ДӘРІГЕРДІҢ ТАҒДЫРЫ (Қаз-қалпында)
Дәрігердің даңқы көпке дейін асқақтап тұрды да, күндердің күнінде күрт құлдырады. «Сәкен көп ішетін болыпты», «Сәкен мас болып тұрып ота жасайды екен» деген сияқты қаңқу сөздер желдей есті. Сонан тағы біраз уақыттан кейін «Дәрігер Сәкен сотталып кетіпті» деген әңгімелер ел ішінде гу-гу етті…
Уақыт — сынап, жылт-жылт етіп сырғиды, өмір – өзен де тоқтаусыз алға жылжиды. Бір күндері дәрігер Сәкен мерзімін өтеп қайтып келді. Бұл менің ауданда қызметке араласып қалған кезім. Ауылдық учаскелік ауруханада қызмет істеп жүрген Сәкеңмен араласып кеттім. Тағдырдың талқысынан өтіп, ысылған азамат тым салмақты да байсалды көрінді. Артық сөзі жоқ, жөн білетін парасатты жігіт ағасына айналыпты. «Ана жақтан» келген соң аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшылары: «Бізге өзіңдей білікті дәрігер керек», —деп, қоярда-қоймай аудан орталығымен іргелес ауылдық учаскелік ауруханаға бас дәрігер етіп тағайындапты. Енді, міне, сол жергілікті емдеу мекемесін гүлдендіріп отырған жайы бар. Ел ішіндегі абыройы да биік. Күндердің күнінде мен «Сәке»деп, ол «Мәке» деп қалай сыйласып кеткенімізді өзім де аңғармай қалыппын. Оның ақсары, қызыл шырайлы мейірім тұнған жүзінен шуақ шашылып тұрады. «Осындай парасатты азамат қалай ғана істі болды екен?» — деген сумақай сұрақ ойымды — онға, санамды — санға бөлетін.
Бір күні ол мені қызмет орныма өзі іздеп келді. Құрақ ұша қарсы алып, үй жағдайын, жұмыс жайын сұрап жатырмын. Сол күні қолым сәл бостау еді, өткен-кеткеннен біраз әңгіме шертістік. «Жас кезімізде сіздің даңқыңызды көп естуші едік қой», — деп қалдым мен бір сөзімде. Сәкен дәрігер ойланып барып:
Е, несін айтасың, Мәке, мені жастайымнан көзімді тұндырып, басымды айналдырып, шалыс бастырған да сол ерте келген атақ-даңқ емес пе?! — деп ақсары өңі әп-сәтте бозғыл тартып, үнсіз қалды.
Шалыс басқаны қалай? – деп таңырқай сұрақ қойдым.
«Жастық — мастық» дейді халық. «Семіздікті қой ғана көтереді» депті аталарымыз. Мен бұған «Ақ көңілділік — дұшпаның» деген ойды қосар едім. Мен осы ақкөңіл аңғалдықтан көп опық жеген адаммын, — деп Сәкең өз өмірінен сыр суыртпақтай бастады…
…Мектепті өте жақсы оқып бітірген, мінезі де қыздай сызылып тұратын жас жігіт медицина институтына оңай-ақ түсіп кетті. Жастайынан орыс балаларымен бірге ойнап өскен ол орыс тіліне жетік болғандықтан институтта қиналмай оқыды. Кейбір әріптестері сияқты қала кезіп, қызық қумай, барлық уақытын сабақ оқумен, өз бетінше ізденумен өткізді. Озат оқуымен, үлгілі тәртібімен ұстаздарының көзіне де ерте түсті. Соңғы курстарда жеңіл-желпі оталарға қатыса бастады. Интернатурада шеберлігін онан әрі шыңдады… Аудандық ауруханада 2-3 жыл тәжірибе жинақтаған соң талантты хирург ретінде аты ауызға ілінді. Тағы 1-2 жылда аудандағы атақты дәрігер болып шыға келді. Хирургиялық науқастың бәрі соны іздейтін болды. Сәкеннің қолынан емделіп шыққандар аудандық, облыстық газеттер арқылы алғыстарын жаудырып жатты. Аудандық комсомол комитетінің пленум мүшесі болып, комсомолдың пленумдары мен конференцияларында жиі-жиі сөз сөйлеп, абыройға бөленді. Алып жатқан мақтау грамоталары мен марапаттары қаншама?! Әрине, жас дәрігердің абыройы артып, беделі биіктеп келе жатқаны ота бөлімінің меңгерушісі Табылдының жүрегіне шоқ түсіргенін бұл білген жоқ-ты. Сәкен келгенше аудандағы ең мықты хирург менмін деп кеуде соғып жүрген Табылды енді мұны қалайда бір сүріндіріп, абыройдан жұрдай етуді, түбінде онан құтылуды ойлап іштей түйілді.
Сәкеннің кезекті отасынан кейін бөлім меңгерушісі Табылды оның қолын қысып:
— Сәкен, бүгін отаң сәтті өтті. Өте қуаныштымын. Ал енді осы табысыңды жумаймыз ба? — деп бәйек бола қалды. Бастығының ақжарыла сөйлеген мақтау сөзіне көңілі көлдей тасыған ақкөңіл Сәкен:
— Аға, кеттік ресторанға, мен бүгінгі отамның сәтті өткенін жуып берейін, — деп елпілдей кетті.
Дастархан үстінде Табылды мұны «сен нағыз талантсың!» — деп онан әрі көпіртті… Келесі оталардан кейін де «жуу» онан әрі жалғасып жатты.
— Сәкен, сені ылғи «жудыра» беру маған да ыңғайсыз болып жүр. Бүгін келінді ертіп біздің үйге кел, — деді бір күні Табылды. Өзінің тікелей бастығы әрі «жанашыры» болған соң Сәкен оның көңілін қалай қисын, «жу» десе — «жуды», «іш» десе, тартынбай ішті. Бір күні үйіне масаң келген Сәкенге әйелі Гүлнар қатты ренжіді:
— Өзі біліп қояр деп үндемей жүрсем, қоюдың орнына күннен-күнге өршітіп келесің ғой. Байқасам ішкіш болып кетер кетер түрің бар, – деп.
— Енді қайтем, бастық іш деп қиылып тұрған соң ішіп жүрмін де… — деп күмілжіді бұл.
— Мен өткенде бастығың қонаққа шақырғанда байқадым: ол іш десе сен стақанды түбіне дейін төңкересің, ал өзі болса ұрттағансып қоя салады. Бүйте берсең нағыз алқаш болып, абыройдан айрылып тынарсың. Бұдан кейін көзіңді аш, айналаңа қара, –деді Гүлнар ренішін жасыра алмай.
— Жарайды, енді ішпеймін, — деп Сәкен ақталғансыды…
Бірақ ол арақты қоя алмады. Табылды тағы бірде мұны жұмыстан кейін кабинетіне шақырып алып арақ ашты.
— Сәкен, біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз ғой, жұмыста шаршаймыз, жүйкеміз де сыр береді. Сондықтан жұмыстан кейін ішіп тұрған артық емес, — деп үсті-үстіне құйып жіберді… Мұндай жағдай жиілеп кетті.
— Аға, сізден ұят болды ғой, күнде сіздің арағыңызды ішіп…, — деп қысылды бірде Сәкен.
— Сәкен-ау, мен қалтамнан ақша шығарып, арақ алып жүр дейсің бе, өздері келіп жатқан дүниелер де, — деп Табылды да мардымси қалды.
Күндердің күнінде Сәкен ішпей жүре алмайтын халге жетті. Арақ іздемей-ақ емге бөлінген медициналық спиртті тартып алып жүре беру оған үйреншікті әдетке айналды…
Бір күні «соқырішекпен» түскен әйелге қызыңқы болып тұрып ота жасады. Науқастың қыл-қыбырға толып қалған «соқырішегін» кесіп тастап, кескен жерді жақсылап тазалап, залалсыздандырып, қайта тіктірген сияқты еді. Алайда отадан кейін науқас әйел түні бойы қанқақсап, шырқырап шықты. Амалсыз ертеңіне бөлім меңгерушісі екеуі науқастың ішін қайта ақтарып көруге мәжбүр болды. Ашып қараса, міне қызық, ішектердің арасында қандауыр қалып қойыпты. (Мұны бөлім меңгерушісі Табылдының үйреткеніндей, операциялық медбике әдейі істегенін Сәкен тым кеш білді). Әлгі қандауырды алып, ішкі ағзаларды қайта өңдеп, тіктірген соң ғана науқастың жаны жай тапты.
