Хақты сүйген, аманатқа адал, ұлтына ұлағатшыл Ержан хазірет немесе Ержан (Ермұхаммед) хазірет Төлегенұлының ұлтқа — ұлағат, рухқа — нәр, төлтума мұралары

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатқан бұл шараға, халыққа, республикалық, облыстық дәрежедегі дін басылары мен басқарма қызметкерлеріне, алқа мүшелеріне, ғалымдарға, Астана қаласының тұрғындарына, ақпарат көздеріне алғыс айтамыз. Маңғыстау өңірінен келіп отырған ресми өкілдерге сәт-сапар тілейміз. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мырза бастаған билік иелері, Бисенбек Нұржігітұлы, Марат Сыйбас, Нияз Тобыш сияқты ел азаматтары Ержан хазірет Төлегенұлының мұраларын жарыққа шығаруға, бұқара халыққа жеткізуге, таным орталықтарының назарын аударуға аса шұғыл және перзенттік парыз тұрғысынан адал, айқын, сауапты қызмет жасады.
Мен дінтанушы емес-пін. Қарапайым тілекшімін. Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің алыс аймақтағы жәй ғана өкілімін. Дәстүрлі дін мен дәстүр салтымыздың сабақтастығынан — ұлтымызға бақ пен береке іздеуші көп қазақтың бірімін. Сондықтан баяндама негізінде жасалған мақаланы тілекші ретінде жазып отырмын.

1. Бабаларымыздан қалған үрдіс

Ержан хазірет Төлегенұлының туындылары дәстүрлі діни танымымыздың бабалардан қалған үрдісті үлгісі. Қолда бар құндылықтың ұлттық сана мен болмысымызға, тұрмыстық салтымызға қайта еніп, жүрек — құрсағымызға ұялауы үшін, тезірек бұқаралық сипатқа ие болу үшін қандай амал-әрекеттер жасауымыз керек? Ұлттық зерде мен жинақтаған тәжірибеміз және ғылым не айтады?!
Дін тұрғысынан, біздің кейбір тұста ішінара адасқанымызға көп болған жоқ. Қайта айналып қазығымызды табуға мүмкіндік бар. Дәлел: Күні кеше өмір сүрген Ержан хазірет Төлегенұлының еңбектері және оның көзін көргендер.

2. Дәстүрлі дін мен ұлттық руханият

Заманауи дәстүрлі діни ахуалдың жайы белгілі. Экстремистік және радикалды ағымдардың, жаһандық жат идеологияның алдын алу жүйесі — руханияттық тұрғыдан қаншалықты күш пен қуатқа ие?!. Ержан хазірет Төлегенұлы бабамыздың «Өсиетнама», «Иманшарт», «Ілімнің бұлағы — Тақуалық қайнары» атты еңбектері — ұлттық дүниетаным деңгейіміздің бұқаралық сипаттағы өлшемі. Төлтума мұрамыз. Бұған аса мән беру керек.
Бұл — біз, тек, үйренуші ұлтпыз, үйретуші басқалар деген теріс діндегі еліктеуші, ермелік түсінікке ұлттық болмысымыз бен тарихтың жауабы.
Ақиқатты қажетсінген рух пен қабылдаушы сана, өзінің ұлттық кемеңгер келбеті н қорғап, таза танымдық қағидаларды сақтап, сараптай білген. Елдің Ержан Хазіретке деген сүйіспеншілігінің астарында — саф алтынды сараптап сақтай білген қазақ даласына, Маңғыстау түбегіне тән біртұтас руханияттық қуат пен қорғаныстың ізі жатыр. Сақтау, саралау демек — бағасын білу, құнын білу. Ал бір нәрсенің, соның ішінде рухани ілімнің құнын білу — білім мен біліктің, қалыпты қоғамдық танымның жемісі. Демек ата-бабаларымыз діндегі бір ізділік пен қоғамдағы тепе-теңдікті сауатты дәрежеде, халықтық тұрғыдан сақтай білген. Ержан хазірет сияқты аса ірі діни тұлғаға және оның іліміне деген саналы сұраныс пен құрмет — дәстүрлі дін мен салттың, таным мен тарих қалыптастырған жадымыздың сапалық көрсеткіші, беріктігі. Ержан хазірет Төлеген ұлы — дін танушы ғұлама, ғалым және қайраткер, дәстүрлі дініміз бен ұлттық руханиятымыздың қаһарманы, сүйеніші. Хақты сүйген, аманатқа адал, ұлтына ұлағатшыл, өмірі ерлік пен сертке, шыдам мен қанағатқа, жүйелі ізденіс пен еңбекке толы Қазақтың перзенті. Өз мектебіміз, өз қайнар бұлағымыз. Ізденген құлға ізгіліктің мектебі біздің даламызда да бар екендігінің айғағы. Ержан хазірет Төлегенұлының еңбектері бізге, өзімізге қарай бұрылуды міндеттеп отыр. Ержекең халқымен бірге болған. Ұлтынан ажырамаған. Ұлтының — ұлы болған! Халық сол үшін Ержекеңді жанына жақын, тірлігіне тірек етеді, ұмытпайды, шексіз сенеді. Сенім — ұлы күштің тұтқасы.
Дін саласындағы азаматтарға бұл да бір өнеге, ұлттық мемлекет жағдайында ең негізгі шарттың бірі.

3. Қорғанудың алғы шарты — білім

Жат пиғылдардан қорғана білудің алғы шарты білім екендігін — Ержан хазірет Төлегенұлы өзінің білім дәрежесімен шегелеп көрсетіп отыр. (Ержекең: ғылымды мақтану үшін емес, Хақтың қалауында болып, мағыналы ғұмыр кешу үшін алуды меңзепті. Білім — құлшылық пен қоса, қорғаныстың құралы. Ұлттық әдебиет пен салт-дәстүр, қоғам және діни болмысымыз әр қазақтың жүрегінде ара-жіксіз қабысып, халықтың қаны мен жанындағы құн мен құнарға бірге тамыр салып, рух-құрсағында будандасып, біртұтас діл мен денеге, амал-әрекетке айнала білген. Абыл, Ақтан, Нұрым, Аралбай, Қашаған, Сәттіғұл, Сүгірлер т.с.с жыршы-жыраулар соның кепілі. Мысалы, шын ғалым, әдебиет зерттеушісі ақиқаттың нұрлы жүрек ақ құсы — Қабиболла Сыдиық Ержан хазіреттің ғылым-ілім мұрасын қан сүрлеуден аман алып шығып, саналы түрде жинақтап, ұлтына қайта табыстауға себепші болды. Яғни, әдебиет пен әдебиетші — дәстүрлі діннің жоғын тапты, үзігін жалғады.
Міне, қараңыз: Қазақ ауыз әдебиеті мен жырларындағы және Маңғыстау жырларындағы ұлтымызға тән біртұтас рухани тағылым мен дәстүрлі дін сабақтастығы да — дәл осы алтын арқаудың желісі мен айғағы. Дәстүрлі, халықтық, ұлттық әдебиет пен мәдениет-дәстүрлі діннің тірегі, көмекшісі, жаршысы жане жанашыры екендігінің дәлелі, дерегі. Сондықтан дін өкілдері, мешіттегі уағызшылар, дінтанушылар-дәстүрлі ұлттық мәдениет пен әдебиетті жан туысына, ар туысына баласын. Халықтық құндылықтар — бұқараның жүрегіне жол ашады.

