«Ұлы дала арулары» сериясы бойынша жарық көрген кітаптың таныстырылымы өтті
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» сериясы бойынша жарық көрген «Бозоқ аруы» кітабының таныстырылымы өтті.
Қыздар университетінің ұжымы мен студенттері қатысқан жиынды оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенова кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орны мен шығармашылығына тоқталды.
– Өткенге көз салсақ, қазақ әдебиетінің тарихында өмірін әдебиетке арнаған әйелдер аз емес екенін көреміз. Мария Хакімжанова, Зияш Қалауова, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова есімдері бұл сөзімізге айқын дәлел. Осы тізімнің көш басында, алдыңғы сапында тұран ұлт әдебиетінде өзіндік өрнегі бар нәзікжандылардың бірі һәм бірегейі – Шәрбану Бейсенова. Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Шәрбану Қонақбайқызының шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Қаламгердің «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек», «Тағылымды тағдырлар», «Мизамшуақ», «Сүзгенің соңғы күндері» сынды шығармалар жинағы көзіқарақты талай жанның көкейіне сіңді. Сырласар серігі болды. Таусылмас рухани азығына айналды. Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» топтамасымен жарық көріп келе жатқан кітаптар сериясы – ұлт тарихында ерекше орын алып, ел жадында сақталған әулие аналар өмірінен сыр шертеді. Шәрбану Қонақбайқызы жасаған қасиетті аналар галереясы көзі ашық, көкірегі ояу талай ұрпақтың рухани азығына айналатынына сенімдімін. Біздің буын Фаризаны, Күләшті, Қанипаны, Марфуғаны, Ақұштапты, Шәрбануды жақсы біледі. Құрметтейді. Талай ұрпақ Фаризаның шығармашылығына шын сүйсінсе, Күләш пен Қанипаның, Ақұштаптың лирикасын жатқа оқыды. Шәрбанудың өміршең туындыларына тебіренді. Олар әдебиет арқылы қазақ қызының жаңа образын сомдады, жаңа тұлғасын бейнеледі. Олар сырлы да нұрлы шығармаларымен қазақ қызын тәрбиелей білді. Олар ана бола тұра, ақын бола тұра қиындыққа мойымай, әдебиеттен теріс айналмай, адалдығынан, азаматтығынан айнымады. Ардың ісі саналған әдебиет арқылы тұтас бір ұлтты тәрбиелеуге үлес қосып келе жатқан қазыналы қаламгерлерге деген ордалы оқу орны –
Қыздар университетінің ілтипаты ерекше. Бүгінгі жиын соның нақты айғағы десек артық айтқанымыз емес, – деді Г. Алдамбергенова
Сонымен қатар шара барысында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сара Латиева, қаламгер, журналист Заря Жұманова Шәрбану Бейсенованың қаламгерлік қолтаңбасы турасында әңгіме өрбітіп, естеліктерімен бөлісті. Жиында университет студенттері жазушыға қыз бала тәрбиесі, бүгінгі әдебиеттің жай-күйі және өзінің қаламгерлік жолы жайында сұрақтар қойып, толымды әрі пайымды жауап алды.
Айта кетейік, Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» жобасы шеңберінде бұған дейін «Сүйінбике» кітабы жарық көрген болатын. «Бозоқ аруы» – аталған топтамадағы екінші кітап.
«Фолиант» баспасынан шыққан жинақта археологиялық қазбадан табылған айымдар, сондай-ақ әйел-ана туралы мәліметтер фольклорлық мұрамен сабақтастырыла қаралып, танымдық, ақпараттық баян түрінде ұсынылған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқырманға жол тартқан бұл кітаптағы аналар галереясы – түркі аруларын жаңғыртып, олардың төл тарихымыздағы орнын айшықтап отыр.
Жазушы «Бозоқ аруында» Елорданың іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ару қаңқасына тіл бітіре отырып, елдік мәселенің иіріміне қатысты танымдық, тағылымды ойларды қозғайды. Бүгінгі елорда тарихы кешелі беріден емес, ежелгі дәуірлерде іргетасы қаланғанын, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ортағасырлық Бозоқ қаласы – Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы – қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады», деген сөзін басты дәйек ретінде алып, Бозоқ қаласын топырақтан аршыған археолог-ғалым Кемел Ақышевтің дәлелдерін, оның ішінде қазба жұмысы кезінде табылған әйел мүрдесінің екі жағына қойылған 800 інжу моншақтың табылуы мысалдармен айтылып, хикаяттың басты кейіпкері Шырақбектің түсіне елес болып тіл қататын Інжу арасында дамиды.
Кітаптың екінші бөлімінде автордың «Ұлы даланың ұлы анасы», «Адалдықтың ақ құсы – Бегім сұлу» атты екі шығармасы берілген. Бірінші туындыда Домалақ Ана хақында айтылса, екіншісінде – Бегім сұлу туралы аңыздың түп-тамыры зерделенген. Сонымен қатар, бұл бөлімде Жанат Аймұхамбеттің «Үкөк ханшайым кім еді?», «Үржар айымының оянуы»,
Болат Қорғанбековтың «Әулие аналар жайлы», «Лала бибі», «Әнуар ана», «Гаухар ана», «Айша бибі», «Ақбикеш», «Қарашаш» және «Ұлбике» туралы толғамдары оқырман назарына ұсынылып отыр.
Жандар АСАН,
Қыздар университетінің Баспасөз орталығының басшысы