Ал Табылды болса «көктен іздегені жерден табылғандай», іштей қуанғаны сонша, бұл жағдайды бас дәрігерге жедел жеткізді.
— Әлімбек Асқарович, өз қызметкерім болған соң әрі жас маман ғой, түзеліп кетер деп, Сәкен туралы бұрын сізге ештеңе айтпаған едім. Кешіріңіз, кінәлімін. Бүгін бар шындықты айтуға мәжбүрмін. Сәкен жұмыста жүріп арақ ішеді, жауапкершілігі жоқ, жақсы хирург деп мақтағанға дандайсып мені тыңдамайтын болды. Кеше «соқырішекпен» түскен әйелге мас болып тұрып ота жасаған екен, тіпті науқастың ішінде скальпелі қалып қойғанын да білмейді. Мен шұғыл араласпағанда байғұс әйел өліп кетіп, бәріміз масқара болатын едік. Сондықтан хирург Сәкен Әділовке қатаң шара қолданғаныңыз абзал, — деп төндіргеннен кейін бас дәрігер Әлімбек Асқарұлы шұғыл жиналыс шақырып, хирург Сәкен Әділовке сөгіс жариялады.
Кешке қарай ординатурада жабырқап көңілсіз отырған Сәкенді көріп бөлім меңгерушісі Табылды оны жұбатқансып сөйледі.
— Жамандық жерде жата ма, отаға қатысқандардың біреуі бастыққа жеткізген шығар. Сөгіс бергені ештеңе етпес, өйтпесе болмайды ғой. Әлі-ақ ұмытылып кетеді. Ал, Сәке, жүр біздің кабинетке, көңілашар болсын, бір-екі стопка тартып жібер, — деп Табылды Сәкенді өз кабинетіне қарай жетелей жөнелді.
Күндер жылжып өтіп жатты. Дәл жаңа жылдың алдында Сәкен аурухана бойынша кезекшілікке түсті. Кешке қарай Табылды келіп, Сәкенді мерекесімен құттықтады, әрнәрсені айтып біраз отырды.
— Құдай өзі жар болсын, бүгін түн тыныш өтетін сияқты, менде біраз спирт бар еді, бір-екі румке тартып алайық, сонан соң демаларсың, – деп Сәкенді өз кабинетіне ертіп кірді. «Іздегенге – сұраған» дегендей, Сәкен де іштей тіленіп тұр еді, Табылды құйған спиртті екі-үш рет тартып жіберді. Күші 90 градустық таза спирт оңдырсын ба, әп-сәтте Сәкенді алып ұрды. Ол отырған жерінде сылқ ете қалды.
Таң атар-атпастан оны кезекші медбике жұлқылап оятты:
— Сәкен ағай, ауруханаға ауыр науқас жеткізілді. Жағдайы өте қиын, — деп.
Сәкен тәлтіректеп орнынан әзер тұрды. Басы сырқырап, аяқ-қолы дір-дір етеді. Аузы құрғап, шөл де қысып барады. Әзер дегенде бір стақан суды ашқарақтана жұтып, боп-боз болып қимылсыз жатқан әйелді көріп Сәкен есін тез жиып ала қойды. Науқастың қиналған түріне қарап «соқырішегі» жарылып кеткенін байқады. Сәкен әрі-бері тексеріп көрді де, шұғыл ота жасау керектігін айтып, медбикелерге науқасты ота блогіне жеткізуді тапсырды. Ал өзінің сиқы мынау, басы зырқырап алып барады. Бүгінгі де мейрам. Ертең сенбі, арғы күні жексенбі. Бұл екі күн де заңды демалыс. Әріптестерінің бәрі осы демалыс күндерін пайдаланып, әр жаққа меймандап кеткен шығар, бүгін кімді шақыртып ала қоярсың?! Ал енді Сәкенді ауыстыратын дәрігер терапия бөлімінің қызметкері. Онан пайда жоқ. Амалсыздан анестезиолог пен операциялық медбикені алдырып, отаны өзі жасауға кірісті. Ашып қараса шынымен-ақ науқастың солқырішегі жарылып, іші қан-жынға толып кетіпті. Әбден асқындырып әкелгені белгілі болды. Әйел өлім аузында жатыр. Оны сақтап ала қала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Сәкеннің тұла бойын суық тер басты. Ота 3 сағатқа созылды. Жарылған ішекті алып тастап, ішіндегі қан-жынды тегіс тазартты… Кесілген аймақты тіктірді. Алайда науқастың қан қысымы күрт төмендеп, тыныс алуы қиындай бастады. Сасқанынан бөлім меңгерушісіне телефон соқты. «Келе алмаймын, жол жүргелі жатырмын» деді ол. Бас дәрігер де үйінде болмай шықты. Ол кезде қазіргідей қалта телефон деген атымен жоқ, кімді қайдан іздерін білмеген хирург Сәкен аурумен жалғыз өзі арпалысты. Бірақ бейшара әйелдің өмірін сақтап қала алмады…
Осылайша істі болды. Қайтыс болған әйелдің күйеуі ауыл фельдшері Гүлзада мен аудандық аурухананың хирургі Сәкен Әділовтың үстінен іс қозғатты. Ауыл фельдшері өз бетінше дәрі егіп, екі күн бойы науқасты үйде ұстағаны, ауру әбден асқынып, аудандық ауруханаға әйел тым кеш жеткізілгені, ал аудан хирургі мас болып тұрып ота жасап, науқастың өмірін сақтап қала алмағаны жазылған арызда.
— Мен сені 10 жыл арқалатып түрмеде шірітемін! — деп ақырды аудан прокуроры тергеуден кейін арыстандай ақырып. Бұл орнына келгеніне жаңа ғана жыл толғанына қарамай жемқорлығымен, залымдығымен аты шыққан жас прокурордың істі қайта-қайта парақтап, «атамын, асамын, түрмеде шірітемін» деген бопсалауының аржағында құлқыны бүлкілдеп тұрғанын Сәкен сезбеді емес, сезді. Бірақ оның құлқынын тығындай алатындай ақшасы да жоқ еді. Аңқылдап арақ ішіп жүріп дүние де жимапты. Енді амал не, тағдырдың тәлкегіне мойынсұнбай қайда барады? Бұдан ештеңе тынбайтынын білген жас прокурор кабинетінің есігін жауып қойып Сәкенді әбден тепкіледі. Өзін фашисттің гестапосы ма дейсің, қатты қинады. Бір кезде есінен танып қалыпты. Есін уақытша тергеу абақтысында әзер жинады.
Тергеу аяқталды. Том-том іс тігілді. Енді, міне, Сәкен сот орындығында отыр. Мемлекеттік айыптаушы — аудан прокуроры Ержан бұған — 10 жыл, ауыл фельдшері Гүлзадаға 5 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындауды сұрады. Облыстық сот-сараптама мекемесі мәйітті сараптамадан өткізіп, марқұмның соқырішегі жарылып кеткеніне тәулігінен асып, көп қан кетіп, бүкіл ағзасына зақым келтіргенін, бұған аудан хирургі кінәлі емес екенін жазып та берген еді. Адвокаттың араласуымен сотта бұл мәселе де ескерілді. Науқасты екі күн бойы өзі қарап, ауруханаға мезгілімен жеткізбеген ауыл фельдшері де айыпталды. Сонымен мас болып тұрып ота жасап, медицинаға жат әрекетке барғаны үшін сот Сәкенге үш жыл бас бас бостандығынан айыруға үкім кесті. Фельдшер Гүлзадаға, кішкене 4 баласы бары екені ескеріліп, жазасын екі жыл шартты түрде өтуге үкім шығарылды…
Сәкен түрмеде отырғанда өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, өзінің шектен тыс аңқау, ақкөңіл, сенгіш болғанына, соның салдарынан бөлім меңгерушісі Табылдының арандатуын аңғармай қалғанына қатты опынды. Бірақ ақыры осылай болған соң өкінгеннен не пайда, Сәкен енді кесімді мерзімін адал атқаруға тырысты. Көп ұзамай зонадағы емдеу мекемесіне дәрігерлік қызметке жіберілді. Өзінің күнәсін жуып-шаю, азаматтық арын тазарту үшін жанын сала еңбек етті…
«Өлмеген жанға келді жаз» дегендей, мерзімін өтеп елге келді. Міне, бірнеше жыл ауылдық учаскелік аурухананы басқарып еді, енді аудандық ауруханаға шақыртып алды. Табылды екеуі баяғыдай бір бөлімде еңбек етеді. Бірақ ол бұрынғыдай бөлім меңгерушісі емес, өзі сияқты қатардағы дәрігер ғана. Бірақ Сәкеннің алдында үнемі төменшіктеп жүреді. Бұл да өткен жайды есіне салған емес. Сәкеннің бұрынғы абырой-даңқы қайта жалаулады. Біліктілігінің арқасында талай-талай науқастың дертіне шипа болған оны аудан халқы да төбесіне көтерді…
Өмірде небір күтпеген жағдайлар ұшырасады. Бұл Алланың ісі. Сәкен дәрігер баяғы өзін «түрмеде шірітемін» деп тепкілеп, есінен тандырған прокурор Ержанмен ойда-жоқта осылай кездесемін деп ойламаған еді.
1 мамыр мерекесінде елдің бәрі шат-шадыман көңіл-күйге енетіні белгілі. Алты ай қыстың қыспағынан құтылып табиғат та, адам да, тіпті бүкіл тіршілік иесі де жасарып, жасанып, көңілдері көтеріліп, түрленіп, түлеп шыға келетін кез. Қаланың да, ауылдың да адамдары табиғат аясына шығып, мәз-мейрам болып қалады. Бірақ Сәкен қызық қуатын баяғыдай жас емес. Сол 1 мамыр күні таулы өңірде тұратын бауырларын көріп қайту үшін машинасын оталдырып, ертелеп жолға шыққан. Асудан-асу, белден бел асып, аудан орталығынан 60 шақырым жерде қоныс тепкен туған ауылына жеткенде күн сәскеге таяп қалған-ды.
Ауылдағы аға-інілері Сәкенді шұрқырай қарсы алып, мәре-сәре. Бірінен кейін бірі шақырып, біреуі ет асып, екіншісі шәй беріп, Сәкен сонан жолға кештеу шықты. Тау жолы өте күрделі. Сондықтан ол баяу жүріп, айналасына байыппен көз салып келе жатты. Жарты жолды еңсеріп, Асау өзеніне салынған көпірден өтіп, сәл жүрген соң жолдың оң жиегінен оншақты қадам жерде төңкеріліп жатқан аппақ ақ машинаны көзі шалды. Ымырт үйіріліп қалған мынадай алакөбең шақта оны аңғрмай өте шығуы да мүмкін еді. Алайда артқы қызыл жарығы да, алдыңғы фары да жанып тұрған соң төңкерулі көлікті ап-анық көрді. Сәкен дым білмегендей өте шықса да болар еді. Бірақ азаматтық ары мен дәрігерлік парызы оған жібермеді. Машинасынан түсіп, жол жиегіне шығып еді, төмен жақ едәуір еңіс екен. Сәкен ана көлік кенеттен осы арадан оқыс төңкеріліп кеткен-ау деп топшылады. Жақын келіп еді, шынында да әлгі машинаның төрт дөңгелегі аспаннан келіп, өзі төбесінен жатыр екен. Жүргізуші отыратын жақтың есігін жұлқылай ашып, қор-қор еткен ер адамның денесін әзер түсірді. Ал оның аржағындағы әйелді оп-оңай алып шықты. Екеуінен арақтың ашқылтым иісі аңқып тұр. Удай мас екені байқады. Бірақ олардың тірі екеніне көз жеткізген соң алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге асықты. Сәкен өз машинасын бұрып жарық түсірді де, аптечкасын қолға алды. Ер азаматтың дедек-дедек қан аққан басын йодпен өңдеп, дәкемен шандып таңып тастады. Әйелдің жарылған шекесін де дәкеледі. Түн қараңғылығында зардап шегушілердің қай жерлері майып болғанын қалай анықтасын, ең бастысы, қандарын тоқтатты.
Айдалада байланыс болмаған соң МАИ-ға немесе «Жеделжәрдемге» қалай хабарлассын (ол ұялы телефон болмаған кез), зардап шегушілерді аудандық ауруханаға өзі алып кетпек болды. Талдырмаш келген жас әйелді қөтеріп қырға тез-ақ шығарып, машинаға жайғастырып еді,енді мына іркілдеген семіз еркекті көлікке жеткізу оңай болмай тұр. Жаңа оны кабинадан жерге қарай аудара салып еді, енді орнынан қозғалта алмай әлек.
Не істерін білмей дағдарып тұрғанда аудан жақтан келе жатқан машинаның жарығы көрінді. Сәкен ол айдалада тоқтамай өтіп кете ме деген қауіппен жолдың үстіне шығып, екі қолын бірдей көтеріп, оны амалсыз аялдатты. Көліктен алпамсадай екі жігіт шықты.
— Бензиніңіз таусылып қалды ма? — деп сұрады біреуі.
— Анау төңкеріліп жатқан машинаны көрмеймісің? Кездейсоқ үстінен түстім. Жарақаттанған азаматты машинама сала алмай тұрмын, көмектесіңіздер, жігіттер!
Оны үшеулеп машинаға салған соң әлгі жігіттердің бірі:
— Ойбай, мынау баяғы біздің ауданда прокурор болып істеген Ержан ғой. Қазір бұл облыс прокурорының орынбасары. Удай мас қой өзі, — деп қалды.
Сәкеннің көзіне осыдан оншақты жыл бұрын «сені түрмеде шірітемін» деп кабинетінде көкала қойдай етіп тепкілеген қатыгез прокурордың жексұрын бейнесі тұра қалды. Ол кезде денесінде артық еті жоқ сыптай жігіт еді, ал енді шошқадай болып семіріп алыпты.
— Мейлі кім болса ол болсын, тезірек ауруханаға жеткізейін, — деп.
— Сәкен ылдым-жылдым жүріп кетті.
Жарақат алғандарды «Жедел-жәрдем» бөліміне жеткізіп, жарық жерде қайта бір қарап шыққан Сәкен кезекші дәрігерді, медбикелерді шақырып, бұларды аурухананың ота бөліміне апарғызды. Мейрам кезі. Бүкіл ауруханада өзінен басқа жедел ота жасайтын бірде-бір дәрігер болмағандықтан, операциялық медбикені қасына алып отаны Сәкеннің өзі жасауға кірісті. Прокурордың бас терісін тігіп, денесіндегі жарақаттарын дәрілеп, дәкелеп, әйелге де жедел көмек көрсетті.
Мастығынан таң ата айыққан прокурор:
— Мен қайда жатырмын? – деп жан-жағына таңырқай қарады.
— Сіз кеше жас келіншекпен өзен жағысына көңіл көтеруге барған болуыңыз керек. Удай мас болып, рульге отырған соң, тізгінге ие бола алмай, жол шетіне шығып, аударылып кеткен сияқтысыз. Мен сіздерді төңкеріліп жатқан жерлеріңізден тауып алып, осында әкелдім. Енді бір-екі күн аялдауларыңызға тура келеді, — деді.
— Гуля… Гуля қайда? – деп қалды прокурор.
— Гуля да осында. Аман-есен, – деді Сәкен.
Мастығы әбден тарап өз-өзіне келген прокурор енді өз жағдайын ойлай бастады.
— Дәрігер жолдас, мен облыс прокурорының орынбасарымын. Мүмкін болса жұмыс орныма хабарламауыңызды сұраймын, – деді көздері жыпылықтап.
— Біз демалыс күндері болған мұндай тосын жағдайлар туралы аудан, облыс әкімдеріне де, облыстық денсаулық сақтау басқармасына да ақпар беруге тиістіміз. Ақпарат бүгін жіберіледі, – деді Сәкен нығыздай сөйлеп.
— Дәрігер жолдас, бұл жағдай облысқа жетсе мен құрыдым ғой. Арақ ішіп, жол апатын жасағаным үшін жұмысымнан алып тастайды. Мүмкін болса мас болып рульге отырғанымды жазбай-ақ қойыңыз.
— Жүргізушіңіз бар емес пе, неге оны өзіңізбен бірге алып алмадыңыз!
— Сіз де ер-азаматсыз ғой, дәрігер, түсінерсіз деп ойлаймын. Кеше мына келіншекпен оңаша болайын деп жүргізушімді алмап едім, — деп прокурор күмілжіді.
— Жарайды, ақпаратқа мас күйіңізде машина жүргізді демей, кездейсоқ жол апатына ұшырады деп жазамын, — деді Сәкен.
