1 желтоқсан Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні
Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда ВИЧ індетін жұқтырған 30 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Алматы қаласында осы диагнозбен өмір сүріп жатқандар саны 5 мыңға жуықтайды.
Жұртшылық арасында ВИЧ секс-индустрия қызметкерлері, гомосексуалистер немесе нашақорлардың ауруы деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Себебі, вирус адам ағзасына қан мен шәует арқылы, ана сүті арқылы да таралуы мүмкін. Ол бір шприцті пайдаланғанда, жыныстық қатынас кезінде немесе босанған кезде анадан балаға жұғады. Оны медицина құралдары дұрыс зарарсыздандырылмаған жағдайда ауруханаларда жұқтыру қаупі де жоқ емес. Бірақ ВИЧ жұқтырған науқаспен бір стақаннан су ішкеннен, бір сүлгі пайдаланғаннан немесе сүйіскен кезде ауру жұқпайды. Сондай-ақ, инфекция сілекей арқылы немесе ауа арқылы таралмайды.
Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының мәліметінше, өткен жылы іліміз бойынша 2 865 адам вирус жұқтырған. Оның 1 700-ден астамы – ер адамдар, мыңнан астамы – әйелдер. 62 пайызы гетеросексуалдық қатынас салдарынан болған. Сырқатқа шалдыққандардың басым бөлігі 30 бен 49 жас аралығындағылар.
«Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне, қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады», — дейді Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.
Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады, дейді маман.
«Вирус анықталған жағдайда науқас ең алдымен СПИД орталығына барып тіркелуі қажет. Өйткені, ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. Дер кезінде емделмесе иммун тапшылығы вирусы СПИД-ке айналып кетеді», — деп қосты Т. Әбілдаев.
Айтуынша, есепте тұрған азаматтар ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. ВИЧ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі.