Аналар жанайқайы жаңсақ болып шықты
Күні кеше ғана Талдықорған қалалық әкімдікте күтпеген оқиға болды. Оншақты көпбалалы аналар «Алтын» мен «Күміс» алқаларынан бас тартып, қайтарып береміз деп дау шығарды. Оған себеп болған аналардың басты наразылығы пәтер алу кезегінде жылдар бойы тұрса да қол жеткізе алмағандығы болып отыр. Ашынған аналардың бірауызды пікірі; «Бұл орден, медальдар бізге қажет емес, өйткені билік тарапынан ешбір құрмет жоқ. Пәтер алу кезегін жылдар бойы тосып, ала-алмағандықтан осындай шараға баруға мәжбүрміз», — дейді.
Тіпті олардың судай жаңа пәтерлерді тұрғын үй комиссиясы кімдерге беріп жатқанын білу үшін тәуелсіз бақылаушы енгізу туралы ұсыныстарын да Талдықорған әкімдігі мақұлдамай отырған көрінеді. Осы көпбалалы аналардың ішінде сегіз жыл бойы кезекте тұрған Динара Мәстекова мен Айнагүл Топмамбетовалар да бар. Олар пәтерлердің әділетті беріліп жатқанына күмәнді. Жылма-жыл жүздеген және оданда көп пәтерлер тұрғындарға беріліп жатса да кезектері жылжымайды екен. Сондықтан бармақ басты, көз қыстымен талай адамдар жолын тауып баспанаға ие болып жатқанына қатты ашыныпты.
— Бұл жерде сыбайлас жемқорлық жетерлік. Осыған байланысты тұрғын үй комиссиясының жұмысын кезегі бар барлық категориялардың өкілдері бақылау қажеттігі туындап отыр, — дейді тұтынушылардың құқығын қорғайтын қоғамның төрағасы Әмір Газалиев.
Ал Талдықорған қалалық әкімдік шенеуніктерінің өз уәждері бар;
— Біз бүгін банктерге қаржы құю мүмкіншіліктері бар азаматтармен ғана жұмыс істеп жатырмыз. Қазір 4485 отбасы тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Келешекте көпбалалы аналарға үйлер салынатын болса, олардың ұсыныстары ескеріледі, Әзірше бірде-бір шаршы метр олар үшін қол жетімді емес, — дейді Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев мырза.
Ақиқатын айтсақ бұл дау-май күні кеше басталмапты. Талдықорған қалалық баспасөз хатшысы Данияр Жанысов хабарлауынша қараша айының басында Талдықорған қаласының әкімдігіне көпбалалы аналар келіп, он жылдан бері кезекте тұрса да пәтер ала алмай жүргендері жайлы арызданған екен. Мұндай өтініштен кейін Талдықорған қаласы әкімінің өкімімен аталған мәселені анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Осы топ мүшелері көпбалалы аналардың өтінішінің қорытындысын арызданушылар мен қоғам белсенділері алдында көпбалалы аналардың құжаттарын қарау барысында мәлім болған фактілерді жариялаған. Келтірілген фактілерге сүйеніп, бірнеше азаматшаның өз жағдайын әдейі мүшкілдендіріп отырғаны белгілі болған. Атап айтсақ, «Күміс» және «Алтын» алқаларынан «бас тартқан» Динара Мәстекованың әлеуметтік баспана кезегіне тұрғанға дейін бірнеше жылжымайтын мүліктері болған. Оның ішінде пәтер, жер телімдері, коммерциялық нысандар да бар. ҚР заңнамасына сәйкес аталған азаматша мұндай меншіктері бола тұра кезекке де қойылмауы мүмкін екен.
Сонымен қатар Мадина Тәуірбаева, Жанар Бейсенбаева, Эльмира Смагұлова және Айгүл Исаеваның бұған дейін мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып, сол пәтерде тұрып жатқаны анықталды. Ал бұл факт олардың екінші рет пәтер алуға мүмкіндігі болмайтынын білдіреді. Сонымен қалған азаматшаларға пәтер кезек бойынша ғана берілетіні түсіндірілді.
Ал прокуратура және мемлекеттік істер жөніндегі департамент қызметкерлері көпбалалы аналардың әрқайсысының ісін мұқият қарап, өтініштеріне сәйкес жауап бермекші.
Белгілі болғанындай бұған дейін БАҚ беттерінде және интернет жүйесінде Талдықорғанда күміс және алтын алқа иелері өз алқаларынан бас тартып, әкімдікке тапсырғандары туралы мәлімет тараған болатын. Қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бірде-бір алқа ғимаратта қалдырылмаған. Барлығы көпбалалы аналардың өз қолдарында екен.