4. Ұлт — кеме, ұл — жолаушы, дін — мұхит

Ержан хазірет Төлегенұлы: «Жалпы халықпен араласқан кезде жақсылармен ізгілермен болу абзал», — депті. Халқына — жақсылық пен ізгілікті мақсат пен мұрат қылып ұсыныпты. Әке-ұлына, ұл-ұлтына дәл осы тілекті тілейді. Бәріміз жақсылық пен ізгіліктің жаршысы болсақ, онда басқаша қандай қоғам керек. Бақыт деген сол емес пе?!
Ешбір адам Құдайдан тыс жаратылмайды, ұлтынан тыс туылмайды. Діни өсиеттерде: Атаң мен Анаңа қызмет жаса дейді. Әке, Ата, Баба, Атамекен ұғымының жалпы атауы — ҰЛТ!
Ұлтқа қызмет жасау — ата мен анаға қызмет жасау. Ұлттық құндылықты жадымыздан, жанымыздан жоғалту, өшіру — некесіз, тексіз билік пен қоғамдық сананы дүниеге әкеледі. Ұлттық салт-дәстүр, қағида, әдебиет пен мәдениет және дәстүрлі діннің руханияттық некесінен текті билік пен бір ізді, тұтас, текті қоғамдық сана туады. Яғни, ұлттық дәстүр және дәстүрлі дін — текті билік пен қоғамныңатасы мен анасы. Дін өкілдері некесіз туған баланы, ананы, безбүйрек әкені айыптайды. Онысы дұрыс. Бірақ некесіз туған қоғамдық сананы неге айыптамайды!.. Оны қайда қояды?.. Дәстүрлі дін мен ұлттық салт-дәстүр, таным екі жағалауда, жеке-жеке некесіз жүр. Соның салдарынан қоғамда тексіз, көрдемше сана көбейіп, етек алып барады. Сондықтан дін өкілдері ұлттық құндылықтарға қолын созып, имандылық танытуы керек. Руханияттық тұрғыдан іштей некелесуі керек. Осы екі дәстүрлі арнадан (некеден) нағыз қазаққа тән қоғамдық, бұқаралық тұрақты сана әр жүрекке қалыптасады.
Осы үшеуі бірігіп бұқараны бастаса — біз бақытты ұлтқа айналар едік. Бойында дәстүрлі дін мен ұлттық құнар бар Текті билік — ұлттық қоғам мен мемлекеттіктің тірегі. (Біз он бес миллион қазақпыз, сонымен қоса екі миллиард мұсылманбыз. Адам Ата мен Һауа анадан бері қарай адамзат пен тілегіміз бір, жанымыз жарқын болашақты сүйетін, бауырмал, бейбіт ұлтпыз!)
Сондықтан дін өкілдері ұлттық мұрамызға, әдебиет пен мәдениетке, танымға «сергелдең сезім» туындысы тұрғысынан енжар, секеммен қарамауы керек. Дәстүрлі дін өкілдерін ұлттық әдебиет пен мәдениеттен мейлінше мол сусындауға,бірлікке, қазақы жан дүниеміздің көзімен ғаламдық жетістіктерді, таным көк жиектерін игеруге және бұқаралық деңгейдегі қарапайым қарым-қатынастарға шақырамыз. Ұлт — кеме, ұл — жолаушы, дін — мұхит. Дінтанушылар, дін қайраткерлері ұлт пен ұлды сақтай отырып, дін-мұхитында дұрыс бағытты ұстануы тиіс. Ұлт арқылы дәстүрлі дінге, дәстүрлі дін арқылы әлемдік парасат мінберлеріне қол жеткізсін. Ғылым мен білімді игеріп жасампаздықтың алдында жүрсін. Дін жолындағы адасудың не екенін, қаншалықты қасірет екенін түсіндік, сезіндік. Енді, бабаларымыздың өсиетінен, көрсеткен руханияттық бағытынан адаспайық. Ержан хазірет Төлегенұлы осындай жол көрсетуші ғұлама бабамыз.

Қорыта айтқанда:
2018 жылы 3 сәуір күні Маңғыстау облысы әкімшілігінде маңғыстаулық діни ғұлама Ержан хазірет Төлегенұлының «Өсиетнама» (Ұрпаққа аманат) кітабының тұсаукесері болды. Оған республиканың Бас муфтиі Серікбай қажы Ораз қатысты.
Еліміздің дінбасы, Бас муфти Ержан хазірет еңбектерін былайша бағалады:
— Иншалла, осы кітап еліміз үшін, халқымыз үшін, мұсылман жұртшылығы үшін бағдаршам ретінде, халықтың игілігіне жарап, пайдаға аса берсін! — деген болатын. Осы түйін сөзді біз де құптаймыз.

Ыңырсып барып ындыны кепкен нар құмдар,
Нарға сүйеу болатындай ал, кім бар?!
Қорқыт Атам – қоңыр бұлт,
Асан қайғым – ақ сағым,
Шалғайға шөгіп боздамақ,
Қайдағыны қозғамақ,
Әлгі, жез бұйдалы жалғыз нар.
Кірпіктері кіл найза айға қарай андыздар.

Ей, қаранар, қара нар, көзіңе түн түнеттің,
Сары сүйек мұрындық-жез бұйдалы
жібек күн.
Сен жыладың өттім деп,
Сергелдең боп кеттім деп,
Борай құмның бота жүрек мұңы дүр,
Еститұғын адам жоқ па мұны бір.
Көз тамшысы аяқ асты қалыпты
телім-телім тілектің.
Атамекен – алақаны жүректің.

Ей, қаранар, қаранар, жеті көктен не көрдің?!
Бақандадыбақыртып, амалым жоқ
шөгердім.
Көн теріңді қақтады,
Қанша ғасыр жатқалы,
Адастым да, қаңғырдым.
Баяны сол бар күннің.
Мекен еткен боз құмды – бозторғай
тағдыр өлеңмін.
Өлеңді қалай бөгермін.

Ей, қара нар, қаранар шөліркеп
шерден құладың,
Көкаттыға көп сендің бір жұтым
нәр сұрадың.
Қаталап қайғы толғанда,
Үзілер шағың болғанда,
Ержекең шығып жолыңа,
Ұстатты ма қолыңа:-
«Өсиетнама», «Иманшарт»,
«Ілімнің …қайнар бұлағын».
Жақтыма үміт шырағын?!
…Адаса көрме, шырағым!

Сабыр Адай