Таразбен іргелес жатқан 4 мыңға жуық халқы бар Бектөбе ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды
Тараз қаласымен іргелес жатқан Бектөбе ауылында ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Медициналық мекеме бір ауысымда 15 келушіні қабылдауға арналған, – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.
4 мыңға жуық халқы бар Бектөбе ауылының тұрғындары ем-дом қабылдау үшін Тараз қаласына қатынайтын. Бұл қарт кісілер мен балалар үшін қолайсыз еді. Бүгін аталған мәселе өз шешімін тауып ауылда 15 келушіге арналған медициналық нысан ашылды.
Шекер Жұмабаева-Бектөбе ауылының тұрғыны. Жасы 82-ге келген ардақты әже немере-шөбере тәрбиелеп, шаңырағының ұйытқысы болып отыр. Мереке қарсаңында ауылымыздан дәрігерлік амбулатория ашылғанына өте қуаныштымын,-дейді ардақты ана.
– Елбасымыздың биылғы Жолдауында ауыл-аймақтағы тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету жайында да айтылған еді. Жасымыз келгенде қалаға қатынау қиын болатын. Міне қазір осындай керемет амбулатория ашып беріп жатыр. Осындай қамқорлық жасап жатқан Елбасымызға алғыс айтқым келеді. Балалар мен келіндерге де жақсы болды. Жобалық құны-89 123,7 мың теңгені құрайтын медициналық нысанның құрылысы ақпан айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын “Асем Билдинг” ЖШС жүргізген.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі,7-і жекеменшік балабақша.