— Ақпаратта мені мүлде көрсетпей-ақ қойсаңыз болмай ма, дәрігер?
— Жоқ, болмайды. Жараңыз жазылғанша, миыңыздың қозғалғаны тағы бар, біраз күн емделуіңіз керек. Жұмыс орныңызға қайда болдым демексіз?
— Мұныңыз да дұрыс екен, дәрігер. Жарақатым жазылғанша жұмысқа бара алмайды екем.
— Дәл солай. Жұмысқа уақытша жарамсыздық туралы бюллетеніңізді де бізден аласыз. Сонда жол апатынан жарақат алды деп жазылуға тиіс.
— Арақ ішкенімді көрсетпегеніңіз үшін сізге мың алғыс, дәрігер.
— Алдағы уақытта сізге де менің бір көмегім тиіп қалар, — деп прокурор мәймөңкелей бастады.
— Құдайым прокурорға күнімді салмасын, Ержан бауырым. Осыдан оншақты жыл бұрын істі болып қалғанымда «түрмеде шірітемін» деп кабинетіңізде көкала қойдай тепкілеп, онан соң соттатып жібергеніңізді әлі ұмытқам жоқ. Отырып келіп, енді, міне, жұмыс істеп жүрмін. Және сізді ажалдан арашалап алып, емдеп жатырмын. Егер мен дер кезінде көрмегенімде басыңыздан шаншылып, жатқан жеріңізде сіз өліп те кетер едіңіз. Әйтеуір көретін жарық күніңіз бар екен, бақытыңызға қарай мен кездесіп қалдым, — деп Сәкен жүрегінің қыжылын ақтарып салды. Прокурордың есіне бұрынғы жағдай түсті ме, Сәкенді жаңа танығандай:
— Сәке, садағаң болайын. Ол кезде мен де жас едім, қызметтің буымен қиянат жасап қойсам, кешіріңіз, — деп әп-сәтте бейшара күйге түсті. Сәкен болса оған жиіркене қарап, бұрылып кетті…
— Солай, бауырым, — деді дәрігер әңгімесін аяқтап, — алғаш ақкөңіл, аңғалдықтан опық жесем, өмір мені сабама түсірді. Сондықтан мына бір қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда аспай да, таспай, парасатпен тіршілік еткен жөн.
Мен дәрігер Сәкеннің жан сырын енді ұққандаймын. Оған деген ықыласым арта түсті.
— Мәке, қысылып отырсам да айтайын: кезінде жастықпен, аңғалдықпен опынсам да, қалған өмірімді адалдықпен өткізіп келемін. Еңбегімді ел мойындады, қадірімді біліп отыр. Енді маған әркімге беріліп жатқан ауданның Құрметті азаматы атағын бере ме деп келіп отырмын. Құжаттарым мынау, еңбектегі жетістіктерімнің бәрі осында. Айып ете көрмеңіз, бұл атақ маған мақтаныш үшін керек емес. Маған құрмет көрсеткен елім мен бала-шаға, немерелерім, келіндерім алдында өз абыройымды ағарту үшін керек. Мен де жұмыр басты пенде емеспін бе?!
Қысылмаңыз, Сәке, бүгінде азды-көпті еңбек етіп, зейнетке шыққандардың бәрі ұялмай-ақ атақ сұрап келіп жүр. Ал сіздің аудан халқы алдындағы еңбегіңіз маған да, елге де белгілі. Құжаттарңызды қарап көрейін, — дедім мен.
Сәкең менен тұшымды жауап алған соң жылы-жылы қоштасып шығып кетті. Мен ардагер дәрігердің құжаттарын ұзақ зерделеп, «Құрметті азамат» туралы Ережені қайта-қайта парақтап, заңгермен, депутаттармен кеңесіп едім, «сотталған» деген суық сөз кесе-көлденең тұра қалды…
Мұны қалай естіртерімді білмей жүргенімде бір күні Сәкең табан астында ұстаған жүрек талмасынан қайтыс болып кетті… Өмірінде адал да аңғалдығынан қиянат көрген абзал азаматты бір рет қуанта алмағаныма өкіндім. Ойлаған сайын жүрегім шым ете түседі.
Кешегі дәрігердің қателігін бүгінгі жас мамандар қайталамасын деп осы хикаяны жазып отырмын.
Мырзахан Ахмет