы тұрады екен. Қалашықтағы пәтердің бәрі де арнайы еңбек шарты негізінде бір жылға дейін беріледі. Сәйкесінше, оның мерзімін кезең-кезеңімен ұлғайтуға да мүмкіндік бар. Арнайы күзет қызметімен қамтамасыз етілген тұрғын үй алқабында жұмыскерлерге арналған демалыс орталығы да үздіксіз қызмет етуде. Үш қабатты орталықтың алғашқы қабатында спорт зал орналасса, екінші және үшінші қабаттарында караоке бөлмесі, үстел теннисі мен тастаяққа арналған бөлме және кітапхана орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда жұмыскерлердің балаларына арналған балабақша мен бесінші сыныпқа дейінгі білім беру орталығы және медициналық пункт жұмыс істейді. Өз кезегінде, мұндағы жұмысшыларға жасалған қола