Мəулен ƏШІМБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары : Әкем айтқан үш өсиетпен өмір сүріп келемін

– Əкем Сағат Əшімбаевтың есімі елге белгілі. Оның маған айтқан үш өсиеті əлі күнге дейін жадымда. Ол тек маған ғана емес, бүкіл қазақ баласына айтқан ақылы деп білемін. Өскелең ұрпаққа керек болар деген оймен сендермен бөліскенді жөн көрдім. Біріншісі – «үлкен мақсат жолында еңбек ет. Ол дегеніміз – халқына қызмет ету, қиын сəтте жыртығына жамау бола білу. Ұлт пен туған жерге қызмет ету ешнəрсемен өлшенбеуі керек». Екіншісі – «адал бол! Ел алдында жүзің жарқын болсын! Басыңа түскен істе өзге туралы ойыңды сол адамның өзіне ашық айт. Адамдар мен айналаңа адал бол». Соңғысы білімге қатысты. Əкемнің өзі білімге құштар болғандықтан, бізді де сауатты, білімді болуға үгіттеді. «Кітапты жүйелі оқы. Қолға түскен шығарманы парақтай бергенше, сыннан өткен, мағынасы терең əңгімелерге əуес бол», – деген. Əлі күнге əкемнен қалған үш өсиетпен өмір сүріп келемін.

«Ұлан» газеті, №44