ҮКІМЕТТЕ АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысында 2017–2021 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін қойған болатын. Қойылған міндеттерді ескере отырып, Үкімет биылғы жылдың шілде айында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендіріп, қайта бекітті.

Селекторлық отырыста ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Евниев жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы айтып берді. Сондай-ақ, салалық бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы баяндады. Мәліметтерге сәйкес, шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделген етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жүзеге асырылуда. Бұл үшін арнайы жеңілдетілген «Сыбаға» несиелік өнімі іске қосылған.

Осы секілді салалардағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы мәліметтерден соң Үкімет отырысында өңірлердегі Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы туралы Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әкімдері баяндады.

Түркістан облысы бойынша ақпарат берген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алғаш рет саланың 19 басым бағыты (оның ішінде: өсімдік шаруашылығы – 8, мал шаруашылығы – 7, қайта өңдеу, экспортты ұлғайту – 4) қарастырылған «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасы» әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісілгенін жеткізді. Нәтижесінде, етті мал шаруашылығын дамыту бағытымен 1850 бас ірі қара мал сатып алу жоспарланып, 11 айдың қорытындысымен 2798 басқа өтінім түсті (1,5 есе). 1581 басы мақұлданып, несиелері берілді. Тұңғыш рет облысымызда 6,5 мың тонна ет Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталып, республикалық көрсеткіштің 45,2 пайызын қамтыды. Ет экспортын одан әрі ұлғайту мақсатында желтоқсан айында өнеркәсіптік үлгідегі 10,0 мың бастық мал бордақылау алаңы іске қосылды (Сайрам ауданы «Нұрым груп» ЖШС – қуаттылығы 5,0 мың тонна, жоба құны – 3,5 млрд.тг.). 10 айда 174,0 мың тонна ет өндіріліп, 6%-ға (2017 ж. – 164,0 мың тн) артты.

«Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытымен 2025 жылға дейін 400 басқа дейінгі 44 (қуаттылығы — 10350 бас), 400 бастан жоғары 11 (қуатылығы — 4400 бас) тауарлы сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін «Қазына жер ЛТД» ЖШС-гімен қосымша 500 басқа сүт тауарлы фермасы кеңейтілетін болады. 10 айда 604,5 мың тонна сүт өндіріліп, 3,2%-ға артты (2017 ж.–585,6 мың тн). Суармалы жерлерді дамыту бағытымен ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 1,3 млрд.тг. қаржы қарастырылып, 29 нысанға ағымдағы, 4 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 9,8 мың га жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, 3,3 мың га қайта айналымға енгізілді», — деді Ж.Түймебаев.

Өз сөзінде өңір басшысы Үкімет басшысынан Түркістан облысында «Ислам даму банкі», «Европа қайта құру және даму банкі», «Халықаралық қайта құру және даму банкімен» бірлесіп іске асатын ауқымды жобалар бар екенін, аталған жобалардың мерзімінде іске асуына қолдау білдіруін сұрады.

Баяндамасында әкім қарқынды бау шаруашылығын дамыту бағытымен 2025 жылға дейін қосымша 22,5 мың га-ға жеміс-жидек, жүзім егу жоспарланып отырғанын жеткізіп, Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру бағытымен 798,0 мың га егістіктің толығымен электронды картасы жасалынғанын, сонымен қатар, 2,9 млн. га жайылымның 26,3% цифрландырылғанын мәлімдеді.

Жалпы, Түркістан облысында Мемлекеттік бағдарламада көзделген индикаторларға қол жеткізу мақсатында әр ауылдық округтен тұратын 15 аймақтық бағдарлама әзірленуде. Сонымен қатар, Министрліктің ұсынысына сәйкес көзделген индикаторға қол жеткізбеген саяси және А корпусы лауазымдарының жауапкершілігін қарау жөнінде шаралар қабылдануда. 2018 жылғы 10 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 475,6 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,4%-ға орындалды (жоспар – 103,9). Бұл көрсеткіш республикада 2-орынды көрсетіп отыр.

Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев мемлектетік бағдарламаның көрсеткіштерінің өзгеруінің оң динамикасын атап өтті. Дегенмен, бірқатар облыстардың көзделген нәтижелерден артта қалып отырғанын да айтты. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп жыл соңына дейін барлық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуді және АӨК дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасын қамтамасыз ету тапсырылды.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі