Маңғыстау облысының мемлекеттік қызметшілері жыл сайынғы медициналық тексеруден өтуде

«Нейрон» медициналық орталығы мемлекеттік қызметшілерге тегін қызмет көрсетуде. Кестеге сәйкес мемлекеттік қызметшілер дәрігерлердің қабылдауында болып, тегін медициналық тексеруден өтуде. Бұл шараның мақсаты аурулардың алдын-алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілер терапевт мамандарының тексерісінен өтеді және флюорография, қан, зәр талдауы секілді медициналық қызметтер алады.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілер профилактикалық жылдық медициналық тексеруден өтіп қана қоймай, жұмыс уақытында дәрігерлердің кеңесіне жүгіне алады.

Бұл шара денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті ұйымдастырып отыр.

Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Қалампыр Уәзірованың айтуынша, кәсіби мемлекеттік аппаратты құру және халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік қызметшілердің әл-ауқаты мен денсаулығына баса назар аударылады.

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндамасына сәйкес аймақтарда мемлекеттік қызметшілерге арналған денсаулық сақтау қызметтерін жақсарту көзделген. Мемлекеттік қызметшілерге профилактикалық шараның маңыздылығы түсіндірілді және олар медициналық тексеруден өтуде белсенді. Айта кету керек, бұл бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағытындағы жобаны іске асыру мақсатында және агенттік төрағасымен бекітілген Кешенді жоспарға сәйкес жүргізілуде», — дейді ол.

Бүгінде «Нейрон» медициналық орталығы мемлекеттік қызметшілерге медициналық қызмет көрсететін бірыңғай орталыққа айналды деуге болады. Себебі олар кеңес алып, емдеу шараларын пайдаланып, жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеруден өтуіне кедергі жоқ.