Атырау облысындағы Махамбет ауданында Тұңғыш Президенті күніне орай жаңа көпір ашылды
Бірегей темірбетонды тірексіз көпір Қазақстандағы жаңа технологиямен салынған алғашқы көпір. Ұзындығы — 860 метр, ені-13 метр болатын көпір құрылысы 2014 жылы Атырау облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының тапсырысымен басталған. Көпір 180 тонна жүкті көтере алады, кірме жолдарының жалпы үзындығы-8,5 шақырым.
Жайық өзені арқылы өтетін автокөлік көпірі транзиттік тасымалдауды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асқан облыстағы 7-ші көпір. Сонымен қатар, жаңа көпір «Атырау-Ақтөбе-Астрахан» және «Атырау-Орал» бағыттары бойынша қозғалысты және жүк тасымалын жеңілдетеді.
Аудан тұрғындары асыға күткен салтанатты лента қию рәсімі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтығожа Ізмұхамбетов пен Нәсіпқали Саменовке табысталды. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыс үшін маңызы бар нысанның ел игілігі үшін салынғанын атап өтті.
-Бүгін барлық атыраулықтар мен көрші облыстар көптен күткен Жайықтың қос жағасын жалғастыратын көпір іске қосылды. Елімізде осындай үлкен нысандар салуға қаржылық, әкімшілік жағдайлар жасалған. Осы игі істер еліміздегі саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім мен этнос, дін аралық татулықтың арқасында болып жатыр. Бұл – Елбасымыз Н.Назарбаевтың дамуға, жасампаздыққа, қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге және әлемдегі қауымдастықта Қазақстанның өз орнын алуыға бағытталған ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал істерінің нәтижесі. Ел дамуы тұрақты қамтамасыз етілді. Жаңа технология мен жаңа техникалар келіп, халықтың игілігі үшін қысқа уақытта сапалы нысандар салу мәселесі шешілуде. Осы көпір құрылысын салуға ат салысқан барлық азаматтарға, соның ішінде мердігер «АтырауИнжстрой» мекемесіне зор алғысымды білдіремін. Жаңа нысан ел игілігіне, облыс қажеттілігіне жарасын,-деді аймақ басшысы.
Көпір өзен жағалауларын ғана емес, сонымен қатар өзеннің екі жағында орналасқан 10 селолық округті біріктірді, бұл шамамен 40 мың адамды құрайды. Тұрғындар бұрын өзеннің келесі жағалауына паром арқылы ғана немесе айналма жол арқылы жететін, өзенде мұз қатқан кезде қауіпті болса да мұз үстімен жүріп өтуге тура келді. Аудандық ауруханаға қабылдауға бару үшін де шамамен 60 шақырым жерде орналасқан облыс орталығы арқылы ғана бару мүмкін болды.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.