Бекіремізді браконьерлерден қорғау қиын болып тұр
Елімізде «Бекіре-2016» балықтарды қорғау акциясы шеңберінде 1217 заң бұзушылық әрекеттер анықталған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Атап айтқанда, 915 заңсыз аулау, 56 кеме қатынасы режимін бұзу, 68 балықты заңсыз тасымалдау және 22 балықты заңсыз сату деректері белгілі болып отыр.
ҚР АШМ, ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК және мүдделі орталық мемлекеттік органдардың қолдауымен өткізілген акция екі айға созылса, қысқа мерзімде браконьерлерден 31 тоннадан аса балық тәркіленді. Оның 23 тоннасы бекіре тұқымдас балығы мен 3,5 келісі уылдырық. Бұған қоса, 2290 аулау және 146 жүзу құралдары бар. Нәтижесінде, балық ресурстарына келтірілген залал 6,8 млн. теңгені құрап отыр.
-Құқық және табиғат қорғау органдары бағалы балық түрлері уылдырық шашу маусымында заңсыз балық аулауға, өткізуге, сатып алуға және оларды заңсыз тасымалдауға жол бермеу үшін бірлесіп жұмыс атқарады. Осы арқылы балықтардың, соның ішінде бекіре тұқымдас түрлерінің уылдырық шашу орындарына кедергісіз жетуіне қолайлы жағдай жасаймыз,-дейді мамандар.
Айта кетейік, аталған акция жыл сайын 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында еліміздің Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында өткізіледі.
«ЕлАна»