Тараз қаласындағы жедел жәрдем станциясына 27 жаңа көлік берілді
ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Тараз қаласындағы медициналық жедел жәрдем стансасы 27 жаңа көлікпен толықты. Орталық “Достық” алаңында көлік кілттерін облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев салтанатты түрде табыстады, – деп хабарлайды “ZhambylNews”АА
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауындағы басым бағыттардың бірі -медицина саласы, халық денсаулығының сапасын арттыру. Бұл бағытта Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір көрінісі ретінде өңірдегі медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды айтуға болады. Бүгінгі таңда аймақтағы елді-мекендердің басым бөлігі медициналық нысандармен қамтылып, мекемелер заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ал мереке қарсаңында адам өмірін сақтап қалуда маңызды роль атқаратын жедел-жәрдем стансасы жаңа көліктермен толықты.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, жедел жәрдем қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
– Облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру мақсатында облысымызда бүгінгі күнге қажетті 95 нысанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ағымдағы жылы 30 нысан, 2019 жылы 40 және 2020 жылы 25 нысан салу жоспарланып отыр, – деп атап өтті Еркебұлан Дауылбаев.
Бұдан кейін Тараз қаласына-4, Жамбыл ауданына-5, Байзақ ауданына-2, Жуалы ауданына-1, Қордай ауданына-5, Меркі ауданына-1, Мойынқұм ауданына-2, Талас ауданына -1, Шу ауданына -4, Сарысу, Т.Рысқұлов ауданына-1автокөліктен берілді.
– Адам өмірін қорғайтындықтан дәрігерлер қоғам өмірінде ерекше орын алады. 2016-2019 жылдар аралығындағы Денсаулық бағдарламасының арқасында бүгін жедел жәрдем стансасының қуанышты күні 27 автокөлік жаңартылып жатыр! Автокөлікке жаңа медициналық жабдықтарда алынды, – деп денсаулық сақтау саласының ардагері Ұлбосын Тутешова өз қуанышымен бөлісті.